8Қар

Кенті баба қорымы

Маңғыстау өлкесіндегі киелі орындардың бірі саналатын «Кенті баба» қорымы – тарихтың қайнар көзі. Х-ХVІ ғасырларға жататын бұл жәдігер Форт-Шевченко қаласынан 56 шақырым солтүстік бағытта, Шетпе мен Шайыр ауылдарының аралығында орналасқан.

Архитектуралық ерекшелігіне келсек, Кенті баба кесенесі – төртбұрышты күмбезді ғимарат, жоғары қарай екі жаны сүйірленіп жасалған. Ашық далада орналасқан қорым әр адамның көңілінде ерекше әсер қалдыратыны анық.

«Өткеніңді білмей, ертеңіңе көз жүгірте алмайсың» дейді дана бабаларымыз. Осы сөзді жадына түйіп, тарихқа үңілуді мақсат тұтқан, тәубеге келіп, тілек тілеймін деген жандар киелі орынға зиярат етуге келеді.

Кенті баба деген кім?

Аңыз Кенті бабаның өз заманында халықты мұсылмандыққа бастаған діндар, тақуа, әулие адам болғанын айтады. Сол себепті де бұл қорымды жергілікті халық киелі нысан деп есептейді.

Кенті баба қорымын неге «Өлгендер қаласы» деп атайды?

Тірі адамдардың емес, дүниеден озғандардың қаласы саналатын қорымның бір құпиясы бары анық. Деректерге сүйенсек, Кенті бабада 130 мемориалдық ескерткіш бар. Мұнда соғыста қаза тапқан ер адамдар жерленген деген жорамалдар бар. Қорым қабырғаларында түрлі аңдар, арқарлар, жылқылар, түйелер, сондай-ақ үшбұрыштар (тұмар), өрнектер, киелі орынды зұлым күштерден сақтайды деген сеніммен жайылған алақан бейнеленген.

Қорымның басты нысандары болып саналатын үш мавзолейі бар: оның екеуі бір-біріне жақын орналасқан, үшіншісі қираған. Сонымен қатар мавзолейлердің бірінде бір адамдық өткел мен жоғары көтерілетін баспалдақ бар.  Сол арқылы жоғары көтеріліп, дала мешітінің құбылаға қараған тұсында арнайы орында намаз оқуға болады.

Қорым қазіргі таңда Маңғыстау облысы әкімдігінің 2018 жылғы 5 қаңтардағы №3 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген. Сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. (https://mangystau.inmap.kz/kz/places/?title=kentyi_baba_koryimyi_570&page=2) Айта кетейік, қорым Сұлтан үпі жерасты мешітінен екі шақырым жерде орналасқан.

Фото: Ерболат Шадрахов