13Ақп

Оразақ Смағұлов: Ғылым нақтылықты сүйеді

          – Оразақ Смағұлұлы, қазақ этносының қаңқа сүйектеріне жарты ғасыр бойы кешенді һәм салыстырмалы зерттеу жүргізе отырып, сол арқылы адамның қан жүйесі, тіс морфологиясы, май бүрмесі, тіпті тері бедеріне дейін анықтауға болатынын алға тарттыңыз. Зерттеу барысы туралы айтып өтсеңіз?

          – Ғылым да математика сияқты, нақтылықты сүйеді. Жәй әншейін долбар, болжам деген дүние оған жүрмейді. Ғылымның нақ осы саласына бар өмірімді арнадым. Еуразияның әртүрлі этникалық топтарының арасында қазіргі қазақтардың өзіндік біртектілігін, антропологиялық мәртебесінің бар екенін анықтау үшін біз алдымен антропологиялық белгілердің бес жүйесі – яғни соматология, одонтология, серология, дерматоглифика мен краниология бойынша кешенді зерттеуіміздің нәтижелерін қарастырамыз. Дәл осындай кешенді ізденістер қазақ халқының антропологиялық бет-бейнесінің қалыптасуының күрделі де дербес жолын айқындауға мүмкіндік беріп отыр. Осыған орай атап көрсеткен жөн: анықтамалардың бес жүйесі бойынша мұндай антропологиялық зерттеулерден бір мезгілде байырғы тұрғындардың ұрпағы саналатын, кем дегенде осы аумақты XVI ғасырдан бері мекендейтін қазақтар зерттелді. Қазақ популяциясының дәл осындай локалды топтарында Қазақстанның байырғы тұрғындарынан, осы ұрпақтың ата-бабаларынан, мұра болған объективті және шынайы генетикалық ерекшеліктер сақталып қалғаны мәлім.

          Қазақ популяциясының гомогендігі соматологияда қандай болса, одонтологияда да сондай екені айқын, себебі анықталған айырмашылықтардың статистика деңгейіндегі көрсеткіштері өте аз. Сондықтан қазақ популяциясы ішінде қандай да бір одонтологиялық ажырау бар деп айтуға болмайды. Демек, сомотология бойынша да, одонтология бойынша да салыстырма мәліметтер бірдей шамада олардың гомогендік қауымын дәл көрсетіп тұр.

    Сонымен қатар қазақ популяциясының серологиялық анықтамалары бойынша гомогендігін арнайы әдіспен анықтадық. Яғни қан топтарының АВ0, MNSs, Rh0 ±, жүйелері арқылы; сондай-ақ РТС ұнтағының (фенилтиокарбамидтің) дәмін сезуіне орай генетикалық белгі арқылы анықтадық. Атап айтқан жөн: қазақ популяциясындағы бұл фактор бірінші рет соматология, одонтология және дерматоглифика көрсеткіштерімен салыстырылып анықталып отыр. Зерттеудің мұндай кешенді жүйесі жеткілікті шамада нәтижелі болып шықты.

      – Ғылыми зерттеуіңіздің түйінінде қазақ халқы осы өлкені 50 ғасыр бойы мекен еткен деген тұжырым айтасыз.

     – Кез-келген қоғамдық ғылым салалары тарихты зерттегенде көне заманнан бастайды. Ал нақты тұжырым шығару үшін алдымен бүгінгі халықтың ерекшелігін зерттеп-зерделеп алуың қажет. Өкінішке қарай археологтар, басқа да зерттеушілер осы тұсқа келгенде қателесіп жатады. Пәлен жерден мынадай ескерткіш табылды, түген жерден мынадай ыдыс табылды деп зерттеу нысанын бірден көне заманнан бастағысы келеді. Қазіргі қазақтарды кешенді түрде зерттеген жұмыстардың маңызды бөлігіне бас сүйек материалдарын жатқызған жөн. Ол сүйектер Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен алынды. Бұлар – ерлердің де, әйелдердің де сүйектері, сондықтан олардың краниологиялық анықтамаларымен қатар, дененің жоғарғы және төменгі аяқ-қол сүйектерінің өлшемдерін сипаттауға мүмкіндік туды.

Жалпы алғанда, морфофизиологиялық анықтамалардың бес жүйесі бойынша жүргізілген бірегей талдау «қазақ халқы антропологиялық тұрғыдан қарағанда ажырамас, тұтас» деп мәлімдеуге мүмкіндік береді. Бұл – қазақ популяциясы мен оның байырғы ататектік Қазақ жерінде елу ғасыр бойы биологиялық дамуының цифрлы көрсеткіштеріне негізделген, ең бір дәлелді де және нақтылық жағынан айқын көрінеді. Қазақ популяциясының тұтастығы толықтай анықталған соң, оның Еуразияның этникалық топтар  арасында қаншалықты өзіндік антропологиялық мәртебеге ие екендігі туралы мәселенің алға тартылуы заңды жайт. Себебі мұндай дербестік қазақ халқының өзі мекен еткен аумақтағы өзіндік антропологиялық дамуының тарихи терең негізі бар екендігін растайды.

         50 ғасырлық тарихы бар қазақ популяциясының антропологиялық дамуын негіздеу үлкен ізденістердің жемісі. Краниологиялық сериялардың көрсеткіштері негізінде ерлер мен әйелдер тобын жекелей алып, этнотарихи кезеңдер бойынша, сондай-ақ екеуін біріктіріп алып Қазақстан тарихының мыңжылдықтары бойынша да сипаттау мүмкіндігі барын ескерген жөн.

         Бұл мақсатқа жету үшін таксономиялық мәні жоғары мынадай краниологиялық атаулар алынды: бет сүйек биіктігі, бет сүйек диаметрі, назомалярлық бұрыш, зиго-максилярлық бұрыш, мұрын сүйектерінің көтерілу бұрышы. Бұлардың Қазақстан аумағында энеолит заманынан қазіргі дәуірге дейінгі динамикалары біртіндеп өзгеруінің бағыттары нақтылай көрсетілді.

            – Қазақстанның этномәдени тарихы мен антропологиялық дамуына кеңірек тоқталып өтсеңіз?

          – Бұған байланысты айтарым Қазақстанның байырғы және қазірі тұрғындарының кешенді антропологиялық көрсеткіштері жалпы тарихи, этникалық, лингвистикалық және діни қауымдарының барлық тарихи-мәдени кезеңінде, жалпы алғанда елу ғасырдан астам уақыт бойғы дамуының динамикасымен толық және өзара нақты қабысады.

Суретте гуманитарлық ғылымдар мен антропология көрсеткіштерінің араларындағы даму динамикасының байланыстары берілген

        Онда бұл ғылымдардың өзара ықпалдастығы байырғы ататектік Қазақ жеріндегі тарихи-мәдени бірлестіктер бес ортақ қауым бойынша (А,В,С,D, Е) сандарымен берілген. Демек, біз бұл жерден мемлекеттік, аумақтық, тарихи, этникалық, лингвистикалық, діни қауымдарының қазақ халқы мен оның ата-бабаларының антропологиялық дамуының динамикалары өзара сәйкестіктерде болғанын байқаймыз. Өлкеміздің байырғы және қазіргі тұрғындарының физикалық антропологиясы бойынша анықталған кешенді көрсеткіштер егемен Қазақстанның елу ғасырлық тарихы бар байырғы ататектік Қазақ жерінің мұрагер өкілі екендігін толық айғақтап отыр.

 – Ежелгі дәуірге, сондай-ақ бүгінгі заманға  жататын ескі сүйектерді қайдан таптыңыз және зерттеу кезінде жиналған адам сүйектерін қайда жібересіздер?

        – Негізі, ғылымның осы саласына мамандануыма Қаныш Имантайұлы Сәтбаев себепкер болды. Өз бетіммен дайындалып, Мәскеуге антропология саласына емтихан тапсырдым. Сәтін салып өттім. Кандидаттық диссертация тақырыбын белгілер тұста мәскеулік мамандар Қазақстан бойынша материал жоқтығын, тақырып та табыла қоймайтынын алға тартты. Қысқасы тақырыпты басқа халықтан аласың деген уәждерін айтты. Оны естіген Әлкей Марғұлан бастаған зиялылар араға түсіп, «ізденушіге стипендияны біз төлейміз, қалайша қазақ халқын зерттей алмайды» деп үлкен мәселе көтерді. Расында да көне заманнан бүгінгі заманға дейін адамдардың қаңқа сүйегін зерттеу үшін көне қазақтардың және бүгінгі заман қазақтарының сүйегін қайдан табамыз деген сауал алдымыздан шықты. Патша заманына тән деп танылған 1-2 бас сүйек бар. Бірақ «Киргизы» деп айдар тағылған бұл сүйектің я қазақ не қырғыз екені тағы белгісіз. Алайда археологтардың қазба жұмыстары негізінде  4-5 мың жыл бұрынғы уақытқа тән  қазақ даласынан табылған адам сүйектері Ленинградта бар болып шықты. Антрополог болмаған соң ол сүйектерге аса мән де берілмеген. Ал енді бүгінгі уақытқа жақын өмір сүрген адам сүйегін қайдан табамыз? Болашақ ғылыми жетекшім Георгий Францевич Дебец, ҚазКСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев Мәскеуге келетінін, оған осы мәселені жеткізуім қажеттігін ескертті. Мен Қаныш Имантайұлына бұл тақырыпта үлкен зерттеу жүргізуім үшін бүгінгі заман қазақтарының қаңқа сүйектері керек екенін айттым. Өйткені ол сүйектерді қолда бар көне заманның сүйектерімен салыстыруға тиіс едік. «Қытай айтты», «парсы айтты» деген болжамдардан арылып, нақты жанашыр көзқараспен зерттейтін тұс келгенін де ескерттім. Қазақ даласынан табылған ең көне сүйектен бастап, бүгінге дейін зерттесек, бұл нағыз биологиялық зерттеу болатынын түсінген Қаныш аға ойымды құптап, Орталық Қазақстандағы кен орындары маңайына барып, зерттеу нысанын дәп сол жерден бастасаң деп жөн сілтеді. Кен орындарына жақын маңда жерленген ескі, иесіз қалған молалардағы адамдар «жергілікті қазақтар ма, әлде кен іздеп шеттен келгендер ме» деген сауал ол кісіні деп толғандырып жүрсе керек. Мен мұны анықтауға болатынын айттым.

Орталық Қазақстаннан табылған әйел адамның бас сүйегінің антропологиялық жаңғыртпасы (XIV ғ.)

Көп ұзамай Қаныш ағаның қолдауымен қасыма төрт жігіт ертіп экспедицияға жолға шықтым. Жұмысшыларға, көлік пен қажетті құрал жабдықтарға толық қаражат бөлінді. Бұл 1958 жыл болатын. Дегенмен экспедиция жұмысын Беғазыдан бастадық. Зерттеу барысында статистикалық нақтылық үлкен рөл ойнайтындықтан, сүйектердің барынша көп болғаны жақсы. Сондықтан Беғазының өзінен әйел-еркегі бар, 70-80 ересек адамның  сүйегін  алдық. Келесі бағытты бұрынғы Семей облысының Ақтүлкі деген жеріне бұрдық. Жергілікті тұрғындардан иесіз қалған молалар, аштықтан өлген адамдар қайда барын сұрастырып білдік.  Үстінен жол түсіп кеткен ескі зираттарға кездесіп, ол жерден де тағы 70-80 сүйек алдық. Әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен жерге жақын маңда Қарасу дейтін көл бар екен. Жергілікті көнекөз қариялардан сұрастыра келе, сондағы қыстақ маңынан тағы да ескі қорымдарға кездесіп, біршама қаңқа қазып алдық.  Әсіресе, бас сүйектері, жамбас, қол, аяқ сүйектеріне мән бердік.

         Келесі сапар Баянауылда жалғасын тапты.  Қысқасы  әр сүйекті жеке дара нөмірлеп, жәшіктерге орналастырып, Ленинградқа жібердік. Өйткені ол тұста бізде ешқандай лаборатория, қажетті құрылғылар болған жоқ. Тіпті салаға қатысты кеңесетін бірде-бір маман болмады. Ленинградқа барған соң  сүйектерді ретіне қарай жіктеп, зерттеуімізді бастап кеттік. Бүгінгі таңда бұл сүйектердің көпшілігі сонда – Кунсткамерада, ал бірқатары Алматыдағы Ғылым академиясы ғимаратының жертөлесінде сақтаулы тұр. Олардың дұрыс сақталуы үшін қолайлы жағдай қажет-ақ. Осы тұста бізді алаңдататын біраз жайт бар.

       – Қазба жұмыстары кезінде археологтар заттық жәдігерлерге көбірек көңіл бөліп, табылған адам сүйектеріне аса мән беріп қарамайтынын сынға аласыз. Жалпы бұл үрдіс әлемдік тәжірибеде де солай сипат алып отыр ма? Сұрайын дегенім, этногенетикалық зерттеулердің ғаламдық өрісі қандай?

       – ҚазМУ-дың тарих факультетінде оқып жүргенімде археологиялық қазба жұмыстарына барудың сәті түсті. Археологтар қазба жұмыстары барысында табылған заттық артефактілерге мұқият мән беріп, адам сүйектерін шашып-тастап кете береді екен.  Бұл жайт мені қынжылтты. Неге адам сүйектерін зерттемейді деген ойға қалдым. Өкінішке қарай, Қазақстанның ешбір жоғары оқу орнында антропологияға қатысты сабақ берілмейді. Ғылым саласы үшін бұл үлкен кемістік. Сан рет айтылып, сан рет жазылса да жауаптылар бұған құлықсыздық танытып отыр.

        Ал этногенетикалық зерттеулердің ғаламдық өрісі күн өткен сайын алға жылжып, уақытпен бірге дамып келеді. Дамыған мемлекеттер мұны әлдеқашан жолға қойған. Мамандарды сала-сала бойынша дайындап, кең ауқымда зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолдау білдіреді. Кез-келген экспедиция құрамында археологтармен қатар антропологтар да жүреді. Әркім өзіне керегін алып, өз жұмысымен айналысады.

         Дегенмен көңілімізге жұбаныш болатын бір нәрсе – 60 жыл бойы жүргізген зерттеуіміздің нәтижесі. Біздің жанкешті еңбегіміз қазақ халқы тарихының ешқашан бұлтартпайтын темірқазығы  болып қала беретіні хақ. ТМД елдерінде бізден басқа мұндай көне және бүгінгі заманға кешенді антропологиялық зерттеу жасап, нақ осы ғылым саласында 5 мың жылды барлаған ел жоқ. Тағы бір айрықша атай кетер жайт, қазақ халқы этникалық, биологиялық, лингвистикалық тұрғыдан да біртұтас ел. Бұл еңбегім алдағы уақытта жарық көретін Қазақстан тарихының 7 томында жарияланатын болады.

          – Шетелдің қандай антропологтарымен, антропология институттарымен байланыстасыз?

           – Әлбетте ғылым жолында үлкен мектептерден өттім. Әлемдік антропологияда айшықты із қалдырған мамандардан көп дүние үйрендім.Үлкен тәуекелге барарда салалық ғылымдардың озық ойлы мамандарынан дәріс алдым, зерттеудің қыр-сырын меңгердім. Олардың дені шетел ғалымдары. Бүгінгі таңда өмірден өтіп кеткендері қаншама. 1977 жылы қазақ халқының біртектілігін генетикалық маркерлермен айқындаған «Этническая геногеография Казахстана» атты кітабым «КПСС-тің ұлт саясатына қарсы» деген желеумен баспадан шыға сала өртелді. Осы тұста маған араша болып, қолдағандар шетелдік ғалымдар еді. Біздің кешенді зерттеулерімізде Мәскеу мектебінің антропологтарының зор көмегін еске алғанымыз жөн. Олар еңбектеріміздің ондаған жыл бойы  Италия, Германия, Үндістан, АҚШ т.б. сол сияқты алыс шетелдерде жариялануына септесті. Олармен әріптестік тығыз қарым-қатынасымыз әлі де үзілген жоқ. Әсіресе бүгінгі таңда Италия антропология институтымен, бір кездері ғылым ошағын басқарған білікті ғалым Факинимен ой бөлісіп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Менің ғылымдағы жолымды қызым Айнагүл Смағұлова жемісті жалғастырып келе жатыр. Ол да шетелдік ғалымдармен, беделді институттармен әріптестік байланыста.

Айнагүл Смағұлова бассүйектерді зертеуде

         – Адам сүйегі жер қойнауында қанша уақыт сақталуы мүмкін?

         – Жақында ақпарат көздерінің бірінен Қытайда 1 млн жыл бұрын өмір сүрген адамның бас сүйегі табылды деген жаңалықты оқыдым. Ғалым ретінде оған сендім де. Өйткені адамның да, жан-жануарлардың да сүйегі мыңдаған жылдар бойы сақтала береді. Индонезия аралдарында 50-60 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйегі табылғаны мәлім. Алтай тауының Ресей бөлігінен 40 мың жыл бұрынғы адам сүйегі анықталғанын білесіздер. Археологтар Маңғыстаудан неолит дәуіріне тән ер адамның сүйегін тапты. Сол секілді жан-жануарлардың да сүйектері мыңдаған жылдар бойы сақтала береді. Дегенмен  бұл сол жердің топырақ құрамына да байланысты. Айталық, сазды топырақта сүйек барынша ұзақ сақталады.

        – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Арман ОКТЯБРЬ, арнайы National Geographic үшін.

Оразақ Смағұлов – қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, Қазақстандағы антропология мектебінің негізін қалаушы, т.ғ.д., профессор, ҰҒА академигі. Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты. Италиядағы Балонья Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі