Майя өркениетінің жоғалған қаласы. Италияда суға батқан ғибадатхана. Өлі теңіздегі үңгірде мінсіз сақталған қылыштар. Бұл жаңалықтар біздің тарихқа қатысты көзқарасымызды өзгертті.
Өткен жыл археологтерді бірнеше олжамен қуантты: біз жасанды интеллект сынды жаңа технологияның арқасында ғылымда болатын ілгерілеуге куә болсақ, ғалымдар көне заманнан қалған артефакттерді зерттеуде бірнеше жаңалық ашты. Бұған қоса, 2023 күтпеген археологиялық жаңалықтар жылы болды. Мәселен, Мысырдың мумификация шеберханалары адамды жерлеуге қатысты көне әдіс құпияларын ашып берді; 2000 жыл бұрын араб шөлінің саудагерлері салған Италиядағы ғибадатхана, джунглиге сіңіп жоқ болған, ақыры лазер технологиясымен табылған майялардың алып шаһары. Біз ең қызық ғылыми жаңалықтардың жетеуін назарларыңызға ұсынамыз:
1. Өлі теңіз қылыштары
Маусымда археологтер Иудей шөліндегі үңгірден еврей көтерілісшілері Рим басқыншылығына қарсы күрескен біздің заманымыздың I және III ғасырларына тиесілі тамаша сақталған төрт қылыш тапты. Ағаш пен тері әдетте тез іріп кетеді, ал мұнда ауа құрғақ болған соң қыны мен сабына дейін еш бүлінбей жеткен. Қылыштан бұрын Иерусалимнің оңтүстік-шығысында, Өлі теңіз жағалауындағы үңгірден пилум деп аталатын Рим жауынгерлерінің темір сүңгілері табылды; кейіннен зерттеушілер үңгірге металл іздеу құрылғысымен кіріп, әктастардың астында көмулі жатқан төрт бірдей қылышқа тап болды. Жорамал бойынша қаруды біздің заманымызға дейінгі 132 және 136 жылдары, Бар-Кохба көтерілісі тұсында еврей көтерілісшілері майдан даласынан тауып алған немесе Рим жауынгерлерінен ұрлап әкетіп, тығып қойған болуы мүмкін. Археологтер ағаш пен терінің бүлінбей жеткеніне қуанды, себебі бұл жәдігерлер қылыш қашан және қалай жасалғаны туралы мол мәлімет береді.
2. Рапа-Нуиде табылған тастан қашалған алып бас мүсін
Ақпан айында волонтерлер Тынық мұхиттағы Рапа-Нуи аралынан моай деп аталатын алып бас-мүсін тапты. Чили жағалауынан 3218 км қашықта жатқан бұл арал Пасха деген атпен де белгілі. Моаи ретінде қарастырсақ, бұл мүсін аса үлкен емес – ұзындығы 1,5 метрден сәл асады. Аралдағы осы тектес мүсіндердің 900-дейі бар, олардың биіктігі 10 метрден асады (1 моаидың толық біткен нұсқасы 21 метрден асады). Мүсін кеуіп қалған кратер көлінің қойнауынан табылғандықтан, археологтер мұнда осы тектес жәдігерлердің әлі талайы жатыр деп жорамалдап отыр.
Моай мүсіндердің басым көпшілігі 1250 және 1500 жылдар арасында табылған. Жергілікті тұрғындар бұл мүсіндерді бақилық болған ата-бабаларының «бет-бейнесі» ретінде қадір тұтады. Ал жаңа табылған моаи туралы әзірге ештеңе белгілі емес. Оның бейнесі кімге негізделгені де бұлыңғыр. Бірақ археологтер мүсінді жасауға қолданылған жанартау топырақтарын негізге ала отырып, талдама жасап көрмек. Ронгоронго деп аталатын глиф таңбалы тақтайшаларды оқи алса, талай құпияның беті ашылатыны анық.
3. lidar құрылғысы арқылы табылған Майя өркениетінің қаласы
Биыл маусымда алыс қашықтықтағы затты лазер арқылы анықтайтын Лидар құрылғысын пайдаланып, Мексиканың Юкатан түбегінде бұған дейін белгісіз болып келген Майя өркениетінің қаласы табылды. Бұл аппарат секундына мыңдаған импульсті лазерлі сәуле жіберіп, ландшафттарды сканерлейді. Осылайша ағаштар мен басқа қалың жамылғылардың астында жатқан дүниелерді тауып береді. Арденна шайқасы кезінде Миссисипи өзені жағалауында жауынгерлер тұрғызған бекініс сондай кездейсоқ табылған олжалардың бірі. Археологтер қаланы айнала қоршаған тас бағандарға қарап, оған «Окомтун» деген ат берді. Зерттеушілер біздің заманымыздың 250 жылдарында салтанат құрған ірі орталық болған деп топшылайды. Құрғақшылық пен ішкі теке-тірестер салдарынан Майя өркениеті құлаған 900 және 1000 жылдар аралығында шаһар да тіршілігін тоқтатқан болуы мүмкін. Окомтун 120 акрдан астам аумақты алып жатыр. Мұнда кең алқаптар, ойын алаңдары, салтанатты үйлер, құрбандық шалу орындары мен ғибадатханалар, пирамидалар орналасқан. Ең биік пирамиданың биіктігі 24 метрден асады.
4. Италия шөліндегі храм
Тамызда италиялық археологтер Неапольге жақын маңда 2000 жыл бұрын ежелгі набатейлер салғызған храм табылғанын хабарлады. Қазіргі Иордания мен Сауд Арабиясы аумағында өмір сүрген набатейлер римдіктерге шығыстың мүлкін сатып байыды. Петра қаласының негізін қалаған да осы саудагерлер. Олардың тауарларының басым бөлігі Неаопольдің батысына қарай бірнеше мильде жатқан Путеоли (қазіргі Поццуоли) портына түсірілетін. Ал храм Везувий жанартауы оянған кезде суға батқан болуы мүмкін.
Су астында жатқан жәдігерлердің бірі набатей құдайларына құрбан шалу тасы. Археологтердің болжамынша храм құлшылық орны ғана емес, набатей мәдениетін таныстыру мен жарнама жасау құралы қызметін де атқарған. Мәрмарға қашалған латынша жазуда «Душарда Зайду мен Абделге құдай жолында құрбан шалды» деп жазылған. Құрбандық шалудың мәні сауда келісімдері пайдалы болса және тәуекел еткен істі бастарда Құдайдың оң батасын алу керек деген нанымнан туса керек.
5. Ежелгі Мысырдың мумия жасау шеберханалары
Мамырда мысырлық археологтер Каирдың оңтүстістіне қарай бірнеше шақырымда ғана жатқан ежелгі Мемфис қаласының үйіндісі жанындағы Саккара қорымынан екі бірдей мумия шеберханасын тапты. Шеберханалар 30-династия билік құрған (б.з.д. 38-345 ж.) дәуірге, сондай-ақ Птолемей кезеңіне (б.з.д. 305-30 ж.) сәйкес келеді. Бұл кезеңдер Мысырдың көне дәуірі санатына жатады. Мысырдың марқұм болған адам денесін о дүниеге бүлінбеген қалыпта аттандыру дәстүрі – мумификация мың жыл бұрын, б.з.д. 2600 жылдары пайда болған.
Саккарада табылған шеберхананың біреуінде марқұмның денесін мумиялауға арналған үлкен темір төсек бар. Ал екінші кішірек төсек археологтердің болжауы бойынша жануарларды мумиялауға арналса керек. Зерттеушілер мумификация жасайтын құрал-саймандар, саз құмыралар, шөл далада тартылып қалған өзен табанынан алынған натрон, яғни кальцийлі сода элементтерін тапқан. Кепкен өзен танабының топырағы бальзамдау процесіндегі негізгі қоспа түріне жататынын айта кетейік.
6. Рим моншаларында жоғалған асыл тастар
Англияның солтүстігіндегі Карлейлде үшінші немесе төртінші ғасырда салынған қоғамдық моншалардың дренаж жүйесінен Рим құдайлары мен жан-жануарлар бейнеленген асыл тастар табылды. Ғалымдар бұл жаңалықты маусымда жариялады. Асыл тастар моншаға келуші бай-бағландарға тиесілі болған. «Бұл жер ыстық әрі ылғалды болған соң түбінен ажырап, құбырға түсіп қалған болуы мүмкін», – дейді зерттеушілер.
Қымбат бұйымдар арасында агат, яшма, аметист пен ақық тастар бар, кейбірінде Аполлон, Венера және Марс сынды Рим құдайлары, кейбірінде жан-жануарлар, мысалы қоян немесе құс бейнесі ойылған. Ал инталия деп аталатын үшкір тастарды римдіктер қол қоюға пайдаланған. Ол үшін сақинаны саз немесе балауызға батырып, содан кейін белгіні таңбалаған. Ежелгі құбырлар Карлайлдағы крикет клубының павильонынан табылды. Кезінде бұл шаһар Британиядағы Рим империясының аймақтық орталығы болды. Қала сол кезде Лугувалиум деп аталды.
7. Оңтүстік-Қытай теңізіндегі кеме апаты
Сәуірде аустралиялық ғалымдар 1942 жылы мыңнан аса әскер және тұтқындарымен бірге суға батып кеткен жапонның Montevideo Maru кемесін тапқандарын жария етті. Кеме бортында Жаңа Гуинеяға басып кіргенде тұтқындалған 200-ден астам аустралиялық әскери қызметшілер, норвег теңізшілері контингентінің жауынгерлері мен басқа да адамдар болған.
Кеме осы кезде Жапония басып алған Қытайдың Хайнань аралына бет алған еді. Оны Филлипиннің солтүстік жағалауында америкалық сүңгуір U.S.S. Sturgeon байқап қалады. Жапон кемесінде тұтқында отырған одақтастары бар екенін білмеген америкалықтар бірнеше сағат аңдып жүріп, ақыры нысанаға алып, торпедамен атады. Кемедегі тұтқындардың ешқайсы тірі қалмайды. Бұл оқиға Аустралия тарихындағы ең жойқын теңіз апаты ретінде тарихта қалды. Бір деректерде экипаждың кейбір мүшелері аман қалғаны және олардың азын-аулақ тұтқын сал үстіне шығып, суға кеткен кемеде опат болған жолдастарын жоқтап, «Auld Lang Syne» әнін айтқаны туралы естеліктері жарияланған.
Автор: Том Меткалфе