20Ақп

Оригамиді ғарышта қолдануға бола ма?

Осы айдағы National Geographic санының мұқабасындағы мақалада ғасырлар бойы келе жатқан қағаз бүктеу өнері – оригамидің ғылым мен техникада, әсіресе ғарышты игеру ісінде жаңа мүмкіндіктер ашу үшін қалай қолданылатыны туралы айтылады. Тек ғылымға негізделген жобаның көркемдік элементтерін бөліп көрсету қиын болуы мүмкін, бірақ фотограф Крейг Катлер бұл тапсырманы орындай алды.

Мұқабаға қатысты идея оның ойына бірден келді: Күндердің күнінде агенттікке ғаламдағы тіршілік белгілерін анықтауға көмектеседі деп үміттенетін оригами стиліндегі ғарыш кемесі – NASA-ның Golden starshade прототипінің аэрофотосы.

«Суретке қараған адамдар оның не екенін білмеуі мүмкін. Бұл бүкіл оқиғаның тизері сияқты, – дейді Катлер. – Ол ең алдымен өнер, содан кейін – ғылым, сосын менің ойымша, болуы мүмкін ең жақсы нәрсе».

Біз америкалық фотограф әрі режиссер Катлермен журналдың ақпан айындағы нөмірінің мұқабасындағы жарқын суреттің тарихы туралы сөйлестік.

Оригами қатпарлары NASA-ның starshade прототипінің ішкі дискісін ұшыру үшін цилиндрге айналдыруға мүмкіндік береді, содан кейін жұлдыз жарығының ғарыштық телескопқа түсуіне тосқауыл қою үшін бұрылады. Фото: КРЕЙГ КАТЛЕР

Мұқабаның артында қандай оқиға жатыр?

Катлердің өнерді ғылыми пәндерден алудың жолдарын таба алатын қасиеті бар, ол көбінесе мәселелерді шешуді қажет етеді дейді.

Ол жоғарыдан жапырақшаларын ашып-жабатын, алтын фольгамен көмкерілген гүлге ұқсайтын керемет starshade әдемі жамылғы болатынын білді.

Оригами қондырғысын құру Катлердің Луисвиллдегі (Колорадо штаты) Tendeg, LLC қызметкерлеріне өз көзқарасының эскизін ұсынуынан басталған бірлескен жоба болды. Сондағы бірінші күнді ол өзінің жоспарларын командаға түсіндіруге және starshade-ді өмірге әкелудің ең жақсы стратегиясын анықтау үшін бірлесіп жұмыс істеуге арнады.

«Біз кеңістікке кіріп, инсталляцияны суретке түсіргенде нәзік және мұқият болуымыз керек еді, барлығы жобаға қатты құмартты», – дейді Катлер.

Мұқабада не бейнеленген?

Ғарышқа шыққан кезде gold starshade ғарыштық телескоптың алдында ұшып бара жатып, жұлдыздардың жарығынан көлегейлей алады, бұл ғалымдарға ғарыш тұңғиығын анық көруге мүмкіндік береді.

Starshade-тің ашылуы бірнеше ауырлық күшімен басқарылатын маятниктер мен салмақты шкив жүйесін қамтитын, 30 минутты алатын процесс. Одан кейін қалпына келтіруге 3 сағатқа жуық уақыт кетеді. Орналастырудың қиындығы және тапсырмаға берілген уақыт Катлердің сурет түсіруге үш күнде үш-ақ мүмкіндігі бар екенін білдірді.

Орнату жұмысының шынайы ауқымын көрсету үшін Катлер оны адамдармен де, оларсыз да суретке түсірді.

«Егер сіз инсталляцияны өзіңіз көрмесеңіз, оның қаншалықты үлкен екенін білмейсіз. Адамдарды қосу перспективаны көруге көмектеседі», – деген ол кадрдағы адамдардың кішкентай болғаны соншалық, оларды  starshade-тің айналасындағы араларға ұқсатты.

Авторы Эмили Мартин және Сильвия Мфоф

Қазақ тіліне аударған Әлия Құлахметова