Біздің қоғамда, жалпы әлемде генетикалық модификацияланған азық-түлік өнімдеріне қарсы орнығып қалған түсінік бар: мұндай өнімдер зиянды. Бірақ не үшін және қай жағынан зиянды екенін дөп басып, нақты ғылыми дәйекпен ешкім айта алмайды. Сөйте тұра, гендік модификацияланған организм (әрі қарай – ГМО) өндірісі қарыштап дамып жатқан елдер баршылық. Соған орай біз Ерлан Раманқұловқа жолығып, маман ретіндегі пікірін білдік.
– Ерлан Мірхайдарұлы, азық-түліктегі ГМО дегеніміз не? Одан жұрт не үшін қорқады?
– ГМО – гендік өзгеріске ұшыраған ағза деген сөз. Біз азық-түліктегі ГМО дегенде, бірінші кезекте гендік модификацияланған өсімдіктерді айтамыз. Өйткені жануарларға қатысты ГМО өте қымбатқа түседі. Иә, әлемде осы бағытта жұмыс істеп жатқан ғалымдар бар, бірақ азық-түлік мақсатында емес. Аргентинада ғана азық мақсатында генетикалық модификацияланған ақсерке балығы өсіріледі.
Жалпы, ГМО азық-түлік айналымына кіргеніне 40 жылдай уақыт болды. Қазір гендік өзгеріске ұшыраған картоп, бұршақ тұқымдастар, соның ішінде тас бұршақ, соя, күріш бар. АҚШ-та май алу үшін өсірілетін рапстың бәрі дерлік осындай өсімдіктер. Қысқасы, ауылшаруашылығы өсімдіктері арасында гендік өзгеріске ұшыраған түрлер көп. Бірақ осы уақытқа дейін тікелей ГМО адам денсаулығына зиян келтіргені туралы бірде-бір дерек тіркелмеді.
ГМО өндірісі іс жүзінде, бір жағынан – түрлі заңдар, ұдайы тексеруді, сынақтар өткізуді талап ететін нормативтік актілер арқылы мемлекеттердің, екінші жағынан – ГМО-сыз өнім өндіретін бәсекелестері тарапынан өте жіті қадағаланады. Сондықтан өз өнімдеріне асқан ыждағаттылықпен қарап, көп тексереді.
– Олай болса, мынаны айтыңызшы: гендік модификацияға ұшырамаған, дәстүрлі таза өнімдер тұрғанда ГМО өндірісі неліктен өзекті болып отыр?
– Бүгінгі таңда планетамыздағы халық саны еселеп өсіп жатыр. Бұл қарқынмен адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз етуге Жер бетіндегі агроресурстардың шамасы жетпейді. Өңдеуге болатын жердің бәрі өңделіп жатыр. Ормандар көлемі қысқарып, олардың орнын ауылшаруашылық дақылдарының егістігі басуда. Өйткені өнімділік төмен, ал сұраныс жоғары. Жердің белгілі бір бөлігіндегі көптеген халық ашқұрсақ өмір сүруде. Су тапшылығы – тіпті үлкен мәселе. Экологияның нашарлауы, қуаңшылықтың жиілеуі де азық-түлікпен қамту өндірісіне теріс ықпалын тигізуде. Осының бәрі күндердің күнінде болатын алапат азық-түлік тапшылығына әкеле жатыр. Мұның алдын алудың бір жолы – өнімділікті, егін шығымдылығын арттыру.
Үй жануарларын алып қараңыз: адамзат қолға үйреткеннен бергі мыңдаған жыл ішіндегі асылдандыру мүмкіндігі өз шегіне жеткен. Мысалы, сиырдың биологиялық мүмкіндіктері қазіргі жеткен сүттілік деңгейінен асып кете алмайды. Желіндері жер сызып, зорға жүр. Басқа мал мен құсқа да осыны айтуға болады. Табиғат берген генетикалық мүмкіндіктер толығымен пайдаланылды, одан артық қылу мүмкін емес.
Ал өсімдіктерге келсек, бұл бағытта әлі мүмкіндіктер мол. Егер өсімдіктердің өнімділігін арттырамыз десек, онда оларды генетикалық тұрғыдан жетілдіре түсуге болады. Генетикалық инженерия арқылы селекцияның осы тұсында бұрын қолжетімсіз болған мүмкіндіктер аясы кеңейді. Мысалы, белгілі бір шарттарда С4 өсімдігі С3 өсімдігіне қарағанда мықты не әлсіз болуы мүмкін. Біз кімге не керектігіне қарай осы жүйелерді алмастыра аламыз. Оппоненттер: «Құдайдың ісіне араласып жатырсыңдар!» деп айғайлауы мүмкін. Ал диқандар рақмет айтады: енді бұрынғыдан жақсы өседі, өнімділігі артты немесе жарықты, өзге де күтімді аз қажет ететін болды деп қуанады.
Тоқетерін айтсақ, гендік модификациялау егіннің (дақылдардың, жеміс-жидектің, т.т.) шығымдылығы мен өнімділігін арттырады, сыртқы қолайсыз жағдайларға төзімділігін күшейтеді немесе өсіруге кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Өсімдіктерді зиянкестерден қорғау мәселесін алайық. Бір бактериядан ген алып, оны өсімдікке енгіземіз. Сөйтіп ол жәндіктерге жақпайтын токсинді аздаған мөлшерде бөле бастайды.
Жәндіктердің бізден айырмашылығы – оларда хитин биосинтезі жүреді. Хитин – олардың қаңқасы. Біздің қаңқамыз ішімізде болса, оларда қаңқа сыртында әрі қорғаныш есебінде. Барлық бұлшық еті сыртқы қаңқаға бекиді. Осы қаңқа бізде сүйектен, ал оларда хитиннен құралады.
Егер өсімдікті хитин биосинтезін тоқтата алатын ақуыз өндіруге үйретсек, онда сол өсімдікті жеген жәндік өліп қалады. Осылайша, өсімдіктің жәндіктерге қарсы қорғанышы болады. Ал адам үшін оның ешқандай зиянды ықпалы болмайды, өйткені бізде хитин синтезінің ферменті жоқ.
Жұртшылық осындай егжей-тегжейін білмейтіндіктен, жалған тұжырымдарды жалаулатқан дүрмекке ілесуге бейіл тұрады. Сенсация іздеген «сарыжағал» баспасөздегі, түрлі бағдарламалардағы еш дәлелі жоқ, «адамзатқа қарсы ымыра» туралы пікірлер мен өсек-аяңға сеніп қалады. Бұған мүдделі топтар да көп. Өнім өндірісін арзандатқысы келмейтін алпауыттардан бастап, әлеуметтік желідегі жазылушыларының қатарын миллиондап көбейткісі келетін блогерлерге дейін. Оларға ғылыми ізденістерді түсіндіріп жазғаннан гөрі, «адамзатқа қарсы ымыра» туралы жазған жеңіл.
«Ымыра теориясы» қалың бұқараға «майдай жағатынын» 2020-2021 жылдардағы коронавирусты пандемия да көрсетті. Айтарлықтай сауаты, білімі бар болғанына қарамастан, осындай «ымыра» бар екеніне құлай сенетіндер екпе егуге көп қарсылық танытты. Вакцина зиян екен деп, солардың кесірінен қаншама адам екпе салдырмай қайтыс болды.
Неге екенін, осындай негізсіз өтірікке сену әсіресе бұрынғы кеңестік елдер аумағында қатты байқалады. Әрине, басқа дамыған елдерде де баршылық.
Тек дәйектері мен уәждері басқа демесеңіз, тура осы құбылыс ГМО-ға да қатысты. Әлгіндей топтар адамдардың білместігін пайдаланып, санасын сан саққа тартады, шатастыруға тырысады.
Сондықтан биотехнология «адамзатқа қарсы ымыраның» немесе зұлым ғалымдардың болғандығы үшін емес, адамзат тарапынан азық-түлікке деген үлкен сұраныстың бар болғандығы үшін ГМО-мен айналысуға мәжбүр.
– Ал өз елімізде ГМО-ға мұқтаждық бар ма? Сіздер қандай жобалармен айналысып жатырсыздар?
– Құдайға шүкір, бізде әзірге ондай қажеттілік жоқ. Қазақстандағы климаттық, әлеуметтік-экономикалық жағдай ГМО-ға жүгінбеуге мүмкіндік беріп тұр. Иә, ет және басқа өнімдердің қымбатшылығы байқалады, бірақ қазіргі агроресурстарымыз – жеріміздің, шаруашылықтарымыздың әлеуеті асып-тасып жатпаса да, өзімізді қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірақ үнемі осылай бола бермеуі мүмкін. Айналамызда, жер жүзінде болып жатқан үдерістер соны меңзейді. Ғылымның, біздің мақсатымыз – сондай күн туған жағдайда кезігетін қатерлерге дайын болу.
Бізде бұл орайда түрлі қызықты жобалар бар. Мысалы, трансгенді картопты алайық. Бұл техникалық дақылды азық үшін емес, негізінен крахмал алу үшін пайдаланады. Ал егістіктен жинап алған көп көлемдегі картопты келесі айда-ақ өңдеп бітіре салу мүмкін емес. Сондықтан картопты сақтау мәселесі бар. Ал дұрыс өсірілген жақсы картоп белгілі бір уақыттан кейін өскіндері шығып, өне бастайды. Сосын картопты жинап алған кезде оның бойында крахмалдылық деңгейі 30% болды десек, бірнеше айдан кейін ол 7%-ға түседі. Демек бізге крахмалдың сақталғаны керек. Ол қалай сақталады?
Картоптың құрамында амилаза деген зат бар. Температура төмендеген кезде осы амилаза крахмалды бұзып, глюкозаға айналдыра бастайды. Өйткені мұз картоп клеткаларын жарып, өлтіріп тастайды. Ал қант не тұздың болуы қату температурасын шегереді, яғни 0°C емес, –1, –2 градусқа қарай жылжытады. Бұл картоптың қорғаныш механизмі. Суықты сезген картоп крахмалдарын бұзып, сұйық глюкозаға айналдыру арқылы сақтана бастайды. Міне, біз картопта осы амилазаны «өшіріп» қоя аламыз. Әрине, мұнда да күрделі мәселелер бар. Амилазаны түгел «өшіріп» тастауға тағы болмайды. Ең оңтайлы мөлшерін табу керек.
Тағы бір мысал. Біздің жеріміздің көп бөлігі қуаң далалы, шөлейтті болып келеді. Сондықтан көп өңірлерде жаз шықпай жатып далада шөп сарғайып, күйіп кетеді. Яғни біз үшін қуаңшылыққа төзімді өсімдік түрлерінің болғаны аса маңызды. Айталық АҚШ-та, Техас аумағында қуаңшылыққа төзімді шөптің түрі бар. Бірақ оның қабығы қатты, мал жегенімен, қорытылуы қиын. Өйткені құрамында лигнин деген зат бар. Біздің мақсат – осы шөптің қуаңшылыққа төзімділігін сақтай отырып, лигнинін алып тастап көру. Егер ол өміршеңдігін сақтап, өсуін жалғастырса, онда жануарлардың жеуіне қолайлы болады. Пайдалы гендік модификация ма? Пайдалы!
– Біздің елде ГМО өндірісі бар ма?
– Жоқ, біздің елде ашық жүйелерде, яғни егіс алқабында гендік модификацияланған өсімдіктерді егуге, өсіруге заңмен тыйым салынған.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Айбын Бақытұлы
Фото: Ерболат Шадрахов