27Ақп

Үйіңіздегі ауа таза ма?

Қыста үйдегі ауада ұсақ бөлшектер, ауыр металдар және улы молекулалар болуы ықтимал. Бұлар қайдан пайда болады? Бәлкім, сіздің ауа ылғалдатқышыңыз шығар?

Фото: Ерболат Шадрахов

Автор: Мерил Девис Ландау

Көпшілігіміз даладағы ауаның ластануын автокөлік газымен, автобустардан шығатын түтінмен, өндірістік қалдықтармен, тіпті орман өртінен шыққан түтінмен байланыстырамыз. Бірақ сіздің үйіңіздегі ауа әсіресе қысқы уақытта одан да лас болатынын елестете аласыз ба? Себебі үй уақытымыздың 70 пайызын (егер сіз қашықтан жұмыс істейтін 35 пайыз жұмысшылардың қатарында болсаңыз, одан да көп) өткізетін орын болғандықтан, бұл токсиндердің денсаулығыңызға әсер етуі әбден мүмкін.

Сырттағы ластаушы заттар таза ауа туралы заңнамамен реттеледі, бірақ ешбір заң сіздің үйіңізде не болып жатқанын реттемейді. Соған қарамастан, үй ішіндегі токсиндер қысқы уақытта жүрек-қан тамыры аурулары, созылмалы қабыну, қатерлі ісік сияқты ауруларды шақырады. «Тіпті кейбір зерттеулерде оны беймезгіл өліммен де байланыстырады»,  – дейді Beth Israel Deaconess медицина орталығында пульмонолог және жансақтау бөлімінің дәрігері Николас Насикас. Ол 2024 жылдың наурыз айында Америкалық торакалды қоғам үшін бөлмелердегі ластану мәселесі туралы жазылған есептің бірлескен авторы болды. Бұл есепте бөлмелердегі лас ауаның сыртқа таралу жолдары зерттеліп, оның қоршаған орта мен адам денсаулығына төндіретін қауіп-қатерлері қарастырылған.

Үйдегі ауаны ластаушы заттардың құрамында өкпе арқылы қанға ене алатын ауадағы химиялық заттар мен металдардан бастап, ұсақ бөлшектерге дейін болады. Үй ауасын ластайтын заттарға ағаш пештер, алауошақтар, майшамдар және ас әзірлеу барысында қолданылатын көптеген зат кіреді.

Жаңалықтарда газ немесе ағаш пештер үйдің ауасын ластағыш ретінде айтылғанымен, негізгі себепкері – ультрадыбысты ылғалдатқыш. Бұл құрылғылар қапырық бөлмелерді тұман секілді бумен салқындатып, ылғалдандыру үшін жоғары жиілікті дірілді пайдаланатындықтан, кей жағдайда ауада тұрып қалатын ауыр улы металдарды шығаруы мүмкін.

«Қыс айларында ауа құрғақ болғанда, су тез буланып кетеді, бірақ суда болған барлық бөлшек сол күйі қалады», – дейді осы мәселені жан-жақты зерттеген маман, Вирджиния штатының Блэксбург қаласындағы Политехникалық университеттің  қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары инженері  Андреа Дитрих.

Ультрадыбыстық ылғалдатқыштардан бөлінетін бөлшектерді жұту аса қауіпті

Үйіңізде тұрған ультрадыбыстық ылғалдатқыштың қаншалықты қауіпті екені пайдалану жиілігі, ішіне қандай су құятыныңыз секілді факторларға байланысты. Көптеген нұсқаулықта тек дистилденген немесе кері осмос арқылы тазартылған суды қолдану ұсынылады. Алайда АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының зерттеушілері  жүргізген зерттеу барысында респонденттердің шамамен төрттен бірі әдетте ылғалдатқыш немесе басқа да тыныс алу құрылғыларын кран суымен толтыратынын хабарлады.

Дитрихтің зерттеулері көрсеткендей, кейбір су құбырлары арқылы ағатын су ауада тұрып қалатын нейротоксиндер, соның ішінде күшән мен қорғасын бөліп шығарады. Бұл химиялық заттар белгілі  мөлшерде су ішкенде қауіпсіз шығар, алайда оларды дем арқылы жұту қатерлі болуы ықтимал.

«Біз су ішкенде немесе ылғалдатқыштан шыққан ауамен сегіз сағат бойы тыныс алғанда төнетін қауіп қаншалық екенін зерттедік, – дейді Дитрих. – Сіздің көбірек жұтатыныңыз өз алдына, бұл зиянды заттар  ауамен бірге жұтылғанда көбірек улы болады».

Тіпті ішке қабылдайтын кальций мен магний секілді минералдар тыныс алу жолдары үшін қауіпті болуы мүмкін. «Өкпеміз тыныс жолдарын бітеп, дем алуды қиындататын мұндай түйіршіктерге арналмаған», — дейді Дитрих.

Көптеген химиялық зат ультрадыбыстық ылғалдатқыштың маңында жиналады, бірақ кейбірі бөлмеде қозғалып, сіздің кереуетіңіз орналасқан аймаққа жетуі мүмкін. Балалар әсіресе сезімтал, себебі олар дене салмағына шаққанда ересектерге қарағанда көбірек ауа жұтады. Дитрихтің бір зерттеуінде ылғалдатқыштың қалыпты әсері модельденіп, нәтижесінде бұл құрылғыны нашар желдетілетін шағын бөлмелерде пайдалану  балалардың миы мен өкпесінде металл марганецінің қауіпті деңгейіне әкелуі мүмкін екені анықталды.

Ағаш, газ немесе шырақтар жағу денсаулыққа зиянды ластаушылардың ауамен таралуына әкеледі

Мұнай, керосин, газ, көмір немесе ағаш жағу кезінде бөлінетін ластауыштар қыста бөлме ішінде жиналатын токсиндердің тағы бір негізгі көзі.

 Азот оксиді мен ұшып жүретін органикалық қосылыстар көз бен мұрынды,  жұтқыншақты тітіркендіреді, ал ауыр жағдайда орталық жүйке жүйесіне зақым келтіруі мүмкін. Сонымен қатар жану процесі ұсақ бөлшектерді немесе PM2.5-терді – диаметрі 2,5 микрометр немесе одан кіші бөлшектерді шығарады. Егер бұл бөлшектер қанға немесе өкпенің терең қабаттарына жетсе, олар тыныс алу және жүрек ауруларына, сондай-ақ респираторлық вирустардан болатын асқынуларға  себепкер болады.

Орташа есеппен алғанда, PM2.5 бөлшектерінің жартысы сыртқы ластаушы заттардан үйге кіреді, ал қалған жартысы үй ішінде жану процесінің нәтижесінде пайда болады.

Үйлерді жылыту үшін қолданылатын ағаш пештер мен алауошақтар ең қауіпті ластаушылар қатарына жатады. Пропан алауошақтары  аз мөлшерде (көп бөлігі жанып кетеді) болса да PM2.5 бөліп шығарады.

Әрине бұл құрылғылар түтінді үйдің сыртына шығарады, бірақ сонда да кейбір бөлшектер бөлмеде қалып қояды. «Сыртқа шығарылған түтіннің  бір бөлігі  ауасы үнемі қозғалыста болатын ескі үйлерде жарықтар мен саңылаулар арқылы, сондай-ақ терезелер мен есіктер арқылы қайта кіруі мүмкін», — дейді Насикас.

Тіпті майшамдар да жану процесінде пайда болатын ластаушыларды бөледі. Данияның бірнеше ондаған үйінде жүргізілген зерттеу қыста .й ішіндегі зиянды бөлшектердің 60 пайызға жуығы майшырақты күніне бірнеше сағат қолданудан пайда болатынын көрсетті.

.Ас әзірлеу – қатты бөлшектермен ластанудың негізгі көзі

Көпшілігімізде асүйде тамақты күйдіріп алатын сәттер болып тұрады. Тамақ пісірудің барлығы бөлмеге көптеген ластаушы зат шығаратын жылумен (отпен) байланысты. Әсіресе газды плита, өйткені ол адам тыныс жолдарына әсер ететін азот диоксиді мен формальдегид бөледі. АҚШ-та балалар демікпесінің шамамен 13 пайызы газды плиталармен байланысты.  Иллинойс және Калифорния сияқты кейбір штаттарда бұл көрсеткіш 20 пайызға дейін жетеді.

Электр плиталарының да қауіп төндіретін жағдайлары бар. Егер сіз плита қосылғанда күйген иіс сезсеңіз, «бұл жоғары температурада аэрозольге айналған лас қалдықтар», — дейді Насикас.

Тағы бір фактор – кешкі ас. Бұқтырылған тамақтар, пісірмелер, қуырылған тауық және басқа да майлы тағамдар қыстың суық кешінде ішіңізді жылытса да, олар көп мөлшерде PM2.5 бөлшектерін шығарады. Майға қуыру – ауаны ең көп ластайтын процесс, бірақ пеште нан, тоқаш пісіру де қауіпті.

«Лазаньяны пісірген кезде жылу мен сүзу процесі көптеген ұсақ бөлшек тудырады және олар пеште қалып қоймайды», – дейді Берклидегі Калифорния университетінің экологиялық инженерия сарапшысы Уильям Назарофф.

Building and Environment журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, барлық бөлшектің концентрациясы тағам пісіргеннен кейін көп ұзамай шыңына жетеді, бірақ кейбіреулері ас үйлер мен қонақ бөлмелердегі ауада тіпті 10 сағаттан астам уақыт сақталуы мүмкін.

Ауаны желдетіп, сүзгіден өткізіңіз, бірақ сонымен қатар ластануды азайтуға тырысыңыз

Ашық ауадағы ластанудан айырмашылығы, адамдарға үйдегі ауаны бақылау қиынға соғады, ал оның әсерінің кем дегенде бір бөлігін азайтуға болады. Тамақ пісіру кезінде сорғышты қосып, қазанды плитаның артқы көзіне қойыңыз, сонда зиянды шығарындының көп бөлігі желдеткішке тартылады. Егер күн қатты суық болмаса, жақынырақ терезені ашып қойыңыз.

Құбыр суынан (тіпті сүзгіден өткен болса да) аулақ болу ультрадыбыстық ылғалдатқышты қауіпсізірек етуі мүмкін. Басқа балама – минералдарды ішінде ұстап қалатын баяғы термальды ылғалдатқыштарға көшу. Сонымен қатар, кез келген ылғалдатқышты тазалау кезінде ауаны ластайтын қалдықтар қалдыратын химиялық заттарды қолданбаңыз; жай суық сумен жуып, кептіріп қойыңыз.

Барлық ағаш отын қолданылатын жылытқыштарға, алауошақтар мен газ плиталарына өндірушілердің нұсқауларына сәйкес жүйелі түрде техникалық қызмет көрсетіп отырыңыз, сондай-ақ жаңа, тар үйлерде ауа айналымы үшін пайдаланылатын механикалық вентиляция жүйелерін тексеріңіз.

Жекеленген ауа тазартқыштар көптеген ластаушы затты кетіруге көмектеседі. Егер сіз оларды үйдегі негізгі жылу көздеріне жақын орналастырсаңыз, олар тиімдірек жұмыс істейді. Мысалы Building and Environment зерттеуі анықтағандай, оны қонақ бөлмеге немесе жатын бөлмеге емес, ас үйге орналастыру үйдегі PM2.5 бөлшектерінің айтарлықтай азаюына әкелді.

Алайда, желдету мен сүзгіден өткізуден гөрі, ең алдымен токсиндердің пайда болуын болдырмау маңызды. Егер ағаш отынды немесе газды құрылғылар бұзылса, орнына электрлі баламаларын сатып алыңыз. Сондай-ақ, үй ішінде қажетсіз бөлшектер шығаратын басқа да заттарды мейілінше азайтыңыз.

«Менің балаларым  өздерінің туған күн торттарында майшырақ болмауы керек деп әзілдейді, бірақ мұнысы ақиқаттан алыс, біз қазір электр шырақ қолданамыз, алауошақ немесе ультрадыбыстық ылғалдатқыштарды пайдаланбаймыз», — дейді Назарофф. Ол кейде өзі сүйіп жейтін рататуй жасау үшін көкөніс қуыру қажет болғанда, «мен әрдайым пештің артқы көзіне қойып пісіремін және шулы болса да, сорғышты пайдаланамын».

Ағылшын тілінен аударған Сандуғаш Фазыл

Сізге мына материал да қызықты болуы мүмкін: Пингвиндер де «ажырасады»


Тағы да осындай қызықты мақалаларды оқығыңыз келсе, журналымызға жазылыңыз. Жаңа нөмір ай сайын үйіңізге келіп тұрады.