Автор: Мелисса Хобсон
Кішкентай көк пингвиндер үйрінің ыдырау жиілігі – климат өзгерісі мен тіршілік ортасының тарылуы жағдайындағы болашағын болжауға мүмкіндік беретін жаңа құрал.

Даг Гимесидің суреті/Табиғат суреттері кітапханасы
Сіз пингвиндердің өмірлік жұп құратынын сірә да естіген боларсыз. Бірақ кішкентай пингвиндер бұл заңдылыққа бағынбайды. Аустралия мен Жаңа Зеландияда мекендейтін осы кішкентай құстар бірге басып шығаратын балапандардың санына қанағаттанбаса, серіктерімен ажырасады.
«Ажырасу мен интимдік қарым-қатынас жергілікті үйір тіршілігінің маңызды бөлігі», – дейді Уэльстегі Суонси университетінің пингвин жөніндегі сарапшысы Рори Уилсон.
Зерттеушілер пингвиндердің ажырасу саны олардың үйірінің репродуктивті өсімталдығына теңіз температурасы мен жем табу сияқты факторлардан да көбірек ықпал ететінін анықтап отыр.
Бұл жайт зерттеушілерге үйір саулығын алдын ала болжау және оларды түрлі зиянды ықпалдардан қорғау тұрғысынан пайдалы болмақ, өйткені климат өзгерісі салдарынан пингвиндердің тіршілік ортасы жылынып бара жатыр.
Кішкентай көк пингвиндер
Кішкентай көк пингвиндер (Eudyptula minor), сондай-ақ кішкентай пингвиндер немесе ертегі пингвиндері деп танылған. Олар ғаламшардағы пингвиндердің ең кішкентай түрі, бойлары орта есеппен 30,5 сантиметрге жетеді.
Мельбурнның оңтүстік-батысындағы Филлип аралында 30 000-ға жуық кішкентай құс мекендейді. «Бұл – әлемдегі кішкентай пингвиндердің ең үлкен үйірі», – дейді Монаш университетінің биологі, Ecology and Evolution журналында жарияланған пингвиндердің ажырасуының таңғаларлық салдарларын зерттеу материалының бірлескен авторы Ричард Рейна.
Күні бойы теңізден азық іздеген пингвиндер тау баурайындағы ұяларына қайта оралады. Үйірдегі кейбір құстар арнайы ұяларда тұрады және үй жануарлары сияқты микрочиптелген. Ғалымдар соның көмегімен олардың кез келгенін сканерлеу арқылы мәліметтер жинай алады.
«Сіз жай ғана құрылғыны қосып, батырмасын бассаңыз, ол сізге бірден үйде кім бар екенінен хабардар етеді», – дейді зерттеуге қатыспаған Уилсон.
Қыркүйектен ақпанға дейінгі көбею маусымында зерттеушілер арнайы ұяшықтардағы қандай құстар жұп құрғанын немесе «үйленгенін», қашан жұмыртқа салатынын, балапаны қашан шығатынын жазып отырады. Олар сондай-ақ қай жұп «ажырасқанын» да тіркейді.
Пингвиндер қалай ажырасады?
«Бұл аздап әділетсіздік сияқты болғанымен, жұбы әлсіз болып көрінген пингвин «Мен басқа біреуді табайын, сонда бәрі бұдан жақсырақ болады» деп ойлауы мүмкін», – дейді Уилсон. Пингвиндер ұрпақ өрбіте алмаған жағдайда жиі ажырасады.
Бірақ бұл өте қауіпті тактика. «Жаңа серігі алдыңғысынан жақсы емес, тіпті нашар болып шығуы да ықтимал», – дейді Рейна.
Уилсонның айтуынша, жаңа серік тауып, онымен қарым-қатынас орнату үшін уақыт керек және біршама әбігерге түсу қажет. Бұл қарым-қатынас орнатамын деп жүргенде «көбею маусымын өткізіп алу қаупі бар» екенін де білдіреді.
Рейна және оның әріптестері пингвиндер көбеюінің қатарынан 13 маусымындағы ажырасу көрсеткіштерін зерттеді. Орта есеппен алғанда, шамамен әрбір төртінші жұп жыл сайын жаңа серік табады. Кейде ажырасу көрсеткіші бір жылда 20 жұптың біреуі, келесі жылы үш жұптан біреуі деңгейінде болуы мүмкін. Рейнаның айтуынша, ажырасу көрсеткіштеріндегі мұндай жоғары айырмашылық «күтпеген жағдай».
Сондықтан осы кішкентай құстардың күрделі махаббат майданындағы сәтсіздік бүкіл үйірдің жағдайына ықпал етуі мүмкін, яғни ажырасу деңгейі жоғары болған жылдары балапандар аз болады.
Осылайша, олардың ажырасу деңгейі туралы мәлімет үйірдің болашақтағы популяциясын болжау тұрғысынан теңіз температурасы немесе азық табу әдеттері сияқты қоршаған орта факторларына қарағанда, әлдеқайда сенімдірек құрал болып шықты.
Патша пингвиндері (Aptenodytes patagonicus), император пингвиндері (Aptenodytes forsteri), Адели пингвиндері (Pygoscelis adeliae) сияқты басқа пингвиндердің де ажырасатыны белгілі. Бірақ ажырасу көрсеткіші олардың үйірінің саламат-саулығына әсер ете ме деген мәселені әлі де зерттеу керек.
Кішкентай пингвиндерді қорғау маңызды
Филлип аралындағы пингвин популяциясының қазіргі жағдайы жақсы. «Кішкентай пингвиндер өздерін қоршаған ортаның қолайсыздығынан жақсы қорғайды», — дейді Рейна, өйткені олар қай жерде және қанша уақыт тамақ іздейтініне бейімделе алады.
Тірі қалудың тағы бір стратегиясы — азық-түлік тапшылығы кезінде балапандарын тастап кету. «Оларды көргенде жүрегім ауырады, өйткені үйірдегі балапандардың бәрі аштан өледі», — дейді Рейна.
Бірақ та қатыгездік болып көрінетін бұл әрекет ересек дарақты қорғайды, ол болашақта қайта көбейеді. «Балапаннан биыл бас тартқанымен, келесі жылы немесе одан кейінгі жылдары жұмыртқа басуға мүмкіндік туады», — дейді ол.
«Көбеюге әсер ететін факторларды түсіну олардың ұзақ мерзімді өмір сүруін бағалау үшін өте маңызды», — дейді зерттеуге қатыспаған Аустралиядағы Флиндерс университетінің мінез-құлық экологі Диана Коломбелли-Негрел.
Сарапшылар пингвиндердің ажырасу көрсеткіштерін негізге ала отырып, келесі көбею маусымдарының табыстылығын болжауға болады деп есептейді. Бұл өте маңызды, себебі адам әрекеттерінің мұхитқа әсері жалғасып жатыр.
«Осы пингвиндер жемін аулайтын Басс бұғазы жаһандық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жылдам жылынып жатыр», — дейді Рейна. Ғалымдар пингвиндер белгілі бір шекке дейін ғана қоршаған ортадағы өзгерістерге шыдай алады деп алаңдайды.
«Түптеп келгенде, бұл жерде қоршаған орта Құдайдың рөлін атқарады, – дейді Уилсон. – Егер балық болмаса, бәрі біткені».