11Июн

Қиын да күрделі істерге ұмтылудың сыры неде?

Адреналинді ұмытыңыз. Зерттеулерге сүйенсек, марафонға қатысу немесе жұмыста күрделірек мәселелерді шешу сияқты қиын істерге бел бууымыз негізінен адреналиннің емес, дофаминнің әсерінен.

Алекс Хоннольд солтүстік Оман жағалау жартастарының біріне ілініп тұр. Зерттеулер аса қауіпті экстремалды спорт түрлері мен шытырман оқиғаларға әуестердің дофамин деңгейі көбіне басқа адамдікімен салыстырғанда жоғары болатынын көрсетеді.
ФОТО: ДЖИММИ ЧИН, NAT GEO СУРЕТТЕР ЖИНАҒЫ

Марафонда ентігіп жүгіріп келе жатып немесе күні бойы смартфонға телміріп отырып, «мұны не үшін істеп жатқанымды түсінсем бұйырмасын» деп ойлаған кезіңіз болды ма?

Сізді сол екі істі де істеуге итермелейтін нәрсе – масаттану сезімін тудыруға қатысатын мидың химиялық хабаршысы – дофамин. Тағам, есірткі немесе Instagram лүпілдері сияқты көңіл күйімізді көтеретін кез келген нәрсені қалаған үстіне қалай түсетінімізге де дофамин жауапты. Кейде ол тіпті бізді тәуелділікке ұшыратуы мүмкін.

Стэнфорд университетінің Медицина бөлімі психиатры Анна Лемке өзінің «Дофамин-ұрпақ: қолжетімділік дәуірінде тепе-теңдік табу сыры» кітабында смартфонды «бізді тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн  ұдайы цифрлық дофаминмен қамтамасыз ететін заманауи инъекциялық есірткі» деп атайды. Смартфондар біздің «алма піс, аузыма түс» деген арманымызды орындады десек те болады.

Дей тұрғанмен кейде марафонға қатысып, тауға шығып не қолдан жиһаз жасауға бел буып, қиындықты өз еркімізбен таңдайтын кездеріміз де болады.

Торонто университетінің психологі Майкл Инзелект мұны күш-жігер парадоксы деп атайды. Біз әдетте ауыр жұмыстан қашуға тырысқанымызбен, күш жұмсап жеткен жетістігімізді жоғары бағалаймыз, одан ләззат аламыз. Фуникулерден-ақ дәл сол көріністі тамашалай алатын болсақ та, өз аяғымызбен тауға шығамыз немесе дайын жиһаз арзанырақ екенін білсек те, бөлшектерін сатып алып, өзіміз қолдан жасағымыз келеді. «Біз ауыр еңбектен бірде қашып, бірде оны іздеп тұратын секілдіміз», – дейді Инзелект.

Бұл ерекшелік тек тауға шығу, марафонда жүгіру сияқты істермен шектеліп қалмайды. Көптеген адам пазл құрастыру не күрделі сөзжұмбақ шешу секілді күрделі шаруаға ұмтылады, өйткені мұндай еңбек ләззат сыйлайды. Дофамин бізде ерекше қажырды қажет ететін істі бағалауға түрткі болатындықтан, күш-жігерді  бағалау миымызға сіңген. «Кейде бұл бізге бағымызды сынап көрудің бірден-бір жолы сияқты көрінеді», – дейді Инзелект.

Дофамин миға қалай әсер етеді?

Бізді лезде ләззат сыйлайтын бағдарламалық қосымшаларға үңілтіп қоятын да, әуресі көп істі бағалауға итермелейтін де бір молекула екен.

Стэнфорд университетінің медицина мектебінің психиатры Нейр Эшельдің зерттеуінде тышқандар мұрындарын қуысқа тығып шырын алуды үйренген болатын. Оларға бұл әрекетті көбірек қайталауға тура келгенде немесе оларды жеңіл электр тоғымен соққанда, масаттану мен ынталануға жауапты ми бөлігінде – стриатумда дофамин көбірек бөлінген.

Сол сияқты, адамның кейінірек рақаттанатынына сенімділігіне қатысты зерттеулер үлкен марапатты күту дофамин деңгейінің тұрақты өсуіне әкеліп қана қоймай, шыдамдылық пен табандылықтың құнын да арттыратынын көрсетті. Алайда дофамин бізді ынталандырумен шектелмей, теріс әсерін көрсетуі де мүмкін. Үнемі дофаминнен тоят іздеудің кесірінен адамның эмоциялық күйіп кетуі, тіпті зиянды әдетке салынуы да ғажап емес. Онымен қоймай, қоғам қысымы қалайда табысқа жету керек деген сезімді күшейтіп, бәсекелестік пен «жұрттың баласындай» болуға деген ынтамызды арттыра береді.

(Өз гормондарың арқылы табиғи жолмен қалай масаюға болады?)

Бірақ есірткі мен бағдарламалық қосымшалардан айырмашылығы, ауыр еңбекті қажет ететін немесе өзімізді қинайтын әрекетті әдейі жасаған кезде дофамин деңгейі күрт көтеріле қоймайды. Бұл – біртіндеп дамитын үрдіс, Лемке оны «ләззаттың орнықты әрі тәуелділікке оңай әкеле қоймайтын түрі» деп сипаттайды. Кей адамдар шынымен-ақ өзін қинайтын нәрсеге тәуелді болып қалуы мүмкін, дегенмен бұл сирек кездеседі әрі көбіне қайтымы жеңіл; дене жаттығуларына тәуелділік пен аса жұмысбастылықтың тек төтенше жағдайлары ғана мамандардың арнайы көмегін қажет етеді.

Ынта туралы ғылым

Эмори университетінің психологі, «Базз! Шытырманға әуес, жүрек жұтқан, адреналин сүйгіштердің санасына саяхат» кітабының авторы Кеннет Картердің айтуынша, тіпті «адреналин сүйгіштердің» өзі негізінде адреналинге емес, дофаминге тәуелді. Бірде Картерге мұз қатқан Ниагара сарқырамасына алғаш болып өрмелеген Уилл Гэдд адреналинді қажетсінсе, көлік толы шосседен де жүгіріп өтетінін айтқан.

Бірақ Гэдтің мұз шығарған дыбыстарды тыңдап, қай мұз өзін көтере алатынын анықтауға тырысуы нағыз шеберлік сияқты. Ол мұны тәуекел үшін емес, сын-қатерді еңсеру үшін істейді. «Осындай күрделі жағдайда өткір сезімдерді бастан кешкісі келетіндердің дофамин деңгейі тіпті де жоғары болады», – дейді Картер. Сондай-ақ мұндай адамдардың «ұр немесе қаш» реакциясын тудыратын күйзеліс гормоны – кортизол деңгейі төмен болады. «Өткір сезімдерді бастан кешкісі келетіндердің іздегені де сол».

(Серотонин деген не?  Ооны қалауымызша арттыруға шынымен бола ма?)

Мұзға өрмелеу сынды нәрселермен айналысқысы келмейтіндер де күш-жігерді бағалауды үйрене алады. Инзелектің зерттеуі қиынырақ тапсырманы таңдағаны үшін марапатталған адамдар (тапсырманы жақсы орындағаны үшін марапатталғандарға қарағанда) келесі жолы марапат болмаса да қиын нұсқаны қайта таңдауға бейім болатынын көрсетті. Бұлай ауыр еңбекті қадірлеу қасиеті мектеп пен спорттан бастап, жұмыс пен ата-ана ретінде тәрбие беруге дейінгі барлық салада байқалады екен. «Адамның талпынысы мен күш-жігеріне неғұрлым тәнті бола түссек, олар күш-жігерді соғұрлым жоғары бағалай бастайды», – дейді Инзелект.

Дегенмен телефонымызды тастап, физикалық жаттығулармен айналысу бастапқыда оңайға соқпасы анық. Лемке мұны біртіндеп күнделікті кестеге енгізіп, достармен бірге істеуге немесе игі іске ниеттеніп, мәселен, қайырымдылық марафонына қатысуға не бензин үнемдеу үшін велосипед тебуді бастауға болатынын айтады.

Сондай-ақ сізді одан әрі ынталандыра түсетін әрекетке тоқталған жөн. Біз түк істемеген кезде телефонға телміре кетеміз, себебі ол шынымен дым істемегеннен тәуір секілді көрінеді. Адамдар іші пысқаннан босқа ақша құртуға, оғаш суреттерді тамашалауға немесе тіпті өздерін электр тогымен соғуға дайын. «Бір нәрсеге күш салу бізге жайсыз болуы мүмкін, бірақ зерігу де жақсы емес», – дейді Инзелект. Оның зерттеуінде қатысушылар көбіне еш нәрсе істемей отырғанның орнына, миды қозғалтатын қиын тапсырма шешуді артық көрді. «Әр нәрсенің алтын аралығы бар, – дейді ол. – Біз тым көп күш жұмылдырғымыз келмейді дейміз, бірақ сонымен бірге өзімізді ынталандырар нәрсе іздейміз де жүреміз… тырысып көру өзімізге қызық». Бірақ бұл сізді көзді ашып-жұмғанша жалықтырып жіберуі де мүмкін, сондықтан мұндай істе сергек болған жөн: серуендеуге жаңа саябақ табыңыз не сүйікті шоуыңызды, подкасыңызды спортзалда тыңдауға қалдырыңыз.

Дофаминнің мінез-құлқымызды ынталандырудағы әсерін түсіну арқылы ләззат іздеу мен қиындықтарды жеңу арасындағы салауатты тепе-теңдікке талпынуға әбден болады. Лемке айтқандай, «біз жаратылысымыздан бірдеңеге ұмтылуға бейімбіз», бірақ бұл ұмтылысты тұрақты әрі дұрыс бағыттау өзімізге ғана байланысты.

Авторы: Тил Баррел