8Қар

160 миллион жыл бұрынғы тілтіс: Паразит әлде жыртқыш?

Ежелгі тілтістердің жақында табылған, ауыздың орнында өткір сорғыштары бар, жүзгіш жыланбалық тәрізді түрлері ғалымдарға осы жылбысқа паразиттердің эволюция тарихын қайта құрастыруға көмектесуде.

Юра кезеңіндегі Yanliaomyzon occisor тілтісінің ауыз қуысы қазіргі қалталы тілтістің ауыз қуысын еске салады.
ХЕМИНГ ЧЖАННЫҢ СУРЕТІ

Тілтістер (миногалар) ерте заманнан бері ет пен қанды қорек қылады. Жақсыз, жыланбалыққа ұқсас осы тіршілік иелерінің ауыз орнына тіс пен сорғыш дискілері бар. Оны қазіргі заманғы түрлері тірі қожайындарына жабысып, қанын соруға қолданады. Ал жуырда Қытайдан табылған таңғажайып тасқалдықтардан тілтістердің екі үлкен түрі анықталып отыр.  Олардың жемтігінің  етін жұлып алатындай ауыз мүшелері бар болып шықты. Бұл паразит тәрізді тілтістердің жыртқышқа айналу эволюциясын көрсетеді.

 «Динозаврлар дәуіріндегі тілтістің мынадай қорқынышты ауыз аппаратының осыншалықты жақсы сақталған тасқалдығы бұрын табылған емес», – дейді жаңа зерттеуге қатыспаған канадалық табиғат музейінің палеонтологі Тецуто Мияшита.

Қытайда табылған юра дәуірінің ірі тілтістері теңіздің сорғыш ауызды паразиттерінің алғашқы күндерін көрсетеді.
ХЕМИНГ ЧЖАННЫҢ СУРЕТІ

Қытай ғылым академиясының палеонтологі Фейсян Ву мен оның әріптестері табылған тасқалдықты жуырда  Nature Communications журналында  сипаттап жазды. Ляонин провинциясының шамамен 160 миллион жылдық жартастарынан табылған, жақсы сақталған тасқалдықтар тілтістердің екі жаңа түріне тән. Тілтістер сорғыш тәрізді ауыздарынан құйрықтарының ұшына дейін тұтас күйінде сақталған.

«Бір көргеннен қатты таңғалдым», – дейді Ву, әсіресе ауыз бен тістерінің сақталғанына таңданып. Тасқалдықтар ежелгі көлдер арасында пайда болған жартастардан табылған.

Палеонтологтердің әдетте ежелгі тілтістерді егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндіктері бола бермейді. Ежелгі тілтістердің бар екендігіне 360 миллион жылдан астам уақыт болғанына  қарамастан, оларды табу қиын. «Тілтістердің тасқалдықтар шежіресі өте жұтаң», – дейді Мияшита. Бізге негізінен екі жүз миллион жыл тарихы бар, ұзындығы небәрі бірнеше дюймді құрайтын кішкентай түрлері ғана таныс. Сарапшылар ең алғашқы тілтістердің немен қоректенетінін білмейтін. Кішкентай жемтік пе, әлде тіпті балдыр ма, белгісіз. Бірақ олардың басқа балықтардың қанымен немесе етімен қоректенетін арнайы ауыз мүшелері жоқ. Жаңа тасқалдықтар осы жәндіктердің шежіресін айтарлықтай толықтырып, олардың қалай дамығаны туралы тың мәліметтер береді.

Екі жаңа түрдің ең үлкені Yanliaomyzon occisorо-ның ұзындығы 60 см-ден (екі футтан) асады. Бұл оны бұрын-соңды табылған тілтістердің ішіндегі ең ірісі ретінде ерекшелеп тұр. Тілтістің осы түрі  өзінің алдыңғы туыстарына қарағанда бірнеше есе үлкен. Оның мұндай өлшемге қалай жеткенін өткір тістері аңғартса керек. «Қазіргі тілтістердің ересек түрлері паразит болуы да, болмауы да мүмкін», – дейді. Yanliaomyzon occisorо-ның өлшемі әдетте форель немесе жайын сияқты сүйекті балықтармен қоректенетін, бүгінде белгілі ірі паразиттік түрлерге жақсы сәйкес келеді. 

Вудың айтуынша, Yanliaomyzon тілтістерінің өткір тіске толы аузы, балық тілін қозғалтуға арналған поршеньді шеміршек сынды арнайы құрылымы бар. Онысы қалталы тілтіс аталатын, етпен қоректенетін тірі түрдікіне ұқсайды. Тілтістер 160 миллион жыл бұрын үлкенірек болды әрі жемтігінің етін ойып алу үшін балықтардың соңынан қалмай жүзіп жүрді.

Жаңа Yanliaomyzon тасқалдықтарының бірінде тіпті, оның ішектерінде сақталған қаңқа фрагменттері де бар. Бұл оның жемтігін сүйектерімен қоса тістеп, жұлып алғанын көрсетеді. Егер тасқалдық тілтістердің қазіргі қалталы тілтіске ұқсас мүмкіндіктері болса, онда Yanliaomyzon тіпті жемтігіне айналған балықтың бас сүйегін де талқандай алар еді, деп жазады  Ву мен оның әріптестері.

Қолжетімді азықтың өзгеруі ет жейтін тілтістерге эволюция жолын ашқан болуы мүмкін. Бұл тілтістердің ең ежелгілері қалың сауыт жамылған ірі балықтармен бірге өмір сүрді.  Ал қалың сауытқа кішкентай тілтістердің тісі батпайтын еді. Бірақ Вудың айтуынша «160 миллион жыл бұрын, жұқа қабыршақты, сүйекті балықтар көптеп пайда бола бастады. Сөйтіп, тілтістерге жаңа қорек көзі табылды».

Жылбысқа балықтар шебер аңшыларға айнала бастады. Ал жаңа тасқалдықтар бүгінгі қансорғыш түрлер бұрынғы етқоректі түрлерден пайда болғандығын меңзейді.

Сонымен қатар, жаңа тасқалдықтар тілтістердің көп сатылы өмірлік циклі  қашан дамығанын да анықтауға мүмкіндік береді.  Yanliaomyzon-ның екі түрінің де астыңғы жағында ұзын, таспа тәрізді қанаттары бар, – дейді Ву мен әріптестері.  Мұнысы ағынды суларда жүзу үшін қажет. Бұл бір жағынан, Yanliaomyzon-ның қазіргі тілтістер секілді тіршілік еткенін меңзеуі мүмкін: ересек тілтістер ұрпақ қалдыру үшін тұщы өзендерде жүзеді. Ал жас тілтістер азық табу үшін мұхитқа шығып, циклді қайта бастағанға дейін тұщы суда сүзгіш ретінде тіршілік етеді.

Тасқалдықтар сауытты жүзгіштер әлемінде титімдей ғана балық болған тілтістердің қандай негізгі өзгерістерді өткергенін анықтауға да қосымша септігін тигізуі мүмкін. «Басқа омыртқалы топтарға қатысты жазбалармен салыстырғанда, тілтіс тасқалдықтарының шежіресі толық болуға тиіс», –  дейді зерттеуге қатыспаған Чикаго университетінің палеонтологі Майкл Коутс. Оның атап өткеніндей, негізінен тек ауыз қуысының бірнеше оқшауланған бөліктері арқылы ғана белгіліежелгі жануарлар тобы туралы көптеген тың ақпарат ұсынған жаңа тасқалдықтар «ғажайып материал» іспетті. Тілтістердің жыртқыштық қабілеті Юра кезеңіне қарай дамығаны енді анық болды.

АВТОРЫ: РАЙЛИ БЛЭК