Токсоплазма гонди кез келген сәтте жер жаһан тұрғындарының үштен біріне дейін зардап тигізеді. Ол жануарлар әрекетіне ойлағанымыздан да артық әсер етуі мүмкін.
Қасқырдың жалғыз жортуына немесе үйір көшін бастауға не итермелеуі мүмкін? Бұл сауал талайдан бері ғалымдарды мазалап келген. Енді, жаңа зерттеулер токсаплазма гонди паразитін жұқтырған сұр қасқырлар дені сауларына қарағанда көш бастауға бейім екенін көрсетіп отыр.
Зерттеу авторларының бірі Кира Кэссиди жұмыс нәтижесі жануарлардың әрекетіне не әсер ететіні туралы тереңірек ойлануға итермелейтінін айтады. Ол Йеллоустоун ұлттық саябағында жыртқыштарды зерттеуді қадағалайтын Монтана штатындағы «Йеллоустоун қасқыр жобасы» коммерциялық емес ұйымының табиғатты зерттейтін биологы.
«Мінез-құлыққа түрлі факторлар, соның ішінде бұрынғы тәжірибесі, генетика, сол сәттегі жағдай және әлеуметтік ахуал әсер ететінін білеміз. Енді, бұл тізімге паразиттерді де енгіз аламыз», дейді ол.
Токсоплазма гондии – кез келген сәтте жер жаһан халқының үштен біріне дейін токсоплазма жұқтыра алатын бір жасушалы паразит. Инфекция әдетте жеңіл өтетініне қарамастан, жас не иммунитеті төмен адамдардың өміріне қауіпті. Токсоплазма үй не жабайы мысықтардың ішегінде ғана көбейе алады. Десек те, ол табиғатта кең тараған және кез келген жылы қанды жануарға жұғады. Сондай-ақ ол жұқтырғандарға ықпал етуі жөнінен де танымал. Әсіресе, тышқандардың үй мысығы қасында ессіз әрекетін мысалға келтіре аламыз.
Жақында Communications Biology журналында жарияланған жаңа зерттеуде Кэссиди мен оның әріптестері 1995 жылы Йеллоустоун қорығына қасқыр қайта жіберілгеннен кейінгі 26 жылда жинақталған мінез-құлық деректері мен қан үлгілерін пайдаланған. Олар сондай-ақ пумалардың қорықтағы таралуын, токсоплазма қоздырғыштары табылған үлкен мысықтардың қан үлгілерін талдады.
Нәтижесінде, пумалармен бір аймақта өмір сүретін қасқырлар үлкен мысықтармен қоңсы қонбаған көкжалдарға қарағанда, токсоплазманы көбірек жұқтыратынын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар паразит табылған қасқырлар дені сауларына қарағанда жалғыз жорту ықтималдығы 11 есе, ал үйірдің басшысы болуы 46 есе жоғары.
Мұндай нәтиже Лондондағы Корольдік ветеринарлық колледждің эпидемиологы Грегори Милн үшін таңғаларлық емес. Ол зерттеуге араласқан жоқ.
«Бұл басқа жануарлардағы токсоплазма туралы білетінімізбен ұқсас, – дейді ол. – Паразиттердің мінез-құлықты өзгертуі мүмкін екені туралы көбейіп келе жатқан деректерді толықтыра түседі».
Өмірге қауіпті ықпал
Жануар токсоплазманы науқас жануарды жеу немесе мысық нәжісінде болатын паразиттің жұмыртқа тәрізді жылауығына байланысқанда жұқтыруы мүмкін.
Егер паразит мысықтектес емес жануарға жұқса, дененің басқа бөлігіне, соның ішінде миға орналасып, жылдар бойы өмір сүреді. Себебі паразит көбеюі үшін мысықтың ішегіне түсуі қажет. Сондықтан оның тиімді жолын тапты. (Паразиттер туралы деректер мен олардың маңызын біліңіз).
Мәселен, паразитті жұқтырған кеміргіштер үй мысықтары секілді қас жауларының жанында белсендірек және қорқынышсыз әрекет етеді. Осылайша, паразит сүйікті «мекеніне» барады. Бір қызығы, токсоплазма жұқтырған тышқандар мен егеуқұйрықтар мысық зәрінің иісінен қорықпайды, тіпті соған құмар болып келеді.
Мұндай нәтижелердің көпшілігі бақылау арқылы жүргізілген зертханада анықталды. Кейінгі кезде ғана зерттеушілер токсоплазма жұқтырудың жабайы табиғаттағы әсерін зерделей бастады.
Бір зерттеу токсоплазма жұқтырған шимпанзелер табиғатағы басты жауы – леопардтар зәріне құмар екенін көрсетті. Келесі бір жұмыста зерттеушілер паразит жұқтырған теңбіл қорқау (гиена) күшіктері арыстандарға жақындап, жем болу ықтималдығы жоғары. Мұны зерттеу авторларының бірі, Флоридадағы Нова Оңтүстік-Шығыс университетінің эволюциялық биологы Эбен Геринг алға тартады.
«Біз токсо инфекциясының мінез-құлыққа әсерінің беткі жағын ғана байқай бастадық. Ол кеміргіштерден белгілі еді. Жабайы жануарлардан да табылды. Енді үйірімен жүретін қорқаулар мен қасқырлардан да анықталып отыр. Паразит олардың топтанып қозғалуы мен мінез-құлқына әсер ететінін енді-енді аңғара бастадық. Мұның экологиялық салдары болуы мүмкін», дейді ол.
Қауіпті кәсіп
Жиналған деректер токсоплазма жұқтырған адамдар дені сауларға қарағанда көбірек тәуекел ететінін, мәселен өлімге әкеп соғатын жол-көлік оқиғаларына себеп болатындай көлікті қауіпті жүргізетінін көрсетеді.
Алайда оның әсері әрдайым теріс емес. Колледж студенттері мен кәсіпқой бизнесмендер арасында жүргізілген бір зерттеуде токсоплазма жұқтырғандардың бизнесте жетістікке жетуде не өз кәсібін бастауда табысты болу ықтималдығы жоғары. Сондай-ақ инфекция деңгейі жоғары елдерде адамдар жаңа кәсіпкерлікпен айналысудың себебі ретінде сәтсіздіктен қорқуды атаған.
Безгектің алыс туысы саналатын паразиттің сүтқоректілерде мұндай өзгерістерді нақты қалай тудыратыны белгісіз. (Иесінің санасын басқаратын басқа паразиттер туралы білгіңіз келсе).
Милн паразиттің нейротрансмиттерлерге, мысалы, дофаминге немесе тестостерон сияқты гормондарға әсер етуі мүмкін екені туралы дәлелдер бар екенін айтады. Сондай-ақ паразит төмен дәрежелі қабынуды тудыруы мүмкін, содан кейін мінез-құлыққа әсер етеді.
Механизмінің қандай екеніне қарамастан, мына нәрсе анық. Паразиттер, әсіресе токсоплазма жануарлардың өмірінде маңызды және бағаланбаған рөл атқарады. Ғалымдар жануарлар түрлерінің шамамен 40 пайызын паразиттер деп есептейді. Олар әлі ашылмаған түрлердің көпшілігін құрауы мүмкін.
«Паразиттер мінез-құлқымызға қарапайым адам ойлағаннан да көбірек әсер етуі мүмкін», дейді Геринг.
Автор: Мэри Бэйтс
Ағылшын тілінен аударған Абай Отар