Бүгінгі Дубай – әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысқан, қарқынды дамып жатқан көпұлтты қала. Мұнда болашаққа қарышты қадам жасаумен бірге, тарихи мұраларды да ұқыптылықпен сақтай білген. Сондықтан біз Дубайдың бай мәдени өткенімен танысқысы келетіндердің баршасына міндетті түрде барып көруге тұрарлық бес бірдей маңызды жерді ұсынып отырмыз.
Шейх Мұхаммед мәдени ынтымақтастық орталығы
Дубайдың қазіргі билеушісінің құрметіне аталған шейх Мұхаммед мәдени ынтымақтастық орталығы (SMCCU) Әл-Фахиди тарихи орамында, дәстүрлі Таяу Шығыс сәулет өнері рәміздерінің бірі болып саналатын, қалпына келтірілген жел мұнарасында орналасқан.
SMCCU әмірлік мәдениетіне бойлап, дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен таныстырады. Мұнда қонақтар асқабақ езбесі, қытырлақ пен құрма шәрбаты, тойымды бидай ботқасы сияқты әмірліктің көптеген танымал тағамдарының дәмін тата алады.
Сонымен қатар орталық тарихи Әл-Фахиди ауданында бірден екі мешітке – Әл-Фарук пен Джумейраға апаратын жаяу серуен ұйымдастырады. Бұдан бөлек, SMCCU Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық күні сияқты маңызды мемлекеттік оқиғаларға арналған тұрақты маусымдық іс-шаралар, Әмірліктердің тарихы мен мәдени мұрасы туралы айтатын танымдық семинарлар өткізіп тұрады.
Жұмыс уақыты: күн сайын 8: 00-16: 00. Билеттерді мына жерден сатып алуға болады: https://cultures.ae/program-category/public/
Джумейра мешіті
Барлық дін өкілдерінің келіп көруіне болатын, Дубайдағы санаулы мешіттердің бірі. Қонақтар мұнда Шейх Мұхаммед мәдени ынтымақтастық орталығы ұйымдастырған тур арқылы кіре алады. Сары құмтастан 1979 жылы салынған діни ғимарат исламның әртүрлі сәулет стильдерін, соның ішінде фатимид және мәмлүк мақамдарын біріктірген. Мешітте бір мезгілде 1200 адам құлшылық жасай алады. Оның екі мұнарасы мен күмбезі бедерлі оюлармен безендірілген, еденіне гүл өрнектеріне бай кілем төселген. Ішкі көріністерінен Испаниядағы араб Насридтер әулеті салған аңызға айналған Әлхамбра кешенімен көрнекі ұқсастықты байқау қиын емес.
Жұмыс уақыты: жұмадан басқа күннің бәрінде 10:00-14:00. Жұмыс кестесін көру және баруды жоспарлау үшін https://www.jumeirahmosque.ae/ веб-сайтын қараңыз.
Әл-Фахиди орамы
Дубайдың қақ ортасында Әл-Фахиди тарихи орамы орналасқан. Мұнда Біріккен Араб Әмірліктерінің бай тарихынан хабар беретін, тастан, саз балшық пен ағаштан салынған жел мұнаралы үйлер сияқты көптеген айғақ сақталған. XIX ғасырда Дубай інжу-маржандар мен маталар саудасының орталығына айналған кезде бұл аймақ гүлденіп, қалталы көпестер осында өздеріне сәнді резиденциялар салды. Алайда қаланың өнеркәсіптік бағытта дамуы басталған 1970 жылдардан бері қарай Әл-Фахиди біртіндеп құлдырай бастады. Қуанышқа орай, Дубай үкіметі осы тарихи ауданды сақтау туралы шешім қабылдап, оның қалпына келтіру жұмыстарына қаражат бөлді.
Бүгінде Әл-Фахиди – ескі Дубайдың атмосферасына енуге болатын тар көшелері бар, жайбарақат серуендеуге арналған өте жайлы аймақ. Көптеген музей туристер үшін ашық, соның бірі – XIX ғасырдың соңында салынған шейх Саид әл-Мақтұмның үйі. Бұрын ол Дубайдағы билеуші отбасының резиденциясы болған. Бүгінгі күні мұражай-үйде қаланың өткен өмірін баяндайтын жәдігерлер мен фотосуреттерді көруге болады. Тағы бір қызықты орын – Кофе музейі. Мұнда сіз араб мәдениетінде маңызды рөл атқаратын осы танымал сусынның тарихына қанығасыз. Кофені қуыру мен қайнатудың әлем бойынша әртүрлі әдістерімен танысып, БАӘ дәстүрінде оның қаншалықты маңызды орын алатынын түсінесіз.
Жұмыс режимі: Шейх Саид әл-Мақтұм үйі – дүйсенбі-бейсенбі және сенбі-жексенбі 08:00-20:30, жұма 15:00-20:30. https://alshindagha.dubaiculture.gov.ae/ веб-сайтында жұмыс уақытын көруге және билеттерді сатып алуға болады
Кофе музейі – жұмадан басқа күн сайын, 09:00-17:00. Баруды жоспарлау үшін https://www.coffeemuseum.ae/ сайтына кіріңіз.
Jameel Arts Centre (Жамил өнер орталығы)
Джадаф жағалауындағы өнер орталығы – жергілікті және халықаралық суретшілердің жұмыстарын көруге болатын әдемі қалалық кеңістік. Мұнда жаңадан шыққан таланттар мен әлден танымал шеберлердің де еңбектері ұсынылған. Кешеннің Michelin Bib Gourmand және Green Star марапаттарына ие болған Teible мейрамханасы да ерекше орындардың бірі. Мейрамхана «фермерден – дастарқанға» философиясын ұстанып, жергілікті өнімге үлкен мән береді. Интерьері байсалды болғандықтан, мұнда ештеңеге алаңдамастан, тек дәм мен хош иістерге назар аударасыз.
Жұмыс уақыты: сейсенбіден басқа барлық күні 10:00-20:00. Баруды жоспарлау үшін https://jameelartscentre.org/ сайтына кіріңіз.
Этихад музейі
Дубайдағы Этихад музейі тұрғындар мен келушілерді Біріккен Араб Әмірліктерінің құрылу тарихы мен 1971 жылы елдің бірігуіне әкелген маңызды сәттерді танып-білуге шақырады. Джумейра аймағында орналасқан музейі мемлекет құру туралы шартты бейнелейтін заманауи архитектуралық ғимарат түрінде салынғанымен ерекше. Мұнда келушілер БАӘ қалыптасуының саяси, әлеуметтік және мәдени аспектілерін ашатын интерактивті жәдігерлерді, мультимедиалық дисплейлер мен бірегей артефактілерді көре алады. Одақ құрылтайшыларының жеке заттары мен мұрағат құжаттарына, сондай-ақ олардың естеліктері жазылған аудио-бейне материалдарға ерекше назар аударылғанын да айта кеткен жөн. Этихад музейі жай ғана көрме емес, ол – барлық жастағы адамға арналған тақырыптық іс-шаралар мен бағдарламалар өткізетін нағыз білім беру алаңы. Музей тарихпен тілдесуге және БАӘ негізін қалаушылар салған бірлік рухын сезінуге мүмкіндік береді.
Жұмыс уақыты: күн сайын, 10:00-20:00. Баруды жоспарлау үшін https://etihadmuseum.dubaiculture.gov.ae/en/Pages/default.aspx сайтына кіріңіз.
Материал серіктес контенті негізінде әзірленген.