19Қаң

Қайта өңдеуге жіберілген қалдықтың неліктен бәрі бірдей өңделмейді?

Әрбір америкалық күн сайын орта есеппен 2 кг-нан аса қалдық шығарады. Қайта өңделетін қалдық қоқысқа кетіп қалмауы үшін не істеу керек?

Сан-Францискодағы қалдықты қайта өңдеу зауыты (Калифорния). Картон мен қағаз – қайта өңдеу үшін ең қарапайым материалдың бірі, ал пластик – әлдеқайда күрделі шаруа. Фото: Рэнди Олсон, NATGEO IMAGE COLLECTION

Пластикалық пакет, лас пицца қорабы, пластикалық ыдыс-аяқ, қағаз майлықтар және газды сусынның құтысы сияқты “өзіңмен алып кетіп тамақтанудан” қалатын заттарды қайта өңдеу ұсақ-түйек ойыны болып көрінуі мүмкін. 

Қандай заттарды қайта өңдеуге болады? Пластмассаның қандай түрлері қоқысқа жіберіледі? Егер контейнер майлы болса ше? 

Қайта өңдеу күрделі шаруа, ал оны қалай істеу керектігін сипаттайтын ережелер әр қалада әртүрлі. Қоқыстың шамамен 32%-ы ғана қайта өңделетіндігінің бір себебі осы болуы мүмкін.  

Greenpeace есебіне сәйкес, 2021 жылы АҚШ-та өндірілген пластикалық бөтелкелерден бастап, көктамырға құюға арналған тамызғыштарға дейінгі барлық пластмассаның шамамен 6%-ы ғана қайта өңделген. Кейбір пластикалық бұйымдар қайта өңдеу қиын болатындай етіп жасалған немесе өңдеушілерге қайта өңделген материалды сатып алушылар табу қиынға соғады. 

Бұл – қоршаған орта мен адам денсаулығына қатысты мәселе.  Өйткені пластиктің барлығы микроскопиялық бөліктерге бөлініп, мұхиттан бастап, біздің денемізге дейінгінің  бәрін ластайды.

Қағазға келсек, жағдай сәл жақсы. Қағаздың 68%-ы қайта өңделеді. Бірақ сарапшылардың айтуынша, сіз үйіңіздегі, ауданыңыздағы қайта өңдеуді өзгеріс енгізу немесе дауыс беру арқылы жақсарта аласыз.

Қандай пластмассаларды  қайта өңдеуге болады? 

Қайта өңдеу үшін қоқыстарды жақсылап сұрыптағыңыз келе ме? Пластмассаға басылған үшбұрыш таңбаға қарап, босқа адаспаңыз. Бұл үшбұрыштар өнімнің қайта өңделетінін білдіруі шарт емес. Ол оның «шайыр кодын» көрсетеді, яғни өнім жасалған пластик түрін көрсететін жеті санаттың бірі. Осы санаттардың кейбіреуі ғана қайта өңдеуге жарамды.

(Пластиктің шайырлылығы туралы қосымша ақпаратты мына жерден табуға болады.) 

«Пластмасса өте күрделі зат, – дейді Табиға ресурстарды қорғау кеңесінің Қайта өңдеу жөніндегі сарапшысы Дарби Хувер. – Пластикалық қаптаманы немесе бұйымды жасаған кезде, сіз оның қасиеттерін өзгертетін бояғыштар мен қоспаларды қосып, өзіңізге қажетті деңгейде қатты немесе икемді етесіз. Осы ұсақ қоспалардың барлығы оның балқу температурасына және қайта өңдеу қабілетіне әсер етеді».

Пластикалық шайыр кодтары қайта өңдеу кәсіпорындары үшін қажет.  Бірақ 2019 жылы жүргізілген сауалнаманың нәтижесі бойынша, 2000 америкалықтың 68%-ы үшбұрыш белгі өнімнің қайта өңделуі мүмкіндігін білдіреді деп есептпейді екен. Яғни, осы таңбалар екінші қайтара өңделуі мүмкіндігін көрсетеді деп қабылданады, сондықтан жақында Калифорнияда оларды пайдалануды шектейтін заңға қол қойылды. 

Сарапшылардың айтуынша, сіз алдымен жергілікті қайта өңдеуші қандай пластмассаларды қабылдайтынын анықтауыңыз керек. Әдетте 1 немесе 2 деп белгіленген пластмассалар қайта өңделуі мүмкін. Бұлар – су бөтелкелері мен сүт құтылары сияқты қатты пластмассалар. Қайта өңдеу зауыттарында пластмассаның осы түрін тазартуға, ұсақтауға және ерітуге арналған машиналар бар.

Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бөтелкелерінің кейбір түрлерінде кездесетін «5» деп белгіленген пластик сіздің қоғамдастықта қайта өңделуі мүмкін, бірақ оны қабылдау тәртібі әр жерде әртүрлі.

3, 4, 6 және 7 деген белгісі бар қалған пластмассалар қайта өңдеу жәшігіне түссе, қоқыс полигонына тасталуы ықтимал. Тауарлардың бұл түрлеріне көпіршікті орамалар, тұрмыстық сөмкелер және икемді азық-түлік қаптамалары жатады. 

«Ең үлкен мәселенің бірі – «кәдеге қайта жарату тілегі» деп аталады.  Яғни, біз бір нәрсенің қайта өңделгенін қалап,  қоқыс жәшігіне саламыз да саусақтарымызды айқастырамыз. Бірақ бұл уақытты ысырап ету», – дейді Хувер.

Ең жақсы жағдайда, ол жай ғана қоқыс полигонына түседі. Ең нашар жағдайда, ол қайта өңдеуге арналған жабдықты бітеп тастайды да, оны қолмен тазартуға тура келеді. Сөйтіп жұмысты тежейді. 

«Полиэтилен пакеттер экрандарға оралып қалатындықтан, оларды кесуге тура келеді. Олар – біздің өміріміздің қарғысы», – дейді Марти Матч, Денвердегі (Колорадо штаты) Eco-Cycle қайта өңдеу компаниясы директорының орынбасары.

Матч орта есеппен Eco-Cycle компаниясы жинайтын қалдықтардың шамамен 10%-ы қоқыс жәшігіне тасталатынын айтады. Өйткені тұрғындар қайта өңдеуге болмайтын заттарды – полиэтилен пакеттерінен бастап киімге дейін лақтырады.

Қоқысыңызды тазалау керек пе?

Қайта өңдеу мүмкіндігін арттыру үшін жасай алатын тағы бір өзгеріс – қайта өңдеу жәшігіңіздегі қоқыстың тағаммен, кірмен немесе химиялық заттармен ластанбағанына көз жеткізу. 

Мысалы, қағаз таза болған кезде жақсы өңделеді, ал басқа қайта өңделетін заттардағы кез-келген тамақ бөлшектері немесе ылғалдың болуы қағаздың ешқашан қайта өңделмейтінін білдіруі мүмкін. Сондықтан майланған пицца қораптары әдетте қоқыс жәшігіне жіберіледі.

(Тамақ қалдықтарын қайта өңдегіңіз келе ме? Компост жасау бойынша нұсқаулықты оқыңыз.)

Қалалар мен елді мекендер көбінесе тұрғындарға қандай нәрселерді қайта өңдеуге болатыны жайында нақты нұсқаулықтар береді. Мысалы, Уашингтонда сіз қалалық дерекқорды қарап, керексіз заттан қалай құтылуға болатынын біле аласыз. The Recycling Partnership – қайта өңдеу жүйесін жақсартуға арналған ұйым, ол сізге жергілікті жерде қайта өңдеуге қатысты көмек бере алатын ұлттық дерекқорға ие. 

Қайта өңделген зат қайда кетеді?

Қайта өңделген шикізатты сату – қайта өңделетін шикізатты жинау, сұрыптау және өңдеу шығындарын өтеудің бір жолы, сондықтан қайта өңделген материалға сатып алушы табу қайта өңдеудің маңызды бөлігі. Бірақ бұл материалға сұраныс әртүрлі болғандықтан, кейбір жерлерде қайта өңделген заттың барлық түрін қабылдай бермейді.

Қайта өңделген алюминий құнды, өйткені пластикке қарағанда, металдың сапасын жоғалтпай қайта-қайта өңдеуге болады. Ал пластик қайта өңдеуден кейін көбінесе сапасы төмен материалға айналып, кілем немесе кесінді материал сияқты жаңа бұйымдар жасауға  қолданылады. 

Матчтың айтуынша, Колорадода «5» санымен белгіленген пластмассалардың белсенді нарығы бар, сондықтан Eco-Cycle шайырдың осы түрін қабылдайды.

Дегенмен, қайта өңдеушілер пластик сатып алушы табуда үлкен қиындықтарға кезігіп жатады. Пластмассаның әртүрлі пішінін, текстураларын және түстерін жасайтын қоспалар мен бояғыштар материал өндірісін қиындатады. 

«Осы қоспалардың кесірінен бұл материалды алып, оны жаңа нәрсеге айналдыратын сатып алушы табу өте қиын. Өйткені олар күрделі емес, қарапайым рецепт іздейді», – дейді Матч.

Ондаған жыл бойы Қытай негізгі сатып алушы болды. Американың пайдаланылған пластигінің миллиондаған тоннасын импорттады. Бірақ 2017 жылы Қытай сатып алуға дайын пластикке қатысты стандарттарын көтеріп, америкалық қайта өңдеушілерді сатып алушысыз қалдырды. 

Олардың бір бөлігі Индонезия мен Мексика сияқты басқа елдерге кетті немесе қоқыс полигонына тасталды. 

Дегенмен, Target сияқты кейбір компаниялар қайта өңдеу зауыттарынан өңделген материалдарды көбірек пайдалануға міндеттеніп отыр.  

Қайта өңдеуді қалай тиімді етуге болады?

Экологиялық саясат сарапшыларының айтуынша, мұның бір шешімі – қосымша «бөтелке шоттары».  Егер сіз осы заңдар қолданылатын 10 штаттың бірінде тұрсаңыз, жапсырмасында 5-тен 15-ке дейін цент белгісі басылған газды сусын бөтелкелерін байқаған боларсыз. 

Бұл бөтелкенің құнын белгілейді және тұтынушыларды оны қайта өңдеуге қатысатын контейнерге әкелуге ынталандырады. 2020 жылғы қоқыс туралы есеп бөтелке шоттары жоқ штаттарға қарағанда, сондай шоттары бар штаттарда қоқыс екі есе аз екенін көрсетті.

Қабылдау пункттері полиэтилен пакеттерін жинау үшін де пайдалы. Кейбір азық-түлік дүкендерінде полиэтилен пакетін қабылдау пункттері бар, онда пакеттер таза ұсталады және оларды мамандандырылған қайта өңдеу орталықтарына тапсыруға болады.

«Тағы бір өте маңызды нәрсе – адамдардың мәселеге саясат тұрғысынан қарап, қалдықты азайту әрекеттерін қолдауы», – дейді Хувер. Көптеген қалалар «нөл қалдықты» мақсат етеді, бұл қалдықтардың полигондарға түсуіне жол бермеу үшін қайта өңдеуді ұлғайтуды көздейтін стратегияның бірі.  

Алайда кейбір сарапшы-экологтар «егер біз қоршаған ортаға түсетін пластикалық ластаушы заттардың ағынын тоқтатқымыз келсе, көк қоқыс жәшігі туралы ғана ойламауымыз керектігін» айтады.  

«Салық төлеушілер үшін жасай алатын ең жақсы нәрсе – қалдықтарды аз өндіру», – дейді EPA-ның бұрынғы аймақтық әкімшісі және Beyond Plastics экологиялық тобының президенті Джудит Энк.

Соңғы жылдары кейбір штаттар өндірушілерге өз өнімдерінің қайта өңдеуге жарамдылығы үшін жауапкершілік жүктейтін заңнама қабылдады. Бұл заңдар өз тәсілдерімен ерекшеленеді, бірақ олар өндірушіден қайта өңдеу орталықтарына қаржылық үлес қосуды немесе қайта өңдеуді жеңілдету үшін өз өнімінің құрылымын өзгертуді талап етуі мүмкін.

Энк жиі көргісі келетін қайта өңдеудің жаңа тәсілдерінің бірі – бөтелкелер мен басқа пакеттерді жууға және қайта толтыруға мүмкіндік беретін бағдарламалар. Ол Coca-Cola-ның 2030 жылға қарай шыны және пластик бөтелкелерінің төрттен бірін толтыруға немесе қайта пайдалануға тырысатыны туралы соңғы мәлімдемесін атап айтады. Және оны сусын компаниясы сияқты жетекші пластмасса өндірушілері енгізуі керек өзгерістердің мысалы ретінде келтіреді. Энк сонымен қатар Neck сауда автоматындағы бөтелкелерді жуатын және толтыратын стартап сияқты кішігірім бастамаларды да меңзеп отыр.  

«Болашақ деген осы, – дейді ол. – Бұл бізге керек нәрсе»

Авторы: Сара Гиббенс

Қазақ тіліне аударған Әлия Құлахметова