Мыңдаған жыл бұрын қайтыс болса да, Шығыс Азиядағы Тарим ойпатынан қазып алынған мына жүздеген мәйіттің тірі сияқты көрінетіні таңдандырады. Олардың ежелгі мәдениетке тән сақталып қалған шаш үлгісі, киім-кешектері мен құрал жабдықтары бір кездері мынадай ойға да жетеледі: олар – мыңдаған жыл бұрын қазіргі Қытай аумағына қоныс аударған үнді-еуропалық мигранттар.
Бірақ мумиялардың мінсіз сақталуы олардың жалғыз тосын сыйы емес еді. Заманауи ДНҚ талдауы сақталған мәйіттер Тарим ойпатының байырғы халқына тиесілі екенін, бірақ жақын маңдағы басқа популяциялардан генетикалық жағынан ерекшеленетінін көрсеткенде, Тарим ойпаты мумияларының жұмбағы күшейе түсті. Бүгінде зерттеушілер олардың мәдени тұрмысы, күнделікті өмірі мен қазіргі адамзаттың әлемге таралуындағы рөлі турасындағы сұрақтарға әлі күнге ойланады.
(Сіз ешқашан естімеген мумиялармен танысыңыз.)
Тарим ойпатының мумиялары қалай табылды?
Ойпат айналасындағы әртүрлі зираттарда 4000 жыл бұрын жерленген, табиғи мумияланған мәйіттерді алғаш рет 20 ғасырдың басында еуропалық зерттеушілер тапқан. Уақыт өте Тарим мәйіттері мәдени жәдігерлерімен бірге көптеп табылып жатты. Бүгінге дейін жүз шақтысы табылды. Ең ежелгі мумиялар шамамен б.д.д. 2100 жылдарға, кейінгілері біздің дәуірімізге дейінгі 500 жылдарға жатады.
Тарим ойпатының мумиялары шын мәнінде кімдер болған?
Бастапқыда мумиялардың батыстық киімдері мен еуропалық келбеті оларды еуропалық тамыры бар, бәлкім Сібірден келген қола дәуіріндегі бақташылармен немесе қазіргі Иран жерінен келген егіншілермен байланысты үнді-еуропалық мигранттар тобының қаңқалары деген гипотезалар туғызды.
Олар ақшыл, қызғылтқоңыр және жирен шашты, үлкен мұрынды. Жүннен, теріден немесе сиыр терісінен жасалған жарқын, кейде тіпті талғампаз киімдер киген. Кейбіреулері үшкір қалпақ кисе, киімінің кейбір бөлігі білеу матадан жасалған, бұл батысеуропалық мәдениетпен байланысты көрсетеді.
(Мұз адамы Эци: Еуропадағы ең атақты мумия туралы біз не білеміз?)
Басқалары Кельттерді еске түсіретін шақпақ киім киген. Солардың ең көрнектісінің бірі – мың жылдан астам уақыт бұрын шотланд юбкасында көмілген, бойы алты футтан асатын, жирен шашты, қаба сақалды Чярчан Ман деп аталатын мумия.
Ең танымал мәйіттің тағы бірі – «Ханшайым» немесе «Сұлу» деп аталатын Сяохэ. Жирен шашты, атжақты келген, бүгінге дейін сақталған ұзын кірпіктері бар 3800 жастағы әйел ажалға күлімсіреп тұрғандай. Ол үлкен киіз қалпақпен, әдемі киіммен, тіпті әшекейлерімен жерленсе де, қоғамдағы дәрежесі қандай болғаны әлі белгісіз.
Бірақ 2021 жылы 13 мумияның ежелгі ДНҚ-сын зерттеу олардың қола дәуірінде өңірдің бүгінгі шөл даласына ұқсас аймақта өмір сүрген, көршілерінің егіншілік тәжірибесін сіңіре отырып, мәдениет пен гендегі айырмашылықты сақтаған оқшауланған топқа жатады дейтін қазіргі ортақ ұйғарымға әкелді.
Ғалымдар мумиялар ежелгі солтүстік-еуразиялықтардың – қазіргі еуропалықтармен және байырғы америкалықтармен генетикалық байланысы бар ежелгі аңшы-терімшілердің Батыс Азиядан Орталық Азияға қоныс аударған салыстырмалы түрде шағын тобының ұрпақтары деген қорытындыға келді.
Қалай мумиялады?
Бұл мәйіттер қандай да бір жерлеу жорасы ретінде әдейі мумияланбаған. Керісінше, әлемдегі ең үлкен шөлдердің бірі Такла-Макан шөлін қамтитын Тарим ойпатының құрғақ, тұзды ортасы мәйіттердің баяу, кейде тіпті болмашы ғана ыдырауына мүмкіндік берді. (Олардың сақталуына осы аймақтың қатты суығы да әсер етті деп саналады).
(Табиғат осылайша мумияларды кездейсоқ жасайды…)
Қалай жерлеген?
Зерттеушілердің айтуынша, көптеген мәйіт ірі қара мал терісімен жабылған қайық тәрізді ағаш табыттарда жерленіп, басына ағаш сырық немесе ескектен белгі қойылған. Жерлеу орындарында қылша шөптерінің табылуы оның медициналық немесе діни маңызы бар екенін көрсетеді. Бірақ ол қандай дін екені және неліктен кейбір қабірде ағаш сырықтарының концентрлі сақиналары қолданылатыны әлі күнге дейін түсініксіз.
Олар не жеді?
Мумиялардың зираттарынан табылған маскалар, бұтақтар, бәлкім фалликалық заттар мен жануар сүйектері олардың күнделікті тұрмыс салтынан қызықты мағлұмат берер. Мәдениетіне қатысты сұрақтың көпшілігі жауапсыз қалғанымен, қабірлері олардың азығы қандай болғаны және егіншілікпен айналысқандығы туралы айғақтарға нұсқайды. Мумиялар арпа, тары және бидаймен, тіпті бұрын-соңды табылған ең көне ірімшіктің алқаларымен бірге көмілген. Бұл олардың егіншілікпен ғана айналысып қоймай, күйіс қайыратын мал өсіргендігін де көрсетеді.
Күнделікті өмірі қандай болды?
Тарим ойпатының тұрғындары генетикалық тұрғыдан бір-бірінен өзгеше болды. Бірақ жерлеуден ірімшік жасауға дейінгі әдет-ғұрыптары, сондай-ақ сол заманда шалғай жерлерде қолданылған әдістер мен әртістікті байқататын киімдері басқа мәдениеттермен араласқанын, олардан үйренгенін, уақыт өте тәжірибелерін сіңіріп, жеке өркениетке кіріктіргенін көрсетеді.
Енді зерттеушілердің пайымдауынша, олардың күнделікті тіршілігі күйіс қайыратын жануарларды өсіруден бастап, метал өңдеуге және себет тоқуға дейінгінің бәрін қамтыған. Бұған қазіргі Тарим ойпатының шөлейтті аймағы бір кездері әлдеқайда жасыл әрі тұщы суы да көп болғандығы ықпал еткен.
(Татуировкалы мумиялар ашқан ежелгі татуировка тарихы.)
Сонымен қатар, зерттеушілер Тарим ойпатының тұрғындары басқа халықтармен сауда жасап, өзара әрекеттескен жер кейіннен шөлейтті далада Шығыс пен Батысты байланыстырған Жібек жолындағы маңызды дәлізге айналды деп пайымдайды. Дегенмен археологтер осы ежелгі адамдардың күнделікті өмірі қандай болғаны туралы әлі көп нәрсені анықтауы керек: олар кіммен сауда жасады, қандай діни наным-сенімді қабылдады, қауымдары әлеуметтік жағынан жіктелген бе?
Тарим ойпаты мумиялары неліктен дау тудырады?
Таңғаларлық қалыпта сақталған мумиялар археологтерді көптен бері қызықтырып келеді. Алайда Тарим ойпаты мумиялары саяси «ыстық нүктеге» де айналып отыр. Бұл аумақ Қытайдағы азшылық ұлт – ұйғырлар тұратын қазіргі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында жатыр. Ұйғыр ұлтшылдары мумияларды ата-бабаларымыз деп санайды. Бірақ Қытай Үкіметі мұны жоққа шығарады және ғалымдардың мумияларды зерттеуіне немесе ежелгі ДНҚ-сын талдауына мүмкіндік бергісі келмейді. Қытай 2011 жылы тасымалдау үшін тым нәзік екенін мәлімдеп, көшпелі көрмеден мумиялар тобын алып кетті. Мумияларға қатысты кейбір ДНҚ зерттеулері Қытайдың ұйғырларды ассимиляциялау әрекетін қолдау үшін аймақтың өзіндік бірегейлігін төмендетуге талпыныс ретінде сынға алынды. Жұмбақ мумиялар туралы әлі де көп нәрсені білуіміз керек болады. Сол сияқты олардың саяси және ұлттық рәміз ретіндегі болашағы да әлі даулы күйінде қалып отыр.
Автор: Ерин Блейкмор