Климаттық көлеңкеңіздің көлемі жөнінде ойланып көрдіңіз бе? Жаңа ұғым сыншылардың айтуынша, есептеуге ұзақ уақытты қажет ететін көміртегі ізінің орнын баспақ.
Жаһандық климат дағдарысының ауқымдылығы сонша, жалғыз адамның әрекеті маңызсыз көрінуі мүмкін: менің үйіме жарықдиодты шамдар орнатқаным немесе көлігімнің дөңгелектерін үрлетіп тұрғаным ақ аюларды құтқаруға көмектесе ала ма?
Адамдарға климаттың өзгеруіне қосқан үлесін есептеуге көмектесетін танымал құралдардың бірі – көміртегі ізі калькуляторы. Ғаламтордағы мұндай жүздеген калькулятор жұмысыңызға қандай көлік түрімен баратыныңыз, қызыл етті қаншалықты жиі жейтініңіз немесе киіміңізді қандай температурадағы сумен жуатыныңыз туралы деректерді енгізуге мүмкіндік береді.
Бірақ сыншылар көміртегі ізіне назар аудару көп уақытты алатынын, сайып келгенде оның бекершілік екенін айтады. Оның орнына әлдеқайда толымды «климаттық көлеңке» баламасы пайда болды.
Портлендтік (Орегон штаты) жазушы Эмма Патти ойлап тапқан «климаттық көлеңке» ұғымы жеке адамның барлық шешімінің жиынтығы ғаламшарымызға қандай әсер тигізетінін көрсетеді.
Климаттық көлеңке дегеніміз не өзі?
2021 жылы жазған мақаласында Патти әр адамның әсерін өлшеу тұжырымдамасын егжей-тегжейлі сипаттады: «[климаттық көлеңкеңіз] сіздің артыңыздан еріп жүретін қара сұлба. Ол қайда барсаңыз да сізбен бірге, бұл сіздің ауабаптағыш пайдаланғаныңызды ғана емес, көлігіңіздің жанармай шығынын, сонымен қатар қалай дауыс беретініңізді, қанша балалы болғыңыз келетінін, қайда жұмыс істейтініңізді, ақшаңызды қалай жұмсайтыныңызды, климат өзгерісі сізді қаншалықты қызықтыратынын, сөздеріңіз оның өзектілігін арттыра ма, уайымдайсыз ба, әлде жоққа шығарасыз ба, соның бәрін ескереді».
Көлеңке неғұрлым үлкен болса, адамның планетаға тигізер пайдасы да соғұрлым көп болады. Мысалы, шатырыңызға күн батареяларын орнатсаңыз, көміртегі ізіңіз қысқаруы мүмкін, ал климаттық көлеңкеңіз керісінше, көршілеріңізбен таңдауыңызды талқылаған сайын ұзара береді. Тіпті қарапайым күн панельдерін көрсетудің әлеуметтік әсері де климаттық көлеңкеңіздің ұлғаюына түрткі болуы әбден мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, көршілерде күн панельдерінің болуы айналасындағы тұрғындардың да дәл сондай панельдер орната бастауына ықпал етеді екен. Басқаша айтқанда, жеке әрекеттеріңіз саналы не бейсаналы түрде өзгелерді ынталандырған сайын климаттық көлеңкеңіз де өсе береді.
Көміртегі ізінің кемшіліктері
Негізінен, көміртегі ізі калькуляторлары ірі салалардың әсерін немесе үкіметтердің оларды шектеудегі рөлін елемей, жекелеген іс-әрекеттерге назар аударады. Көміртегі ізі калькуляторын сынаушылар мұнай компаниялары жұрт назарын өздерінен қарапайым тұтынушыларға аударып, кінәдан жалтару үшін пайдаланып кеткенін айтады.
«Көміртегі ізі – бұл шындықтың сандық көрсеткіші, – деп түсіндіреді Кэтрин Хейхо, табиғатты қорғау ұйымының бас ғалымы және Техас технологиялық университетінің профессоры. – Біз мұны өзімізді жұбату үшін қолданамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ, себебі бұл – қорқыныш, үрей және алаңдаушылық сезінген адамдардың қалыпты реакциясы. Бірақ кейбіреулер мұны басқаларды айыптау шарасына айналдырады».
Көміртегі ізін есептеудің айрықша қайшылықты жақтарының бірі – көптеген адамның көміртегі ізі үлкен болуы мүмкін, алайда олардың кінәсі жоқ: қоғамдық көлікпен жүру қолайсыз аймақта тұратындықтан, көлік айдайтындар бар немесе қоршаған ортаға салыстырмалы түрде көп зиян келтіретін тағамдармен қоректенетін адамдар табиғи өнімдер тапшы жерде тұруы да мүмкін.
Мұндай теңгерімсіздік Паттиді алаңдатады. «Бір түйгенім, көміртегі ізіміздің едәуір бөлігі біз ешқалай қадағалай алмайтын себептерден болады, – деп түсіндіреді ол. – Қала құрылысын жоспарлау мен қоғамдық көліктің жұмысына біздің еш қатысымыз жоқ. Қай елде туатынымызды да біз шешпейміз.»
Патти айтқандай, қаншалық қайта өңдейтініміз немесе биологиялық түрде ыдырамайтын кофе капсуласын пайдалану сияқты жеке әрекеттерден әлдеқайда асып түсетін климаттық көлеңке ұғымының арқасында, өз әсеріміздің кең ауқымын дәлірек көре аламыз. Мәселен, Грета Тунберг тек вегетариан болумен шектелгенде, мұның да бегілі бір оң әсері болар еді, бірақ бұл оның мәселені көтеру арқылы тигізген орасан зор ықпалымен салыстыруға да келмейді.
Жеке және ұжымдық, материалдық және есептелмейтін ұғымдардың үйлесімі климаттық көлеңкенің алғашқы жақтаушыларының бірі болған Хейхоға ұнайды. «Адамдар климаттың өзгеруін тоқтату үшін бізге жеке өзгерістер немесе бүкіл жүйе бойынша өзгерістер қажет пе, жоқ па деп әрқашан дауласады да жүреді, – дейді ол. – Біреу менен бұл туралы сұрағанда, мен: «Иә. Бізге ол керек, әйтесе де тек жеке әрекеттер жеткіліксіз.» деп жауап беремін.
Жеке жауапкершілікті ескеру
Климаттық көлеңке ұғымының бұлыңғыр болып көрінуі кездейсоқ емес. Мақсатымыз климаттық көлеңкені нақты есептеу жүйесін құру емес. Патти мұны «моральдық және рухани көзқарастарды бөлісу» деп қарастырады. Ол бұны климаттық дағдарыс кезінде қалай өмір сүретініміз бен өмірімізді өзімізге де, басқаларға да жайлырақ ету туралы ойлау тәсілі деп қарастырады.
Кейбір экологтер көміртегі ізінің кемшіліктеріне қарамастан, ол ең болмағанда, адамның әдеттерін оң жаққа өзгертуге негіз бола алады деп сендіреді. Көміртегі ізі мен климаттық көлеңкені бір-біріне қарама-қайшы емес, бірін-бірі толықтыратын ұғымдар ретінде қарастырған дұрыс деп те айтылады. Дегенмен Паттидің пікірінше, климат-көлеңке идеясы жеке үлес қосқысы келетіндер мен жеке іс-әрекеттерді мағынасыз көретіндер арасындағы көпір рөлін атқара алады.
«Мен корпорацияларға қатты ашулы адамдарды кездестіремін. Тамаша. Үйіндегі шамдарын өшіріп жүретін адамдармен де таныспын – бұл да тамаша, – дейді ол. – Олар бір-біріне қарсы шығады деп еш алаңдамаймын, өйткені мен бұл топтарды тек бірге қарастырамын. Мен үшін олар тек мәселені сезінуге апарар ұзақ жолдың әртүрлі кезеңдеріндегі адамдар. Бірақ ықпалыңыз сіз ойлағаннан анағұрлым көбірек болу мүмкін екенінің өзі керемет емес пе?»