20Қаң

Климат өзгерісінен ешкім шет қалмайды

Климат өзгерісінің салдарынан 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы мұздықтардың тең жартысы еріп кетуі ықтимал. Мұның салдары трансшекаралық маңызы бар Сырдария өзенінің Қазақстанға келетін су ағысының бестен бір бөлігінің қысқаруына және халқының әлеуметтік деңгейіне тікелей әсер етеді. Климат өзгерісінен шөлді аумақтар ұлғайып, ауылшаруашылық дақылдарын (астық) өсіретін жер көлемі кеми бастайды. Трансшекаралық маңызы бар өзендерде су мөлшерінің қысқаруы және Орталық Азия аумағында халық санының өсуі болашақта мемлекет аралық шиеленістерге алып келуі ықтимал. Сол себепті бүгінгі таңда климат өзгерісі аса күрделі мәселелердің бірі болып отыр.

Фото: Ерболат Шадрахов

Қазақстан қандай қадамдар жасап жатыр?

Қауіптің алдын алу үшін 2015 жылы дүние жүзінде климаттың өзгеруіне қарсы күресуді  мақсат еткен БҰҰ-да климат жөніндегі Париж келісімі қабылданды. Оны әлемдегі барлық 195  мемлекет мақұлдап, дүние жүзінде температураның 2 градус цельсиден артық көтерілуіне жол бермеуді көздеді. Аталған келісімге Қазақстан бір жылдан кейін қосылды.

Алға қойылған міндетті орындау үшін мемлекеттер парниктік газдардың шығарындыларын қысқартуды көздеп отыр. Өйткені, адам әрекетінен туындайтын, яғни көмір, газ, мұнай және басқа энергия көздерін пайдалану салдарынан атмосферада парниктік газдардың, соның ішінде көмірқышқыл газдың үлесі артып кетті. Мұндай газдар жылу ұстайтын қасиетке ие. Яғни жылудың атмосферадан тысқары шығып кетуіне жол бермейтіндіктен, дүние жүзінде температураның өсуіне әкеледі.

Сондықтан, еліміздің үкіметі Париж келісімінің аясында Климат өзгерісіне қарсы жаһандық іс-қимылға Қазақстанның қосар ұлттық үлесін жаңартқан болатын. Сол бойынша Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға, ал халықаралық қолдау болған жағдайда 25% қысқартуға ниетті. Бірақ Қазақстанның 2020 жылғы парниктік газ шығарындыларының деңгейі 1990 жылмен салыстырғанда 11,1%-ға аз. Егер парниктік газ шығарындылары 2030 жылға дейін 2020 жылғы деңгейде қалатын болса, бар болғаны 4,4%-ға немесе 15, 1 млн. тоннаға қысқартуы қажет болады. Бұл – қол жетімді міндет.

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Орталық Азиядағы ең көп парниктік газ шығаратын ел

Дегенмен 1990 жылғы көрсеткіштен аз болғанына қарамастан, Қазақстан әлі де Орталық Азиядағы ең көп парниктік газ шығаратын мемлекет болып отыр. Бұл 2001 жылы басталған мұнай мен газ өндірісінің кеңеюімен де байланысты. Қазақстаннан кейінгі орында Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тұр.

Бір қуантарлығы, Қазақстан климат өзгерісімен күрес саласында да өңірдегі көшбасшылықты сақтап тұр. Мәселен, жаңғырмалы энергия көздерінің үлесі 2020 жылы 3%-ға дейін жетті. Бұл да Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш екенін атап айтқан жөн. Осы межені 2030 жылға дейін 15%-ға, ал 2050 жылға дейін 50%-ға көтеру жоспарланған.

Қазақстан аймақта ең бірінші болып шығарындыларды квоталау және саудалау схемасын енгізді. Ол бойынша мұнай, газ, энергетика, тау-кен өндіру, металлургия, химия және өңдеу салаларында жұмыс істейтін өнеркәсіптерге көмірқышқыл газ шығарындыларын шығаруға жыл сайын белгілі бір квота беріледі. Егер бұл өнеркәсіптер көміртегі шығарындыларын нормадан асыратын болса, онда олар: а) қосымша шығарынды үшін қажетті көлемді арнаулы биржалар мен аукциондарда басқа кәсіпорындардан сатып ала алады; ә) жылдың соңында квотадан тыс шығарындылары үшін айыппұл төлейді; б) өндіріс көлемін азайта алады; в) Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен қосымша квота сұрай алады.

Оған қоса, Қазақстан Париж келісімін орындау үшін жыл сайын өнеркәсіптерге бөлінетін көміртегі квоталарын азайтуды көздеп отыр. Осылайша, 2023 жылмен салыстырғанда 2025 жылға қарай квота 4,8 млн тоннаға қысқарады және әрі арай да жыл сайын қысқартыла береді. Бұл механизм өнеркәсіптерді қоршаған ортаны ластайтын шығарындыларды азайтуға бағытталған ең жақсы, қолжетімді технологияларды пайдалануға итермелейді. Экономиканы «жасылдандыруға» септігін тигізеді һәм Қазақстанның Париж келісімі аясындағы міндеттемелерінің орындалуына әкеледі.

Бірақ көміртегі квоталарын қысқартудың экономикаға тиімсіз жақтары да бар. Мысалы, 2021 жылы ең көп квота сатып алған – энергетика секторы, ал сатушы болған – мұнай мен газ секторы. Бұл жағдай болашақта электр энергиясының бағасына, электр энергиясын көп тұтынатын өнеркәсіп тауарларының құнына әсер етеді. Көміртегі квоталары ірі өнеркәсіптік компаниялар үшін Қазақстанда өнім шығару тиімсіз, ал тауарларды көміртегі шығарындыларына шектеу қоймайтын көрші елдерден әкелу тиімді болатындай жағдай туғызуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, экологияға тиімді болғанымен, экономикаға кері әсерін тигізуі ықтимал.

Сонымен қатар Париж келісімін жүзеге асыру және «жасыл экономикаға» көшу үшін Қазақстан газдан алынатын электр энергиясының үлесін 2050 жылға қарай 25%-ға жеткізуге ниетті. Яғни, жылу электр стансаларының бір бөлігін көмірден газға көшірмекші. Әрине, бұл көмірқышқыл газ шығарындыларының атмосферадағы көлемінің төмендеуіне алып келеді. Өйткені, газдың жылулық құндылығы көмірге қарағанда жоғары. Екеуінен бірдей энергия көлемін алу үшін көмірді көбірек жағу қажет. Сондықтан, газ көмірге қарағанда экологиялық тұрғыдан тиімді.

Алайда соңғы жылдары автокөліктерді сұйытылған газға белсенді түрде көшіру,  үйді жылыту үшін көмірге қарағанда газды пайдалана бастауы осы энергия көзінің тапшылығын тудырды. Бұл үдеріс болашақта газдың қымбаттауына, сонымен бірге Қазақстанды газдандыру ісінің тежелуіне әкелуі мүмкін.

Көміртегіге бейтараптық

Париж келісімін жүзеге асыру аясында Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жетуді де мақсат етіп отыр. Бұл дегеніміз балама энергия көздерінің үлесін ұлғайта отырып, мұнай, газ, көмір және басқа энергия көздерін пайдаланудан туындайтын парниктік газ  шығарындыларын толықтай қысқарту. Оны жүзеге асыру үшін инвестиция және жаңа технологиялар қажет, сонымен бірге экономиканың әрбір секторы өзгеруге тиіс. Бұл – Қазақстан тарихындағы ең өршіл мақсаттардың бірі десек, артық айтқандық емес.

Алайда  климат өзгерісінің алдын алу, бұл – қоғам мен экономиканың барлық саласын қамтитын күрделі, көп қырлы процесс. Сондықтан оған тұтас қоғам болып жұмылып, алдағы сын-қатерлердің алдын алу, туындаған мәселелерді шешу ісіне заңнамаларымыз да, ұлттық стратегиямыз да бағытталуға тиіс. Өйткені әлем ғалымдары күн сайын айғайлап айтып жатқан жаһандық жылымықтың кесірі, яғни климат өзгерісі бізден алыстағы Арктика мен Альпіде, немесе Аляскада ғана байқалып отырған жоқ. Ол бізге де жетіп қойды. Еліміздің жүрегі десек те, теріскейірек орналасқан Астана қаласының жаздағы орташа айлық температурасы соңғы жүзжылдықта +1,65  градусқа көтерілген және бұл процесс жалғасуда. Ал 2023 жылдың жазында Батыс Қазақстанда температура +45,5 градусқа дейін жетті. Бұл да аймақтағы рекордтық температура көрсеткіші.

Қазірдің өзінде ел климат өзгерісінің салдарымен бетпе-бет келді. Өзендердегі су мөлшерінің азаюы мен жеріміздің шөлейттенуінен, жайылымдардың тозуынан ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің – диқандар мен малшылардың зиян шегіп жатқанына куә болып отырмыз. Маңғыстау облысындағы жұт, күнгей өңірлердегі қуаңшылық пен су тапшылығының біліне бастауы, солтүстік өңірлердегі әдеттегіден тыс жылымық қыс, қардың бұрынғыдан аз түсуі сияқты құбылыстардың әрқайсысының себеп-салдары терең зерттеулерді қажет етеді. Әйтсе де, осының бәрі қазіргі таңда жүріп жатқан климат өзгерісінің белгілері екенін ешкім жоққа шығара алмас.

Автор: Шыңғыс Зипатоллазерттеуші, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы