Перудің бұлт басқан биігіндегі Чокекираоның қалдықтары Мачу Пикчуға ағылғандай нөпірден ада. Бірақ бұл жағдай келешекте өзгеруі мүмкін.
Авторы: ЛЮСЕН ШОВИН
Фото: ВИКТОР ЗЕА
Ғалымдар Перудегі Анд тауларында ХV–ХVI ғасырлар аралығында салынған деп есептейтін инктердің Чокекирао қонысын бар құпиясын жасырған қазына деуге болады. Көптеген танымал тарихи туристік орыннан айырмашылығы, Чокекираоға жаяу не қашырмен ғана жете аласыз. Дегенмен ұсынылып жатқан аспалы жол аймаққа баруды жеңілдете түсер еді.
Перу тауларының барлық жерінен жайылып жүрген ламаларды кездестіруге болады, алайда олардың ешқайсысы Чокекираодағы табын сияқты есте қалмайды. Ақ тастан жасалып, сұр дуалдарға орнатылған 20 шақты сүйкімді лама ғасырлар бойы мызғымай тұр. «Андта бұған тең келер ештеңе жоқ. Бұл – ХVI ғасырға дейін пайда болған, ешқашан қайталанбаған көркемөнер жаңалығы», – дейді ежелгі жартас өнеріне маманданған Гори-Туми Эчеварриа. Ол 2005 жылдан бері (ламалар табылған соң бір жылдан кейін) колумбқа дейінгі кезеңге тән археологиялық кешенде істейді.
Перудің күнгейіндегі Анд тауларында солтүстік-шығысқа қарай небәрі 44 км жерде туристер жиі баратын Мачу Пикчуға ұқсас Чокекирао жатыр. Инк сәулетшілері салған ғимараттар кешені салтанат залдары, бір кездері мумияланған мәйіттер сақталған камералар, күрделі ауылшаруашылық террассалары және инк қауымдары өмір сүрген, жұмыс істеген жүздеген ғима-
раттан тұрады. Алайда туристер мен археологтер үшін ең тартымдысы – қирандының орталық алаңына қарай мәңгіге бедерленген ламалар. Мұнда бір заманда олардың тірі туыстары құрбандыққа шалынған болар, бәлкім. 3000 метр биіктіктегі Чокекираоға баруға екінің бірінің батылы жете бермейді. Келушілер әдетте ішкі рейспен Лимадан Кускоға ұшады. Ал мына жерге дейін жаяу не қашырмен ғана жетуге болады. Саяхатшылардың көпшілігіне 63 км жолды жаяу жүру үшін екі-үш күн қажет. Соқпақ жолдың көбі құз-қиямен өтеді, ал төменде буырқанған Апуримак өзені жатыр. Соқпақ жол қиыршық тасқа толы, айналасына тікенді бұталар қаулай өскен. Аяқ-қолыңды сырып, мазаңды алады. Бірақ қар басқан Анд тауларының ғажайып алқаптары, жол-
да кездесетін жұмбақ құрылымдарды көру жол азабына тұратын әсер береді.
Ұзақ талқыланған аспалы жол жобасы келушілерді қирандылардың түбіне дейін апару арқылы сапарды едәуір жеңілдетер еді. Жобаны қолдаушылар туризмнен түсетін табыс аймаққа пайдалы болатынын айтады. Ал қарсы топ аспалы жол бүкіл кешеннің бүлінуіне әкелуі мүмкін деп санайды. Әзірге оның сиқырлы, мифтік болмысын шалғайлығы мен көне қала қалдығына барар жолдың қиындығы сақтап тұр.
Әйтсе де, кечуашадан аударғанда «алтын бесік» мағынасын білдіретін Чокекирао ылғи да жолдан шеткері жатқан дей алмаймыз. Колумбқа дейінгі кезеңдегі аймақтың гүлденген дәуірінде ол Анд шыңдары мен ну орманды ойпат арасында жүрген адамдардың жолында болған. Чокекираоның орталығы – салтанатты субұрқағы мен ашық алаңы, рәсімдер өткізетін бөлмелері, мумияланған мәйіттерге арналған қуыстары бар ғимарат – саяхатшылардың Мачу Пикчуда көретінінен кішірек. Бірақ кешеннің өзі әлдеқайда үлкен.
Чокекираоға апаратын соқпақ жол қиын болса да, сапар жан рақатына бөлейді. Келушілер бұл жолды жолбасшы не қашырдың көмегімен екі-үш күнде жүріп өте алады.
Жаяу жолаушы қирандыларға жақындағанда ең алдымен көзге түсетіні – тау бөктерін егістік алқапқа айналдыратын баспалдақ тәрізді террасалар. Мұндай тәсілді Перудің таулы өңіріндегі фермер-
лер әлі күнге қолданады. Чокекираода бірнеше шақырымдық террасалар бар, көпшілігін жасыл желек басып қалған. Олар қирандылардың басынан төмен қарай, Апуримак өзеніне дейін екі км-дей созылып жатыр. Әулеті жақын маңдағы Марампата қауымында бір ғасырдан бері тұрып жатқан Мэйбел Коваррубиастың айтуынша, аталары террасаларды 80-жылдарға дейін егін
егуге, жайылымға пайдаланған. Археологтер тас ламаларды террасаларды өсімдіктерден тазарту барысында тапты. Олардың аппақ денелері сұр қабырғалардан бірден ерекшеленіп, бедері мен көлемі анық көрінеді. Күндіз күн түскенде жарқырап тұрады.
Чокекираоның көлемі, оның қиырда жатуы бұл жердің көп бөлігіне ешқашан қазба жұмыстары жүргізілмегенін білдіреді. Тауға жорық өткізетін Ritisuyo компаниясын басқаратын Нельсон Сьерра орталық алаңнан жоғарырақта жүзім көмкерген төбені көрсетті. Бұлар кәдімгі төбе емес, қалың жасыл желек жапқан қирандылар. «Мұнда әлі жұмыс көп. Мынаның бәрін қалпына келтіру ғаламат болар еді», – дейді ол.
Анд тауларының осы бөлігінде туризмді дамыту идеясы – қарама-қайшы әсері бар өзекті мәселе. Табиғаты нәзік жерге келушілер нөпіріне алаңдаған ЮНЕСКО Мачу Пикчуді «жойылу қаупі бар» тізімге енгіземіз деп қорқытты. Аспалы жол желісі Чокекираоға келушілерді көбейтумен қатар, қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін инфрақұрылымды да қалыптастырады.
Кейбіреулер киелі орынды көпшілікке қолжетімді ету оның ғажайып табиғатын, тартымдылығын бұзады әрі қазір адам әкеліп жүрген шағын туристік ұйымдарға зиянын тигізеді деп есептейді. Жолдың Апуримак жағындағы Чикискада қонақүй мен мейрамхана ұстайтын Мелчора Пуга аспалы жол оларды қазіргі өмір салтынан бас тартуға мәжбүр етеді деп алаңдайды.
«Біз туризмге тәуелдіміз, – дейді Пуга. – Аспалы жол салу ағаш тамырсыз-ақ та тіршілігін жалғастыра береді деп ойлаумен бірдей. Біз өйте алмаймыз». Зейнет жасына жақындаған қашыр айдаушы Самуэл Куиспенің айтуынша, аспалы жол өзі сияқты адамдардың жұмыс орнын жояды. Өйткені бұл олардың бизнесін айналып өтуге мүмкіндік береді. Оның жеті баласының бірі Хосе Луис те қашыр айдаушы. Олар жол бойындағы Кока Масанада шағын дүкен мен кемпиң ұстайды.
Сьерраның айтуынша, үкімет қолда бар инфрақұрылымды жақсартуға мән бергені жөн. «Соқпақ жолды күтіп ұстау және қызмет көрсетуді жақсарту туристер легін арттырып, жергілікті тұрғындарды күнкөріспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді ол.