Астанадан 100 шақырымға жуық жерде, Ақмола облысының Шортанды ауданына қарасты Бектау ауылында жасы жүзден асқан Бәтима әже тұрады. Дүниеге келген күні құжат бойынша 1922 жылғы 6 сәуір.
Моңғолияның Баян өлгий аймағында туып-өскен Бәтима Орманбайқызы ес біліп қалған шағында КСРО-мен бір мезгілде Моңғол Халық Республикасында жүрген байлардың малын тартып алу науқаны – ұжымдастыруды (1929-31 жылдар) көрген. Алайда ол кезең туралы көп ештеңе айта қоймайды. Тек бақуатты байдың қызы екенін, барған жері де бай болғанын, бірақ қиын заман туып, шиеттей бала-шағасы ашығып қалмауы үшін аянбай еңбек еткендерін айтады.
«Аяққа киер етік жоқтығынан, шарқаймен де жүрдік. Осы балаларым ашығып қалмасын деп, жанталаса тіршілік еттік. Кез келген жұмысты істедім», – дейді әже қасында отырған, жасы 67-ге келіп қалған төртінші баласына қарап қойып. – Аллаға шүкір, өсіріп жетілдірдік. Енді, міне, бәрі мені бағып отыр».
Расында да, ғасыр жасаған Бәтима әже – 8 баласынан бүгінде 37 немере, 60 шақты шөбере, 8 шөпшек сүйіп отырған қазақтың ақ жаулықты, кең пейілді анасы. Шөпшектерінің ішінде ең кішкентайы Әмір Тұңғышбайұлы бір жаста ғана екен. Ал өз балаларының алды Құмар ақсақал қазір 78 жасқа келген. Құмардан кейін Дұғар, Сайлаухан, Қаламхан, Құрметхан, Санатхан, Жанатхан есімді ұлдар мен Қадуан есімді қызды дүниеге әкелген. Сүт кенжесі Қадуан апаның өзі 60-қа аяқ басқан. Бәтима әже барлығын да жаңылмай таниды. Көп балалы ана атанғаны үшін кеудесіне таққан ордені де бар. «Құлағымның кейде дұрыс естімей қалатыны болмаса, өмірге өкпелеуге хақым жоқ», деген әже осы күніне тәубесін айтып отыр.
Әжей өзінің айтуынша, 16-17 жасында тұрмысқа шыққан. Өкінішке қарай, ері небәрі 37 жасында қайтыс болыпты. Күйеуі қайтқанда балаларының алды 11-12 жас шамасында, ең кішісі құндақта болған сыңайлы. Бірақ қайғыға мойымай, тастүйін бекініп, алға ұмтылыпты. «Жасымызда жоқшылықты да, қиындықты да көрдік. Ішерге тамақ, киерге киім тапшы кезең еді. Дегенмен тірі адам тіршілігін жасайды ғой, 60 жасымда зейнетке шыққанға дейін Моңғолия өкіметінің малын бақтым. Осынша жасқа келуіме тамақтың тазасын, судың тұнығын ішіп, өзіміз қолдан дайындаған қоспасыз тағамдарды жегендігіміз, тұмса табиғатта тіршілік еткеніміз әсер еткен болар. Үнемі қозғалыста, ат үстінде жүрдік», – дейді. Қаламхан деген ұлы жас күнінде ат құлағында ойнаған анасы Қазақстанға көшіп келгеннен кейін де, мұндаға шейін атқа мініп тұрғанын айтады. Бәтима әже қазір осы ұлының қолында – қарашаңырақта тұрады. Өзге балаларының ауылдарына жиі барып тұрады, көрші-қолаңға да кіріп, әңгіме-дүкен құруды ұмытпайды. Әзілге де жоқ емес. «Қазір әже-апа деп отырсыңдар, былай шыққан соң, әлгі 100-ге келген кемпір не айтты деп жүрерсіңдер, – деп күліп қояды бізге қарап. – Қалжың ғой, сендер де балаларым сияқтысыңдар. Күнде келіп жатқан жоқсыңдар, сендер де менімен суретке түсіп алыңдар». Ғасырдың көзімен қуана-қуана селфиге түстік.
АВТОР: Нұрсұлу Мырзахметова
ФОТО: Ерболат Шадрахов