29Ақп

Уақыттан жаңылып қалмаңыз

Фото: Pixabay

Наурыз айынан бастап Қазақстанның барлық өңірінде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілетіні белгілі. Сәйкесінше, еліміздің басым бөлігінде уақыт бір сағат артқа жылжытылады.

Атап айтсақ,  29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні 15 өңірдің –  Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті уақытты 1 сағатқа шегеріледі.

Осы күнге дейін Қазақстанда екі уақыт белдеуі – UTC+5 және UTC+6 қолданылып келді. Яғни Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары – UTC+5, қалған өңірлер UTC+6 уақыт белдеуінде болды. Сөйтіп былтыр осы екі уақыт белдеуін біріздендіру мәселесі көтеріліп, ақпан айынан бастап Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Мұның құрамына Астрофизика институты, Генетика және физиология институты, География және су қауіпсіздігі институты, Мұрат Айтхожин атындағы молекулалық биология және биохимия институты, Қазақ онкология және радиология зерттеуі институты ғалымдары мен сарапшылары, Парламент депутаттары кірді. Олар жыл соңына дейін Қазақстанда қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін жан-жақты зерттеп, зерделеді. Халықаралық тәжірибені де саралады. Мысалы, бүгінде әлемнің 175 елінде бірыңғай уақыт белдеуі қолданылса, 22 мемлекет бірнеше уақыт белдеуінде екен.

Соның бәрін саралаған жұмыс тобы еліміздің көптеген аймағы табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатынын, біріыңғай уақыт көлік-коммуникация, бизнес және басқа салалар үшін де қолайлы екенін ескеріп, UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс әрі тиімді шешім деген ортақ тұжырымға келген.

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді құптамағандар бір уәжі – бұл өзгерістің денсаулыққа кері әсері. Алайда медицина мамандары бұлай қауіптенудің қажеті жоқ екенін, өйткені бірдей уақыт биологиялық сағатпен де сәйкесетінін алға тартты. Тіпті осы пікірталас ауанында Денсаулық сақтау министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.

«Адам ағзасы тәулік бойы гормондардың әсеріне ұшырайды және іс жүзінде барлық сергу, ұйқы, белсенділік, стресс, қалпына келтіру процестері – жалпы организмнің жұмысы гормондардың түзілу уақыты мен деңгейіне тікелей байланысты. Гормондар түзілуінің тәуліктік циклі организмінің тәуліктік ырғақтарымен реттеледі, олар өз кезегінде табиғи, күн уақытымен басталады және синхрондалады. Бұл процесс басқа сыртқы факторларға бағынбайды. Организмнің уақытылы қалпына келуі, ұйқының сапасы, ояту және сергу кезеңдері, ақыл-ой белсенділігі – барлық осы процестер белгілі бір гормондардың деңгейімен өте жақсы реттеледі, сондай-ақ қатаң режім мен циклге ие. Сондықтан физиологиялық функциялардың күнделікті ырғағы тұрақты», делінген аталған министрліктің хабарламасында.

Сонымен қатар мұнда адам миының гипоталамус деп аталатын бөлігі басқаратын организмдегі биологиялық сағаттың рөлі жөнінде мағлұмат бар. Гипоталамус көру нервтерінен жарық пен қараңғылықтың өзгеруі туралы тікелей ақпарат алады және тәуліктік ырғақтың негізгі реттеушісі – мелатонин гормонын шығаруға жауап береді. Басқаша айтқанда, мелатонин – ұйқы гормоны, яғни ішкі биологиялық сағаттарымызды іске қосу серіппесі. Ол басқа гормондардың (өсу гормоны, пролактин, кортизол) бөлінуін белсенді етеді немесе тежейді.

«Қысқа мерзімде режімнің бұзылуы көбінесе иммунитеттің төмендеуіне, қатты шаршауға, ақыл-ой белсенділігі мен есте сақтау қабілетінің төмендеуіне және басқа да көптеген салдарға әкеледі. Табиғи емес уақыт белдеуінде ұзақ уақыт болу, әрине, дененің бейімделуіне әкеледі, бірақ денсаулыққа ауыр зардап тигізеді. Сондықтан сағаттық уақытқа жақын уақытты практикалық пайдалану ақылға қонымды және ең алдымен жас ұрпақтың денсаулығы үшін қажет», дейді медицина мамандары.