11Дек

Үкі

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Үкі (Bubo bubo) — жапалақ тәрізділер отрядына жататын ірі жыртқыш құс. Негізінен отырықшы, кейде тек жақын жерге көшіп-қонуы мүмкін.

Фото: Ерболат Шадрахов

Еуразияның таулы, далалы аймақтарында кең таралған. Олар ұя салуға қолайлы орын мен азық жеткілікті болса, түрлі мекендерде өмір сүре алады. Бұл үлкен әрі әдемі құстарды қала саябақтарынан да кездестіруге болады. Қазақстанда Шығыс, Оңтүстік-шығыс және Орталық Қазақстанның жазықтары мен тауларын, Бетпақдала, Арал, Маңғыстауды және Еділ-Жайық аралығын мекендейді.Саны күрт қысқарып бара жатқан түр ретінде Қызыл кітапқа ІІ санатта енгізілген.

Ал әлем бойынша саны тұрақты, Халықаралық табиғат қорғау одағының қызыл тізімінде «жойылып кету қаупі төмен» деген санатта тұр.

Үкіні алғаш рет 1758 жылы швед табиғат зерттеушісі Карл Линней «Табиғат жүйесі» кітабының он екінші басылымында Strix bubo атауымен сипаттаған. Линней оның мекен ету орнын Еуропа деп көрсеткен, ал типтік үлгі Швециядан ұсталған. Кейін, 1805 жылы француз зоологі Андре-Мари Дюмериль үкіні өзі анықтаған Bubo тұқымдасына жатқызған.

Үкілердің басы үлкен, көздері айқын көрінетін қызғылт-сары түсті, ал қауырсындары жұмсақ әрі тығыз. Олар ұшқанда дыбыс шығармай ұша алады. Дегенмен өзіне тән дыбысы бар, олардың даусын әсіресе ерте көктемде түнде 2–4 қашықтықтан естуге болады. Түнде белсенді, ымырт кезінде аң аулап жүргенде көзге түсуі мүмкін. Күндіз көлеңкелі жерлерде немесе үңгірлерге тығылып демалады. Ірі денелі, күшті жыртқыш, құлаққа ұқсайтын шоқтары, мен сарғыш құрсағындағы жіңішке жолақтары ерекше сипат береді.

Орташа дене ұзындығы 59–75 см, қанат құлашы 138–190 см, салмағы шамамен 3 кг. Аталықтары мен аналықтарының реңінде бәлендей айырмашылық жоқ, тек мекиендерінің денесі шағынырақ болады.

Үкілердің басындағы қауырсындар дыбысты өз құлақтарына бағыттайтын бет дискінің құрамында болады. Оның иіс сезу қабілеті нашар болғанымен, көру және есту қабілеті өте жақсы дамыған. Басын 270 градусқа дейін бұруға қабілетті. Мұндай ерекшеліктері оларға түнде белсенді болып, аң аулауға көмектеседі.

Үкі — ұзақ өмір сүретін құстардың бірі. Орташа өмір сүру ұзақтығы 12,1 жылды құрайды. Қорғалған аймақтарда үкілер 15-20 жылға дейін өмір сүре алады. Тіркелген ең ұзақ өмір сүру ұзақтығы 27 жыл 9 ай. Кейбір басқа құстар сияқты, үкілер қорғауда болғанда әлдеқайда ұзақ өмір сүреді. Үкілер негізінен электр тоғы соғу, жол-көлік апаттары және браконьерлік салдарынан қырылады.

Үңгірлерде, жартасты шыңдарда немесе тастардың арасында ұя салады. Кейде олар басқа үлкен құстардың ұяларын, мысалы, қарғалар мен бүркіттердің тастап кеткен ұяларын пайдаланады, тіпті жерге де ұя салады. Мекиені жұмыртқа басады, ал аталығы азық тауып, ұяға әкеледі. Балапандар әуелі ақ, жұмсақ қауырсынды және қара тұмсықты болады. Олар алғашқы бірнеше күнде көздерін ашады. Балапандар жеті апта ішінде ересек құстың көлеміне жетіп, ұшуға дайын болады. 3-4 айдан кейін жаңа аумақ іздеп кетеді.  2-3 жасқа келгенде олар жұптасып, өз ұрпағын дүниеге әкеледі.

Қызыл кітапқа енген басқа да түрлерді біле жүріңіз. Сарыжылан

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.