26Мау

Жұртшы

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Жұртшы (Neophron percnopterus) – сұңқартәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын жалғыз түр, жыртқыш құс.

Ағылшын тілінде мысырлық құзғын деп аталатын жыртқыш құс елімізде сирек кездеседі. Саны жыл сайын қысқарып жатқандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына ІІІ санат бойынша тіркелген. Әлем бойынша да қауіп төніп тұрған түрлер қатарында тізімделген.  

Тіршілік аумағының тарылып, санының кемуіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Заңсыз аулау, басқа жануарларға қойылған қақпанға түсу, улану, сондай-ақ басқа жыртқыш құстармен мекен аумағы үшін бәскелестік те олардың өліміне әкеледі. Қазақстандағы саны туралы нақты ақпарат жоқ. 2010 жылғы «Қызыл кітап» ұяларының сирек ұшырасуы мен топтасып жүрген құстардың көзге түспеуі себепті ел аумағында бірнеше жүз жұп қана бар деп топшылайды.

Жұртшы – жыл құсы. Наурыздың аяғы, сәуірдің басына қарай ұшып келеді, қыркүйектің соңына қарай ұшып кетеді. Африка, Оңтүстік Еуропа, Арабия, Иран, Ауғанстан, Үндістан және Орталық Азия тауларында мекендейді. Ал қысқы ұяларын Үндістан мен Африканың тау-тасты бөліктеріне салады. Біздің Республикамыздың аумағында Тянь-Шань, Жоңғар Алатауының сілемдері мен Үстірт құздарында ұшырасады. Ақсу-Жабағылы, Үстірт қорықтары мен «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында қорғалады.

Жұртшылар шөлді аймақтардағы аласа таулардың жартасты бөліктеріне, жыраларда не ірі жоталардың құрғақ бөктерлері мен құздарды өз тіршілік ортасына айналдырған. Қолайлы орта табылмаған жағдайда ескі ғимараттар мен ағаш бастарында да ұясын сала береді. Адамдардан қалатын азық көзі үшін елді мекендерге қоныстанатын кездері де болады.

Физикалық сипаттамасына келер болсақ, дене салмағы 1,5-2,1 кг аралығынд болады. Денесінің ұзындығы – 57-77 см, қанат құлашының ұзындығы – 1,68 см.

Басы мен арқасы ақ түсті болып келеді. Қанаттарының ұшы қоюлау, қара десе де болады. Тұмсығының (бетінің) түсі сары, көбею кезінде қызғылтсарыға ауысады. Бетінде қауырсындардың болмауы жылуды реттеуге, сондай-ақ тамақ қалдықтары бетіне жабысып, кедергі келтірмеуі үшін пайдалы. Тұмсығы ұзындау, ұшы иілген. Мекиені мен әтешінінің сыртқы көрінісінде айтарлықтай өзгешелік жоқ. Алайда аналығы әдетте аталығынан сәл ірірек, салмағы да ауырлау. Жыныстық тұрғыдан жетілмей тұрып, екеуі де қоңыр түсті болады.

Олар моногамды, жылына бір рет балапандайды. Ұяларын жартастар мен жыралардың қуысына жүн, қылшық, ескі шүберек секілді материалдардан салады. Сәуірдің аяғында ұяда 1-3 жұмыртқа пайда болады, оларды алғашында тек мекиен басады да, кейінірек әтеш те жауапкершілік алып, жұмыртқасын басуға кіріседі. Балапандар жұмыртқаны 39-45 күн аралығында жарып шығады. Ұяда біраз уақыт ата-анасының қарауында өмірге икемделеді де, 71-85 күннен кейін ұяны тастап, өз бетімен тіршілік ете бастайды. Балапандардың түсі алғашында ақшыл сұр түсті, беті қою жасыл болып келеді. Жыныстық жағынан 6 жасында жетіледі.

Жұртшы құсының қанша жыл өмір сүретінін бағамдау қиын, себебі олар жылы жаққа ұшып кеткен соң, кеткен орнына қайтып келе бермейді. Алайда осы кезге дейін 37 жыл өмір сүрген жұртшы тіркелген.

Жұртшының әлеуметтік мінез-құлқы азық қолжетімділігіне байланысты өзгеріп отырады. Егер олар қорек көп жерде болса, жыныстық жетілмеген жұртшылармен және басқа да жыртқыш құстармен қатар тіршілік ете береді.  Ал азық қоры аз болса, өз серігімен ғана не жалғыз жүреді.

Тамағын табуға олардың өткір көзі көмектеседі, иіс сезу қабілеті жақсы емес. Жемтігін көзге оңай түсетін жазық далаларда аулағанды қолай көреді. Азық талғамайды: көзге түскен қыбырлағанның бәрін – жәндіктер, кішкене құстар, жұмыртқалар, сүтқоректілер, бауырымен жорғалаушыларды да жей береді. Ірі жануарлардың, төрт түліктің де өлекселерімен қоректенеді. Жыртқыш құстар иерархиясында олар бүркіт, сұңқар секілді ірі құстардан кейін тұрады, сондықтан ортақ азыққа солардан кейін ғана ауыз салады. Сол себепті де олар ірі жыртқыштардан қалған қалдықтарды тазалап жеуге, сүйек мүжуге жақсы бейімделген.

Neophron percnopterus – азық табу үшін құрал қолданатын аздаған түрлердің бірі. Олар түйеқұстікі секілді ірі, қабығы қатты жұмыртқаларды жару үшін айналасынан тас іздеп табады да, өзіне тән әдіспен жұмыртқаға лақтырады. Осылайша тұмсығымен жара алмайтын қабықтарды жарып, ішіндегі ішіндегісімен қоректенеді.

Бұл құстардың экожүйедегі орны өте маңызды. Себебі, олардың қоршаған ортамызды органикалық қалдықтардан тазалаудағы рөлі зор. Сондай-ақ кей құстардың, сүтқоректіліердің, басқа да түрлердің популяциясының шектен тыс артып кетпеуіне септігін тигізеді.

Фото: Ерболат Шадрахов