21Сен

Өртенген орман қалпына келуі үшін қанша уақыт қажет?

Қыркүйектің басында дүйім жұртты уайымға салған Қостанай облысындағы алапат өрт ауыл халқына да, табиғатқа да орасан залал келтірді. Әулиекөл ауданындағы орманнан шыққан қызыл жалын қаншама адамды баспанасынан, барынан айырды.

Фото: Мейірбек Тажкуранов

Ағайынның басына түскен бұл нәубетті жеңілдетуге еліміз түгел жұмылды. Мемлекет те тез арада жаңадан тұрғын үйлер салып беретінін айтты. Демек, көп ұзамай-ақ «орнында бар оңалатыны» анық. Ал табиғат ше?   

Фото: Мейірбек Тажкуранов

Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағанындай, өрт 43 мыңдай гектардан аса жасыл желекті шарпыған. Бұл тек орман аймағы емес: егістік жерлер, жалпы пайдалану орындары мен жайылымдар да бар. Биолог ғалым Мария Зейнелова бұл жағдайды «ғаламдық қасірет» деп бағалап отыр.  

‒ Табиғат мен жануарлардың қалыпқа келуі үшін көп уақыт керек. Орманда қызыл кітапқа кіретін өсімдіктер мен аң-құс көп еді. Мұндағы қарақұс, аққұйрықты субүркіт – қызыл кітапқа енген ірі жыртқыш құстар. Олар небары екі балапан басады, үш немесе одан көп балапан басуы сирек кездеседі. Ал қарағайды ғасырлық деп атайтын себебі – олар үшін бір ғасыр 10 жылға тең. Cондықтан бұл ағаштардың қалыпқа келуі үшін кем дегенде 80 жыл керек. Бұрын табиғат пен адамзат арасында сәйкестік, тепе-теңдік болды, ал қазір адамдар бәрін өз қолымен құртып жатқаны өкінішті. Себебі орманның азаюы оттегінің жетіспеуіне алып келеді. Мысалы, қарағайлар фитоцид бөледі, ал бұл барлық микробты өлтіреді. Қаншама өсімдік емдік қасиеттерімен адам ауруларына шипа бола алады. Онсыз да Жер планетасында оттегі жетіспейді. Ал мұндай өрттің салдары адамның денсаулығына кері әсер етеді, – дейді Мария Зейнелова.   

Фото: Сергей Миронов

Профессор, биология ғылымдарының докторы Наталья Петровнаның да пайымы осыған ұқсас. Ол жердегі құрт-құмырсқаның өзі адам тіршілігі үшін қажет екенін айтады.

– Табиғат өзін-өзі сауықтырады, алайда ол үшін ұзақ уақыт керек. Жауын болса, өсімдіктердің өсіп шығуына ықпалы тиер еді. Ал құрғақшылық болса ше? – дейді. Оның ойы біржылдық және көпжылдық өсімдіктер көп, олардың санын есептеу мүмкін емес дегенге саяды.

Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап елдегі ең қалың орман саналады екен. Қызыл жалынның құрсауында қалған жасыл алқапта көктерек, қайың, қарағай ағаштары өскен. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми өкілі Олжас Беркінбаевтың келтірген мәліметі бойынша өңірдегі мемлекеттік орман қорының ауданы – 1,1 млн гектар. Оның ішінде орманмен жабылған ауданы – 270 мың гектар.

– Қалпына келтіру мәселесін мамандардан сұрадық. Ол үшін өрт болған аумақты түгел тазалап шығу керек екен. Содан кейін ағаш егіледі. Оған біраз жыл қажет. Оны алдағы уақытта есептеп, айтамыз. Қазақстан орманды мемлекет емес. Жаңылмасам, еліміздің 5 пайызы орманмен қамтылған, – дейді ол.

Фото: Сергей Миронов

Қазіргі кезде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қостанайдағы өрттің табиғатқа келтірген шығынын есептеуді қолға алды.

Шығынды есептеу бойынша комиссия мүшесі, Қостанай облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының жетекшісі Рүстем Каркеновтың айтуынша, тексеру жұмыстары қыркүйектің 15-нен 23-не дейін жүреді және әрі қарай да жалғасуы мүмкін. Комиссия құрамында «Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы» өкілдері, әртүрлі құрылымдар мен инспекиялардан жиналған 18 адам бар. Олар орманның өртенген аумағын тексеріп, орман шаруалығы мен жануарлар әлеміне келген шығынды есептемек. Рүстем Каркенов аң-құстардың басым бөлігі орман отқа оранған кезде қашып үлгергенін, яғни аман қалғанын айтады. «Қазір шығынды есептеп жатырмыз. Өртеніп кеткен жануарлардың саны көп болмайды деп болжап отырмыз. Әсіресе, өрт тұтанған Басаман орман шаруашылығында аз болуға тиіс. Мұнда ашатұяқтылардың ішінде, негізінен, елік пен бұлан тіршілік етті», дейді комиссия мүшесі. 

Ол «Басаман» орман шаруашылығында жағдай тәуірлеу екенін алға тартты, өйткені бұл жердің шамамен 50 пайызы зардап шекті. Ал «Семиозерный» қылқан жапырақты орман алқабында шамамен 85 пайыз аумақ тілсіз жаудың құрбаны болды. Түсінікті болуы үшін айта кетейік, «Семиозерный» орман шаруашылығы Лесной ауылында, ал «Басаман» орман шаруашылығы Бағаналы ауылында.     

‒ Жалпы, Қостанай облысында 11 орман шаруашылығы болса, оның үшеуі қылқан жапырақты жасыл желек. Олар: өртенген «Басаман», «Семиозерный» және апаттан аман қалған «Арақарағай». Яғни, Қостанай облысында көбіне қылқан жапырақты орман. Осы ормандар өртенді. Орманмен қатар жазық жерлерді қоса алғанда, өртеніп кеткен аумақтың көлемі шамамен 43 мың гектар. Ал тек орман алқабы – 32 мың гектар. Ағаштардың қарағай, қайың, көктерек деген үш түрі өсті, ‒ дейді Рүстем Каркенов. 

Зардап шеккен негізгі ағаштар орман шаруашылығында 70-80 жылдан бері өсіп келеді. Демек, орманның қалыпқа келуі үшін осынша уақыт керек екен.

Фото: Бердіболат Ғабуллин

‒ Ағаштардың жасы әрқилы. Жасырақ ағаштар да болды: жақында ғана еккен екі жылдық та, 40-50 жылдық та ағаштар бар. Сондықтан ормандардың өртенгенге дейінгі қалпына қайта келуі үшін қыруар қаражат пен бірнеше онжылдық уақыт кетеді. Өйткені ағашты екі жасына дейін питомникте өсіру керек, сосын далаға отырғызуы, суаруы бар. Жердің ағашты қабылдауына ауа райы да әсер етпек. Мәселен, құрғақшылық болса, кейбір ағаштар өліп қалуы да мүмкін. Мұның бәрі қажырлы еңбекті талап етеді, ‒ дейді Рүстем Каркенов.     

Күйген ағаштарды кесу, аумақты күл-қоқыстан толық тазартудың өзі 3-5 жылға созылуы мүмкін.

Скляренко Сергей Львович, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы директорының орынбасары, б.ғ.к.

«Қанаттанып үлгермеген балапандар ғана өрттен қашып құтылмауы мүмкін»

‒ Өртенген аймақта сирек кездесетін құстар тіршілік еткенін білемін. Оның кейбірі қызыл кітапқа кіреді. Сирек кездесетін қарақұс, ителгі, аққұйрық-субүркіт ұя салып келді. Басқа құстардың ішінде: жағалтай,  құладын, тұрымтай, бөктергі, жапалақ, ақсары, кәдімгі күйкентай, қара кезқұйрық және т.б. болды. Сонымен қатар күзгі миграция уақытында ұшып өткен жыртқыш құстардың түрлері де кездесуі мүмкін.    

Енді, әлбетте, орман қалпына келмей, құстардың ұя салуы мүмкін емес. Ол үшін мекен етер орнында жағдай жасалып, азық қоры болуы керек. 

Өрт басталған кезде құстар ұшып кетіп үлгерді деп ойлаймын. Барлық құстың ұя салатын маусымы өтіп кеткендіктен, балапандар ұяда болмауға тиіс. Құстар көктемнің соңынан жаздың ортасына дейінгі аралықта ұя салады. Әрқайсысының уақыты әртүрлі. Қанаты қатайып үлгермеген балапан құстар ғана өрттен құтыла алмай қалуы мүмкін.

Фауна қалыпқа келе бастады…

Мамандардың сөзінше, аң-құстар да адам сияқты өрттен шошынып қалатын жағдай болады. Дегенмен, өрттен кейін кейбір жануарлар біртіндеп келе бастаған. Мысалы, Қостанай облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының жетекшісі Рүстем Каркенов елікті көргенін айтады.

Мұндай ауқымды, үлкен аумақты қамтитын өрт бұрын-соңды Қазақстанда болмаған екен. Қостанай облысында шамамен 2000 жылдардың басында қарағайлы Арақарағай орман шаруашылығында 5 мың гектар аумақты өрт жалмаған. Қазір ол қалыпқа келіпті. Негізінен, орман өрт  тұтану қаупі зор аумақ саналады. Мамандар кішігірім өрт жылда болып тұратынын айтады. Сол үшін де сәуір мен қазан айының аралығында өрт қаупінің алдын алу маусымы деген бар.  

«Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының» ғылыми қызметкері Марина Зейнелова енді осы жағдайдан сабақ алып, материалдық базаның талапқа сай болмауы, өрт техникаларының нормасы сақталмайтыны сияқты кемшіліктерді жою керектігін айтады. Сондай-ақ кадр мәселесі де өзекті. Орман шаруашылығында еңбектеніп жүрген мамандар мен өрт сөндірушілер жалақысының аздығынан, бұл салада біліктілігі жоғары адамдардың да тапшы болуы қынжылтады.     

«Реликті қарағайлар жойылып кету алдында тұр»

Сергей Кожевников, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің биология және экология кафедрасының аға оқытушысы:

‒ Біздің территориямыздың айтарлықтай бөлігі қарағай ормандарына толы болды, алайда климаттың өзгеруіне және адамдардың қоршаған ортаға тигізген зиянына байланысты ормандардың біраз бөлігі жойылып кетті. Орны жазық далаға айналды. Өрт болған орынды қайта қалыпқа келтіру мәселесіне қатысты тиісті мамандар мен орман шаруашылықтарының тексеру жүргізуі маңызды. Егер ағаштар қалыпқа келмесе, белгілі қатер төнуі мүмкін. Онсызда климаттың өзгеруіне байланысты қарағайлар біртіндеп азайып жатыр. Сонымен қатар жаһандық жылыну мәселесі алдымыздан шығып тұр. Сәйкесінше, адамдар табиғатқа әл жинауына қолғабыс етпесе, қарағайлардың қалыпқа келуі қиындай түседі. Өйткені реликті қарағайлар жойылып кету алдында тұр. Себебі олардың аумағын кеңейтіп, дамыту жұмысы жолға қойылмаған. Жазық дала көбейіп келеді.

Автор: Нұрсұлу Мырзахметова