28Қыр

Табиғат жадында бәрі сақтаулы. Әлемдегі радиоактивті 4 жануар туралы

Жапония тауларынан бастап Германия ормандарына дейінгі  аумаққа таралған «үлгілер» ядролық сынақтар мен жойқын апаттардың ұзақ мерзімге созылатын салдарын көрсетіп берді.

Эниуетак атолы маңын мекен еткен теңіз тасбақалары ондаған жыл бұрын Америка жүргізген ядролық сынақтардың салған ізін арқалап жүр. Олар адамзат қолдан  жасаған алпауыт қарудың зардабын шеккен көптеген жануардың бірі ғана.
ФОТО: РАЙНХАРД ДИРШЕРЛ/ULLSTEIN BILD VIA GETTY

Теңіз тасбақалары үшін Аустралия мен Гауай аралдарының орта шеніндегі жасыл атолдар төңірегіндегі Тынық мұхиттың салқын суына тең келер  табиғи орта жоқ.

 Тек ондағы радиацияны айтпасақ, әлбетте солай. АҚШ ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде атолды басып алып, мұнда 43 рет ядролық қару сынағын жүргізді.  Кейін радиоактив қалдықтарды бетон молаларға көміп кеткенімен, ол біраз уақыт өткен соң біртіндеп сыртқа шыға бастады.

 Ғалымдар теңіз тасбақаларының сауытынан ядролық қалдықтардың жұғынын тапты. Бұл тасбақаларды жаһандық ядролық ластанудан зардап шеккен жануарлар қатарына жатқызуға жеткілікті дәлел.

Ядролық сынақтар мен апаттардың радиациясы тропикалық мұхиттардан бастап, Германия ормандары мен Жапон тауларына дейін бүкіл әлем фаунасында кездеседі. Жануарлардағы радиация адамға қауіп төндірмейді десек те,  олар ядролық қару қалдырған зұлматтың куәсі болып қала бермек.

«Бұл оқиға бізге сабақ болса игі, – дейді Венаның технология университетінің радиохимигі әрі жануарлардағы радиоактив сарапшысы Георг Штайнхаузер. – Табиғаттың жадында бәрі сақтаулы».

Эниуетак атолының теңіз тасбақалары

Алпауыт елдердің 20 ғасырдың ең қуатты қаруын құрастыру жолында жасаған сынақтары бүгінде әлем бойынша радиоактив деңгейінің артуына әсер етуде. АҚШ 1948 жылдан бастап, 1958 жылға дейін Эниуетакта ядролық қару сынап келді.

1977 жылы АҚШ  атолды радиоактив қалдықтардан тазалап, көп бөлігін аралдардың біріндегі бетон шұңқырға көмді. Тасбақадағы радиосигналды зерттеген ғалымдар осы кезде атолдың шағын мүйістеріне залалды қалдықтар шөккен болуы мүмкін деп шамалап отыр. Осы шөгінділер жүзіп жүрген тасбақаларға жабысуы немесе олар әуелі балдырларға жұғуы мүмкін. Ал балдыр тасбақалардың негізгі қорегі.

Осы мақаланың жазылуына түрткі болған теңіз тасбақасы қалдықтарды тазалау аяқталған соң, бір жылдан кейін табылды. Тынық мұхит солтүстік- батыс ұлттық зертханасында жүргізілген зерттеу жұмыстарын басқарған Сайлер Конрадтың айтуынша, радиация белгілері тасбақа сауыттарынан табылған.

Конрад тасбақаларды діңгекті ағашқа ұқсатты. Кесілген ағаштың діңіндегі домалақ сақина пішіндес шеңберге қарап, жасын есептейтіні сияқты, тасбақаның сауыты ондағы радиация мөлшерін анықтауға көмектесті.

«Мен ядролық сигналдардың қоршаған ортаға тигізетін әсері осынша кең ауқымды болатыны туралы толық білмей келіппін, – дейді Мохава шөлінде, Оңтүстік Каролинадағы Саванна өзенінде және Теннесидегі Ок-Ридж резервациясында радиация белгілері бар тасбақаларды зерттеген Сайлер Конрад.  – Бұл аумақтарда болған ядролық сынақтар әртүрлі жерде әртүрлі  тасбақалардың қалыптасуына алып келді».

Германия: Баварияның жабайы қабандары

Ядролық қару сынақтары лас қалдықтарды шаң және күл қалпында атмосфераның жоғарғы қабатына шығарады да қою бұлт түзеді. Ол жерге жауын-шашын түрінде қайта түседі.

Мәселен, Бавария ормандарында тіршілік ететін кейбір жабайы қабандардағы  радиация кей кездері адам сенгісіз деңгейге жетеді. Ғалымдар мұны ұзақ жылдар бойы көршілес Украинаның Чернобыль атом стансасында болған жойқын апаттың салдары деп ойлап келді.

Алайда Штайнхаузер  мен оның ғылыми тобы бавариялық қабандардағы радиоактив заттардың  68%-дан  астамы Сібірден бастап, Тынық мұхитқа дейінгі кез-келген аумақта болған жаһандық ядролық сынақтардан жұққанын анықтады. Цезийдің түрлі изотоптарына тән «Ядролық криминалды саусақ іздерін»  тапқан Штайнхаузердің тобы Чернобыльді ластанудың негізгі көзі тізімінен алып тастады.

Қабандар залалды радиацияны жауыннан кейін өсіп шыққан жерқұлақтарды жеп, содан жұқтырған болып шықты.

Штайнхаузер жабайы қабандардың тілінен зерттеуге керек  материал алып, сараптама жасағанда әр келі етке (салмағына-ред) шаққанда 15 000 беккерель радиация тапқан. Бұл сандар келісіне 600 беккерель болатын еуропалық қауіпсіздік деңгейінен едәуір асып кетті.

Ең бірінші сараптама нәтижесі қолға тигенде Штайнхаузердің шәкірттерінің бірі: «Мынау қателік болар, бәлкім. Жабайы қабандардың бойында осынша көлемде қару-жарақтық цезий болуға тиіс емес», – деген екен. Тек тағы  бір рет сараптама жасап, өлшемдерді қайта тексеріп шыққан соң ғана  «қабандар ескі ядролық қару бөлген цезийді біздің шамалауымыздан да көп көлемде арқалап жүр» деген тұжырымға келген.

Бавария қабандарының тілінен алынған үлгі ондағы радиация көлемі 1 келіге шаққанда 15 000 беккерельге жететінін көрсеткен.
ФОТО: НИКОЛАС АРМЕР/PICTURE-ALLIANCE/DPA/AP

Норвегияның солтүстік бұғылары

Чернобль апатының салдары Еуропаның басқа аймақтарында айқын байқалады. Апаттан кейін бүкіл құрлыққа жауын -шашын арқылы радиоактив  радиация тарап, ол әлі күнге дейін жойылған жоқ. «Еуропа Чернобыльдан кейін қатты ластанды. Ол біздегі радиоактив цезийдің нөмірі бірінші қайнар көзі», – дейді Штайнхаузер.

Радиация шөккен бұлттар Норвегияның солтүстік батысына көшіп,  жаңбырға айналды. Жауын-шашын бағдары құбылмалы ауа-райына тәуелді болғандықтан: «Норвегияда апаттан кейінгі ластану әртүрлі тарады, – деп түсіндірді Норвегияның радиация және ядролық қауіпсіздік басқармасының ғалымы Рунхильд Гьелсвик. – Ол мүлде біркелкі емес».

Жауын-шашын – саңырауқұлақтар мен қыналардың басты қорегі. Әсіресе қына  жауын суына тәуелді дейді Гьелсвик, себебі  тамыры болмағандықтан, қоректік заттарды тек ауадан ғана алады. Кейін оларды үйірлі бұғылар жеген. Чернообыль апатының артынша кейбір бұғының етінде әр келісіне кем дегенде 100 000 беккерельден жоғары радиация жиналған.

Чернобыль радиациясымен уланған саңырауқұлақ пен қына жеген Норвегияның солтүстік бұғыларынан ядролық қаруда кездесетін элементтер табылған.
ФОТО: АСГЕЙР ХЕЛЬГЕСТАД, Табиғат бейнелері кітапханасы

Рунхильд Гьелсвиктің айтуынша, қазіргі таңда радиацияға уланған қыналардың басым бөлігі жойылды, бұл дегеніміз норвег бұғыларының бойындағы радиация еуропаның қауіпсіздік деңгейінен төмен  екенін білдіреді. Алайда қайсыбір саңырауқұлақ қаптап өсіп шығатын жаңбырлы жылдары қой етінен талдамаға алған үлгіде радиация мөлшері әдеттегімен салыстырғанда, 2000 беккерельге жетуі мүмкін. 

 «Чернобыльдан тараған радиоактив заттар әлі күнге саңырауқұлақтарға, өсімдіктер мен жануарларға, адамдарға беріліп жатыр», – дейді Гьелсвик.

Жапонияның макактары

Жапонияның қызылбет маймылдары да осы жағдайға душар болды.

2011 жылы Фукусима-дайичи атом электр стансасындағы жойқын апаттан соң  жапонның макака маймылдарының бойындағы цезий мөлшері ең жоғары шекке, келісіне 13 500 беккерельге дейін жоғарылаған. Мұны Nippon ветеринарлық клиникасы және жаратылыстану ғылымдары университетінің профессоры Шиниши Хаяма (Shin-ichi Hayama ) жүргізген  зерттеулер көрсетіп берді.

Хаяманың зерттеу жұмысы негізінен макактардың алдыңғы аяғындағы тіндер үлгісіне негізделді. Себебі жануарлар жергілікті ағаштардың, сондай-ақ саңырауқұлақтар мен бамбуктардың қабығы мен өскіндерін талғажау қылып жүргенінде құрамындағы радиоактивті цезийді сіңіру мүмкіндігі жоғары болды.

Профессор Хаяма цезий шоғырының жоғарылығына қарап, апаттан соң өмірге келген маймылдар бойының өсуі тежелуі және бастары кішірек болып келуі мүмкін деген болжам жасады. Дегенмен цезий мөлшері соңғы кездері біршама төмендеп келеді.

 Бұл жануарлар қауіпті ме?

Жануарлардағы радиоактивті зерттеушілер олардың бойындағы радиация адам баласына қандай бір қатер төндірмейтінін баса  айтады. Олардың кейбірі, мәселен, Фукусима макактарының еті жеуге келмейді, сол себепті де қауіпсіз. Ал енді біреулері, мысалы, теңіз тасбақаларындағы радиация мөлшері мардымсыз болғандықтан, ешқандай қауіп те жоқ.

Бүгінде Баварияның қабандары мен Норвегия бұғылары үнемі бақылауда. Бұл  – зарарлы еттің тұтынушыларға өтіп кетпеуінің қамы. «Заң аясындағы шектеулер өте қатал, – деген Штайнхаузер бұл жағдайдың салмағы орасан екенін айтады. – Біз көп жыл бойы ядролық шөгінділер басқа орынға ауысады деген болжамға қуанып келдік. Алайда «тағы бір жер» дегеніміз оның жоғалып кеткенін білдірмейді».

Авторы: Пит Маккензи (PETE MCKENZIE)