16Фев

Кит туралы миф

Таңертеңгі күн шапағы Антарктиданың Герлаче бұғазындағы В типті орканың мұрнынан шыққан буды анық көрсетіп тұр. Фото: ДЖАСПЕР ДУСТ, NAT GEO СУРЕТТЕР ЖИНАҒЫ

19 ақпанда әлем бойынша халықаралық теңіз сүтқоректілерін қорғау күні атап өтіледі. Бұл күн 1986 жылы Халықаралық кит аулау (International Whaling Commission — IWC) комиссиясында бекітілген. Кейбір елдерде оны Киттер күні деп те атайды. Осыған орай, кит туралы халық арасында кеңінен таралған аңыздардың шын-өтірігін оқи отырыңыз.

Бұл теңіз сүтқоректілері туралы жиі кездесетін қате түсініктерді жою, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін өте маңызды.

«Киттің үлкендігі соншалық, олар адамдарды тірідей жұтып қоя алады» деген сенім Киелі кітаптағы Жүніс пен Кит туралы әңгіме сияқты ескі. Жақында Массачусетс штатындағы Кейп Кодтағы шаян аулаушы сияқты, адамдардың кит аузына түскен жағдайлары болғанымен, киттің көпшілігі адамды тіпті жұта да алмайды.

Осындай соңғы оқиғадан кейін британдық коммерциялық емес Киттер мен дельфиндерді сақтау ұйымының қызметкері Никола Ходжинс National Geographic-ке айтқандай, киттің көпшілігінің жұтқыншағы адам өлшеміндегі нәрсені жұту үшін тым кішкентай. Мысалы, өркешті киттің аузы 10 футқа (3 метр) жетуі мүмкін, бірақ оның өңеші диаметрі шамамен 15 дюймге (38 см-ге) дейін созылуы мүмкін. Тек кашалоттың өңеші адам өлшеміндегі олжаны ұстауға жеткілікті үлкен, бірақ оның терең жағалау суларында өмір сүретінін ескерсек, бұл түрдің адамды жұтуы тұрмақ, онымен кездесуі екіталай.

Бұл ғылым арқылы жоққа шығаруға болатын, кит туралы көптеген қате түсініктің бірі ғана. Адамдар әдетте киттердің барлығы ән айта алмайтынын естігенде таңғалады. Сонымен қатар, бұл жануарлар су астында тыныстай алмайды және олар тыныс алу тесіктерінен су шашпайды. Осылайша, біз осы теңіз сүтқоректілері туралы ең көп таралған мифтерге нүкте қойып, жоққа шығарамыз.

Киттің түгі бар

Үлпілдеп көрінбегенімен, киттің де түгі болады. Ходжинс кейбір киттер мен дельфиндер тұмсықтарында мұрт тәрізді нәрсемен туылатынын айтады. Бұл мұрттар тез жоғалады, өйткені жануарларға су астындағы жылуды сақтау үшін жүн «мүлдем қажет емес». Бұл мұрттар тек кейбір түрлерде көрінгенімен, түк фолликулаларының болуы эволюциялық қасиет. Оны барлық түрлерде, соның ішінде өркешті және көк киттерден байқауға болады.

Кит су астында тыныстай алмайды

Сүтқоректі болғандықтан, киттердің де «біздікі сияқты өкпелері бар және біз сияқты ауамен тыныс алады», – дейді теңіз биологі және Теңізді қорғау қоғамының қамқоршысы Эмили Каннингэм. Оның айтуынша, адамдар «китті балықтың бір түрі деп ойлайды. Бұл мүлдем дұрыс емес».

Адамның мұрнымен және аузымен дем алатыны сияқты, киттің де басының жоғарғы жағында тыныс алу тесігі бар, мұртты киттерде екеу болады. Бұл танау сияқты, — дейді Каннингэм. Адам мұрнына ұқсамағанымен, кәдімгідей дем алып, дем шығарады.

Доминикан жағалауы маңында жүзіп бара жатқан кашалот (2020 жылғы наурызда nationalgeographic.com сайтында жарияланған)
Фото: Флип Никлин, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Киттердің тыныс алуы «өте тиімді», – деп толықтырады  Пиппа Гаррард, Hebridean Whale and Dolphin Trust білім беру менеджері. – Олар тыныс алу мен жүрек соғу жиілігін саналы түрде басқарады. Оттегі деңгейін реттеу қабілеті әсіресе терең суларда тіршілік ететін түрлері үшін маңызды. Су астына түскеннен кейін олар жүрек соғу жиілігін бәсеңдетіп, оттегімен қаныққан қанды өздеріне қажет жерлерге, соның ішінде миына, жүрегіне және бұлшықеттеріне бағыттай алады».

Кит су астында демін қанша уақыт ұстай алатындығы оның түрлеріне байланысты: кішкене жолақты киттер (minke whale) демін шамамен 15 минут, кашалоттар 90 минутқа дейін, ал тұмсықты Кювье киттері екі сағаттан артық ұстай алады.

Кит тыныс алу тесіктерінен су емес, ауаны шығарады

Гаррардтың айтуынша кит су бетіне шыққан кезде сіз еститін ерекше шу оның дем жұтып, қайтадан су астына сүңгуіне дейінгі «дем шығаруы». Мультфильмдерде жиі су ағыны ретінде бейнеленетін, «біз көріп отырған нәрсе – киттің тынысы» деп түсіндіреді ол. Киттің өкпесінен шыққан жылы ауа сырттағы суық ауамен кездескенде, буға конденсацияланады. Оған киттің дем шығарған кезде тыныс алу саңылауын жауып тұрған шырышы мен теңіз суының тамшылары да қосылып, су шашқандай көрінеді.

Ғалымдар киттің тыныс алуынан көп нәрсені біле алады. «Көптеген түр өмірінің шамамен 95%-ын су астында өткізеді. Тыныс алу үшін шықпаса, оларды ешқашан көрмес едік», – дейді Каннингэм. Ғалымдар дем шығаратын киттердің үстінен ұшып өтіп, жануарларды алаңдатпай шырыш үлгілерін алу үшін петри табақтарымен жабдықталған арнайы дрондарды пайдаланады. Бұл зерттеушілерге «олардың денсаулығы, стресс деңгейі, ластаушы заттардың болуы және барлық қызықты нәрселер туралы білуге» мүмкіндік береді. Ғалымдар киттерді демтесік пішіні бойынша да анықтай алады.

Киттің тыныс алу саңылауынан су шығады деген қате түсінік жақсы ниетті қоғам мүшелері жағаға лақтырылған китті құтқаруға тырысқанда, зиян келтіруі мүмкін. British divers Marine Life Rescue қызметкері Дэн Джарвис адамдар жағаға лақтырылған китті тауып алып, «ол балық болғандықтан, оны сумен толтыру керек деп ойлап, суды тікелей демтесігіне құйған» жағдайлар болғанын айтады. Өкінішке қарай, соның салдарынан олар байқаусызда жануарды өлтіріп алған.

Киттердің бәрі ән айтпайды

Көптеген адам киттердің әнімен таныс. Бұл – мұхит арқылы үлкен қашықтыққа таралуы мүмкін болжамды, кейде күрделі дыбыстардың тізбегі. Бірақ киттің бәрі ән айтпайтынын көпшілік біле бермейді.

Киттердің өркешті кит, финвал, көк кит және поляр киті секілді түрлері ғана ән айтатыны тіркелген. Бірақ  дыбысты қалай шығаратыны құпия болып қала бермек, өйткені оларда дауыс желбезегі жоқ.

Алайда тісті киттер, соның ішінде кашалоттар, гриндалар (Globicephala macrorhynchus) және ақ дельфин (белуха) эхолокация үшін дыбысты пайдаланады,  бірақ ән айтпайды. Кашалоттың күші 200 децибелден асатын  шықылықтауының қатты болатыны соншалық, діріл сізді өлтіруі мүмкін. 

Сонымен қатар, тек мұртты киттердің еркегі ән айтады, дейді Вудс Хоул океанография институтының ғылыми маманы және Гэмпшир колледжінің профессоры Лаэла Сайиг. Ол «еркегі де, ұрғашысы да шығаратын «әуенсіз айқайлардың» алуан түрі» бар болғанымен, ұрғашы кит ән айтпайтыны белгілі деп түсіндіреді. Сайигтің айтуынша, еркек киттердің ән айтуының себебі талқылануда, бірақ көбі оны «басқа еркектермен бәсекелесу немесе аналықтарды тарту үшін» репродуктивті демонстрация деп санайды.

Еркек кит ән айтуды басқа киттерден үйренеді. Әрбір популяцияның әні де әртүрлі, олар уақыт өте келе өзгеруі мүмкін. Бұл зерттеушілерге белгілі бір популяцияларды анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, Үнді мұхитында 2020 жылы көк киттердің жаңа популяциясы табылды. (Киттердің әртүрлі ән айтқанын тыңдаңыз – айқайлаудан бастап, қанаттарын қағуға дейін.)

Кит тәрізді акуланың китке қатысы жоқ

Жерде киттердің 90-ға жуық түрі белгілі және жаңа түрлері әлі де табылып жатыр. Жақында Тынық мұхиттың солтүстігінде 2019 жылы berardius тұмсықты киттің үшінші түрі, ал 2021 жылы Мексика шығанағында Райс киті табылды.

Алайда кит деп аталатын кейбір түрлер тіпті де кит емес. Кит тәрізді акулалар киттің көлеміндей болып өседі. Ең үлкен тіркелген акула  кашалоттардан да үлкен, ұзындығы 61,7 футқа жетеді. Бірақ «Мадагаскар кит тәрізді акулалар» жобасының негізін қалаушы Стелла Диамант олардың «шын мәнінде нағыз акулалар» екенін айтады.

Киттен айырмашылығы, акула – балықтың бір түрі. Бұл  олардың салқын қанды, желбезекті екенін және қаңқасы сүйектен емес, шеміршектен тұратынын білдіреді. Айырмашылықты анықтаудың ыңғайлы әдісі – киттің құйрығы жоғары-төмен, ал акуланың құйрығы екі жағына қарай қозғалады.

Мадагаскар суларында бұл айырмашылық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Киттер заңмен қатаң қорғалғанымен, жойылып кету қаупі төнген кит тәрізді акулалар қорғалмаған. Елдегі қорғалатын теңіз аймақтары кит тәрізді акулалардың тіршілік ету ортасының аз ғана бөлігін қамтиды және табиғат қорғаушылар жойылып кету қаупі төнген осы түрді, сондай-ақ басқа акулалар мен скаттарды жақсы сақтау үшін ресми шаралар қабылдауға шақырады.

«Мадагаскар – бұл нәзік алыптар үшін маңызды тіршілік ету ортасы, сондықтан түрдің өмір сүруі үшін, сондай-ақ теңіз экотуризміне сүйенетін жергілікті қауымдастықтар үшін кит тәрізді акулаларды киттер сияқты қорғауға алу өте маңызды», – дейді Диамант.

Киттер мен акулалар теңіз экожүйесінің саулығы үшін өте маңызды. Киттер маңызды қоректік заттарды мұхитқа таратады, ал акулалар негізгі жыртқыш бола отырып, экожүйеде теңгерімді ұстау үшін азық түрлерін бақылауда ұстайды. Мұхит туралы әлі де көп нәрсе білуге болатындықтан, жер бетіндегі адамдар бүкіл экожүйені болашақ ұрпақ қалай қауіпсіз әрі саулықтау ұстау керектігін түсінуі үшін қате түсініктерді жоюдың маңызы өте зор.

Авторы: Мелисса Хобсон

Ағылшын тілінен аударған Әлия Құлахметова