3Ақп

Әлкей Марғұлан мектебіндегі National Geographic дәрістері

National Geographic редакциясы экологиялық бағыттағы оқу-ағартушылық жұмыстарын жалғастырып, биылға жоспарланған алғашқы іс-шараны Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткізуден бастады.

Кездесу барысында оқушыларға жалпы National Geographic туралы, оның алдына қойған мақсат-мүдделері туралы бейнероликтер көрсетіліп, қазақ тілінде жарық көретін басылымның тақырыптық бағыттары таныстырылды.

Журналдың жауапты редакторы Айбын Шағалақ жан-жануарлар мен өсімдіктер әлеміне, жаһандық экология мәселелеріне, география, жаратылыстанудан бастап, ғарышты игеру технологияларына дейінгі іргелі зерттеулерге қатысты мақалалардың қалай дайындалып, ұсынылатыны жөнінде әңгімеледі. Экология проблемаларына ерекше тоқтала отырып, жер жүзінің пластик өнімдермен қалай ластанып жатқанын, оның зардаптарын көрнекі түрде көрсеткен материалдарды мысалға келтірді.

Сонымен қатар, осы мақалаларды мұғалімдер мен оқушылар сабаққа қосымша материал ретінде пайдалануға, түрлі ғылыми жобаларға қолдануға болатынын айтып өтті.

Ал оқушылар экология, жан-жануарларды қорғауға, мамандық алуға байланысты сұрақтарын қойып, өздерін қызықтыратын жайттарға қанықты.

National Geographic редакциясы оқушылармен кездесуге жағдай жасағаны үшін мектеп директоры Жанкелді Сағынтайұлына алғыс білдіреді.  

Әлия Құлахметова,

Сүлеймен Демирел университетінің 4-курс студенті