7Жел

Тілеміш балапандары. Фотобаян

Фотограф елімізде тілеміш (Buteo rufinus) аталатын шағын жыртқыш құстың төрт балапаны ұядан ұшқанға дейін қалай өсіп-жетілгенін алғаш рет бастан-аяқ фотоға түсіріп алды.

Ринат Хайбулин – бөдуочиңмен (құсқарау) айналысатын әуесқой фотограф. Ол жұмыс бабымен далалық аймақта жиі болады. Бірде жұмыста жүріп, тұмсығына ағаштың жіңішке бұтағын қыстырып алған тілемішті көріп қалады да, ұясын қай жерге салғалы жүргенін шамамен болжайды. Содан бірнеше күннен кейін ұясын да тауып алады. Біз төменде ұсынып отырған жыртқыш құс балапандарының фотосессиясы осылай басталады.

«Мен 2019 жылы жаңа фотоаппарат сатып алған соң бөдуорчиңге қызыға бастадым.  Өзім «КАТКО» БК уран өндіру кәсіпорнында инженер-гидрогеолог болып істейтіндіктен, жұмыс бабымен далалы жерде жиі боламын. Тілеміштің ұябасарын 2022 жылы кеніштің аумағында тұмсығына ағаш бұтағын тістеп, ұшып бара жатқан кезінде байқап, кеткен жағына қарай ақырын ілестім.  Сөйтіп ұя салатын жерін де анықтап алдым. Бірақ үркітіп жібермейін деп, бірінші аптада жақын бармадым», – дейді Ринат Хайбулин. Біз бұдан әрі фотобаянды Ринаттың өз сөзімен ұсынамыз.

– Жерасты суларына мониторинг жүргізетін аумақты кезекті бір шолуға барғанымда сексеуілдің басына салған үлкен ұядағы алғашқы жұмыртқаны көріп, қуанышымда шек болмады. Осылайша тілеміш құстың «отбасы» туралы алғашқы репортажымды бастадым. Балапандар жұмыртқсын жарып шыққанға дейін құстарды үркітіп алмайын деп, ұяға жақындамадым. Бірақ сол күннен бастап, ұя жаққа соқпай кетпейтін болдым.

Бір күні ұяда ағарған нәрселер бар екенін байқадым. Балапандар жұмыртқасын жарып шыққанын бірден түсіндім. Бірақ оларды суретке түсіру оңай болмады. Ұяны айнала ұшып жүрген ұябасар мен аталығы бірдей маған қайта-қайта шүйлігіп, жақындама дегендей сес көрсетуге тырысты. Дегенмен, ұяда төрт балапан бар екеніне көз жеткізіп, суретке түсіріп алдым да, құстарды күйзеліске түсірмейін деп дереу кетіп қалдым.

Кейін өзім де біршама машықтанып алған соң, суретке көбірек түсіретін болдым. Олар тез өсіп жатты. Әрбір келіп түсірген сайын бұрынғысынан айырмасы анық байқалып тұрады.

Бұлай болуы да заңдылық шығар. Ата-аналары тыным таппай жем тасып, өте құнарлы азықпен тамақтандырды. Бір жолы мен тіпті олардың саршұнақ аулап жүргенін суретке түсіріп үлгердім. Көз ілеспес жылдамдықпен шабуыл жасаған ұябасар бірден екі саршұнақ ұстады.

Жоғарыдағы бір суретте сол саршұнақтың желінбей қалған жартысы ұяда жатқанын байқауға болады. Кейіннен олардың ұясынан саршұнақ қана емес, зорманның, жыланның қалдықтарын көріп жүрдім. Құлақты жапалақтың өлексесін көргенде, тіпті таңдандым.

Балапандар осылай өсіп жатты. Жұмсақ мамықтары қауырсынға айналып, түстері өзгерді. Ата-анасы оларды жіті қарауылдап, аптап ыстықта ұябасары қанатып жайып, көлеңке қылса, аталығы күні бойы жем тасыды.  Төрт бірдей ауызды тойдыру да оңай емес.

Балапандар өсе келе, бір кездегі үлкен ұяға сыймайтын болды. Енді қанаттарын қомдап, ұшуға жаттыға бастады. Ұяға сыймағандары шетіне, ұяға таяу сексеуіл бұтақтарына қонақтайтын болды. Тағы бірнеше күннен соң  мен бір-бірінің қасында отырған екі жетілген балапанды көрдім, бірақ олар мені алыстан-ақ байқап, бірден ұшып кетті.

Осылайша, тілеміш аталатын шағын жыртқыш құстар төрт балапанын аман-есен жетілдіріп, ұшырып әкетті. Сонымен менің де фотосессиям аяқталды.  Мен олардың жұмыртқадан бастап, қанатын қағып ұшқанға дейінгі өсіп-жетілу кезеңін толық суретке түсіре алғаныма, олардың аман-сау жетілгенін көргеніме қуандым. Бұл бір жағынан, Қазақстан мен Францияның халықаралық ынтымақтастығының жарқын үлгісі болып отырған «КАТКО» секілді уран өндіруші компанияның қоршаған ортаға, жергілікті флора мен фаунаны сақтауға айрықша мән беретіндігінің бір айғағы екені де анық. – Ринат Хайбулин

Фотолардың авторлық құқығы @KATCO JV LLP тиесілі