29Там

Балаңызды жастайынан шығармашылыққа бейімдеңіз

Шығармашыл балалар басқаларға қарағанда әртүрлі мәселелерді шешуде ілкімді әрі әлдеқайда төзімді болып келеді. Осы дағдыларды қалыптастырудың бірнеше жолын ұсынамыз.

Фото: ALISTAIR BERG / GETTY IMAGES

Алты жасар Райсон өзі «жасырын орман» деп атайтын, жиегінде ағаштар өскен жолға күнде кешке қарай ата-анасымен бірге серуенге шығады. Сол маңайдан ерекше таяқ іздейді. «Кейде сиқырлы таяқша, кей кезде қылыш немесе сорпа араластыратын қасық тауып аламыз», – дейді анасы Шана Булл.

Зерттеулерге сүйенсек, балалардың барлығы ерте жастан-ақ шығармашылыққа жақын болады. Білім беру саласындағы сарапшылар мен ғалымдардың да пайымдауынша, шығармашыл балалар мәселелерді шешуге бейім әрі жаңашыл. Сондай-ақ жағдайға да икемделе білетін, оңайлықпен уайымға берілмейтін, сезімдерін дұрыс көрсете алатын адам болып  қалыптасады.

Огайо штаты университетінің Narrative жобасында тарих профессоры Ангус Флетчердің айтуынша: «Бала өзінің шығармашылық қабілетіне неғұрлым көп сенім артса, соғұрлым кез келген сынақтан өте алатынына да сенімді болады. Өйткені олар кез келген тығырықтан шығар жол таба алады».

Дегенмен балалардың шығармашылық қабілеті өмір бойы жоғары деңгейде қалмайды. Мәселен, төрт және бес жасар 1600 баланы қамтитын танымал бір зерттеудің нәтижесі бойынша, балалардың 98 %-ы NASA-ның креативтілік сынағында «шығармашыл данышпан» диапазонында ұпай жинаған. Бірақ алғашқы сынақтан бес жылдан соң, балалардың 30 %-ы ғана бастапқы нәтижені сақтап қала алды; ал тағы бес жылдан кейін тек 12 % бала ғана «шығармашыл данышпан» деңгейін көрсете алған.

Оның бір себебі – неврологиялық ерекшеліктер. Берклидегі Калифорния университетінің зерттеушілері үш жасар баланың миы ересек адаммен салыстырғанда, екі есе белсендірек болатынын анықтады. Бірақ балалар есейген сайын кейбір нейрондық байланыстар күшейеді, ал басқалары жиырылып, икемді және сезімтал миды жұмысын тиімдірек атқаратын әрі оңай басқарылатын миға айналдырады.

Тағы бір маңызды фактор – қатаң қалыпқа түскен мектептегі оқыту тәсілдері. «Мысалы, стандартталған тестілеу балаларды дұрыс жауаптар мен бұрыс жауаптар ғана бар деп ойлауға итермелейді», – дейді Флетчер. – Бұлай ойлау шығармашылыққа теріс әсер етеді, өйткені шығармашылық бала біржақты ойлағанда емес, мәселеге әр қырынан қарай алғанда, бір сұрақтың бірнеше жауабы болуы мүмкін деп ойлағанда дамиды».

Бірақ бұл барлық кішкентай баланың шығармашылық қабілеттері есейгенде міндетті түрде жоғалып кетеді деген сөз емес. Берклидегі Калифорния университеті зерттеушілерінің алға тартқан теориясына сенсек, ойнақы, қауіпсіз ортада уақыт өткізу арқылы тіпті ересектер үшін де үйрену процесін зерттеушілікке әуес, балаларға тән түрге келтіруге болады екен. «Шығармашылық – бұл уақыт өте келе дамытуға және нығайтуға болатын машық», – дейді Флетчер.

Төменде сипатталған төрт шығармашылық машықты өз балаларыңыздан байқаған болуыңыз керек, себебі бұл қасиеттер барлық баллдырғанның бойынан табылады екен. Төменде біз осы шығармашылық машықтарды өмір бойы қалай жаттықтыруға болатыны жөнінде ақпарат ұсынып отырмыз.

№1 Шығармашылық қабілет: Тоқтаусыз ойнау.

Балаларға бірнеше сағат бойы шығармашылық ойындарды ойнау қиын емес – текшелерді құрастырудан бастап, балшық илеу, ағашқа өрмелеуге дейінгі түрлі ойындармен жалғыз өзі не достарымен бірге де ойнай береді. «Шығармашылық – бұл адамдарда туа біткен қабілет және ол ойын арқылы  дами түседі», – дейді Taking Back Childhood: A Proven Roadmap for Raising Confident (Балалық шақты қайтару: өзіне сенімді, креативті, жанашыр балаларды тәрбиелеудің дәлелденген жоспары) кітабының авторы Нэнси Карлссон-Пейж.

Ойындар көбіне жай көңіл көтеру үшін ғана қолданылғанымен, кей жағдайда жағымсыз эмоциялармен, жанжалдармен және тағы басқа мәселелермен күресуге де көмектеседі. «Осы арқылы олар басынан өткен оқиғаларды қайта қарап, қорытынды жасауға  мүмкіндік алады», – дейді ол.

Балаларды шығармашылық ойынға ынталандыру жолдары. Еркін ойын

Белгілі бір ережелері мен мақсаттары бар үстел ойындарынан немесе спорт түрлерінен айырмашылығы – еркін ойынның құрылымы да, мақсаты да белгісіз. Карлсон-Пейж ата-аналарды балаларға өз беттерінше ойнауға мүмкіндік беруге шақырады. Тіпті бұл тәсіл сізге нәтижесіз болып көрінген күнде де, мүмкіндік беріп көру керек. Егер бала сізді де ойнауға шақырса, оның бастамасын қолдағаныңыз жөн.

Ол сондай-ақ бөлменің бір бұрышы ғана болса да, бала үшін арнайы ойын аймағын құруды ұсынады. Ойын бұрышын қалпақ, бөкебай, әшекей бұйымдармен, сондай-ақ бос қораптар мен ескі газеттер, декорациялар мен құрылыс материалдары немесе ағаш текшелері сияқты әртүрлі материалдармен толтырыңыз. «Осы кездейсоқ материалдардың кез келгені балалардың өзіндік шығармашылық импульсіне қарай» шешім қабылдай отырып, жаңа хикаялар құрастыруға, ойындар ойлап табуға мүмкіндік береді», – дейді Карлсон-Пейж.

№ 2 Шығармашылық қабілет: Қиялға ерік беру

Балалар ашық, емін-еркін болғандықтан, қиял әлемінде түрлі әңгімелер ойлап тауып, сиқыршылар мен биші аюлар туралы әңгімелерді құлшына айтады. Бұл қасиеттері оларға ер жеткенде көп көмегін тигізеді. Шынымен-ақ, кішкентай сиқырлы құрылғы арқылы бір-бірімізге қоңырау шалып, хабарлама жібереміз, шоу тамашалап, суреттер түсіреміз деп 30 жыл бұрын кім ойлаған?

Бала қиялын қалай оятуға болады?

Баланы барлық жағдайды, тіпті шындыққа жанаспайтын, мүмкін емес оқиғаларды да қарастыруға үйретіңіз. Nurturing Creativity: An Essential Mindset for Young Children’s Learning (Шығармашылықты аялау: кішкентай балаларды үйретуге қажетті ойлау қисыны) кітабының авторы Ребекка Исбелл: «Құр фактілерді айтып, дайын ақпаратты қайталаудың орнына, ата-ана балаларды әртүрлі проблемаларды шешуге және тәуекелшіл болуға үйретуі керек», – дейді.

Креативтілікті баптау

Балаларға ашық сұрақтар қоюдан бастаңыз. Мысалы, «Егер жаңбыр бұлттан жерге емес, жерден бұлтқа қарай жауса қалай болар еді? Әлем қалай өзгерер еді?» Бұл жағдайда бала қолшатырға балама ойлап табады не жаңбырды қалай түсіруге болатыны туралы басқа идеяларды ұсынады. Немесе азық-түлік дүкеніне барған кезде балаңыздан: «Егер сен су жаңа тағам түрін ойлап тапсаң, ол не болар еді? Оның дәмі қандай болар еді?» деп сұраңыз.

Практикалық жаттығулар үшін де мысал келтірейік: балаңызға отбасы мүшесінің туған күніне сыйлық ретінде тек бақшадағы заттардан «уақыт машинасын» құрастырып көруді тапсырыңыз. Немесе ас үй жабдықтарынан жаңа киім ойлап тауып көрсін.

№ 3 шығармашылық қабілет: Заттарға түбегейлі жаңа көзқарас.

Балаңыздан кесені басқаша қалай қолдануға болатынын сұрап көріңіз, жауаптары сізді таң қалдыруы мүмкін: бас киім, балта, күрек, барабан және т.б. «Шығармашылықтың негізгі компоненттерінің бірі – заттарға басқа қырынан қарау және жаңа әрі ерекше идеяларды қалыптастыру үшін  әдетте бірге қолданылмайтын нәрселерді бір-бірімен байланыстыру», – дейді Girls Solve everything (Қыздардың қолынан бәрі келеді)» кітабының авторы Кэтрин Тиммеш.

Жаңа көзқарастарын дамытуға баланы қалай ынталандыруға болады?

Балаңызға заттарды басқа қырынан немесе басқа тұрғыдан қарастыруды ұсыныңыз. Мысалы, ол әдетте қонақ бөлмеден асүйге баратын болса, оған тоңазытқышқа баратын жаңа жол ойлап табуды тапсырып көріңіз. Аяқты жерге тигізбей жету керек деген секілді қиындатуға да болады.

«Ойланып, мәселені шешсін», –  дейді Тиммеш. – Ол бауырларынан асүйге арбамен апаруын сұрауы мүмкін немесе жастықтарды еденге қойып, баспалдақ етіп пайдалануы мүмкін».

Егер бала өзін супер қаһарман болып ойнағанды жақсы көрсе, сіз оның машықтарын дамыту үшін, одан өзін қаһарманның қас жауы ретінде көрсетуін сұрасаңыз болады. Дұшпанның санасында қаһарманмен салыстырғанда қандай айырмашылық бар? Бұл кейіпкер қаһарманды қалай жеңе алады?

№ 4 Шығармашылық машық: айрықша әуестік

Исбелл: «Әлем балаларды кішкене кезінде әлі ырқына көндіріп үлгермейді, – дейді. – Олар бәріне қызығушылықпен қарайды және заттардың бір-бірімен қалай үйлесетінін білгісі келеді». Оның айтуынша, басты мәселе – қоғам ережелері баланы сәтсіздіктен қорқуға итермелеп, қызығушылығын өрістетуіне жол бермейтіндігінде.

Баланың қызығушылығын қалай оятуға болады?

Балаңыздың идеялары мен жаңа талпыныстарына әрқашан қызығушылық танытыңыз. «Бұл олардың шығармашылық сенімділігін арттыруға көмектеседі, себебі олар осы қасиеттері басқалар тарапынан бағаланатынын түсіне бастайды», – дейді Исбелл.

Мысалы, балаңыз хайуанаттар бағында пілдерді тамашалаудың орнына жерде жатқан тасқа қарап тұрса, қызығушылығын тудырған нәрсені зерттеуге рұқсат етіңіз. «Бұл тас саған несімен қызық?» – деп сұрап көргеніңіз жөн.

Осылайша, балалар хайуанаттар бағына барудың «дұрыс» жолы болмайтынын түсіне бастайды. Бұл жауаптарды «дұрыс» және «бұрыс» деп екі категорияға ғана бөлу тенденциясына да қатысты. Қателік жасау да шығармашылық процестің бір бөлігі, ал сәтсіздіктен қорқу қызығушылық пен инновацияға кедергі келтіруі мүмкін.

Ата-ананың тағы бір көмегі – балаларға қатемен жұмыс істеуді көрсету. Мысалы, балаңыздан сізге бір ойын үйретуін немесе істеп жүрген жобасын түсіндіріп беруін сұраңыз. «Ата-ана жұмыс барысында әдейі қателесіп, шыдамдылықпен баланың қателігін дұрыстап беруіне мүмкіндік берулері керек», – дейді Тиммеш.

Бір оқпен екі қоянды атып алдым деп есептей беріңіз: бір жағынан – бала өзін сарапшы сезініп, өзіне сенімділігі артады; әрі олардың көзіне бәрін білетін болып көрінетін ересек адам да кей нәрселерді түсінбей, оны білу үшін сұрақтар қойып, тырысып жатқанынан сабақ алады.

Импровизацияның комедиялық техникасы «Иә, және…» тәсілін де қолданып көрсеңіз болады. Оның айтқан жауабын қабылдап («иә»), әрі қарай әлі де ой ағымын кеңейтуге болатынын («және») білдіресіз. Флетчердің айтуынша, бұл балаларды өз қорытындыларын одан әрі кеңейтуге әрі сырт көзге сәтсіздік сияқты көрінетін нәрсенің шын мәнінде табысқа айналуы мүмкін екенін анықтауға көмектеседі. Олардың жауаптарын сөкпеу арқылы сіз балаңызға сенімділік ұялата отырып, әрнәрсеге әуестігін жоғалтып алмауына сеп боласыз.

Автор: Рейчел Нж