2Янв

Тарпаң

Халқымыз «тарпаң» деп жабайы жылқыны айтқаны түрлі аңыз-әңгімелерде кездесіп қалады. Шу асауды, оңайлықпен бас білдірткізбейтін мінезді жылқыны да кейде тарпаңға теңеп жатады. Адамға қатысты да тарпаң мінезді дейтініміз бар. Жазушы Шерхан Мұртазаның «Тарпаң» деген әңгімесінде тауда саяқ жүрген соңғы тарпаң оққа ұшқаны айтылады. Осыдан басқа, бар білетініміз – жойылып кеткені ғана.

Өкінішке қарай, тарпаңның суреті де сақталмаған. Интернетте жүрген бір-екі фотодағы жылқы нағыз тарпаң екені күмән тудырады. Әйтсе де, біз төмендегі суретті иллюстрация ретінде бере отырып, оның тарпаң екенін растай алмайтынымызды еске саламыз.

Фото Уикипедия ашық дереккөзінен алынды. Түпкі дереккөзі Brockhaus and Efron Encyclopedic Dictionary (1890-1907).

Гуглға «тарпаң» деп жазсаңыз, ең алдымен шығатыны Уикипедияның мына ақпараты: 

«Тарпаң (Equus gmelіnі) – жойылып кеткен жабайы жылқы. 18-ғасырдың басына дейін Оңтүстік-Шығыс Еуропаның ылғалды ормандарында, далалы және орманды-далалы аймақтарында, Батыс Қазақстан өңірінде үйірімен таралған. Шоқтығының биіктігі 136 см-ге жуық, терісіндегі түгі сұрғылт, арқасында қара жолағы, тікірейген қара жалы болады. Тіршілік ортасына байланысты 2 түр тармағы болған: дала тарпаңы, оның ең соңғысы 1879 жылы Аскания-Нова маңында өлтірілген, ал айғыры табиғи жағдайда 1918 жылға дейін тіршілік еткен. Орман тарпаңының соңғы тұяғы 1814 жылы қазіргі Калининград облысы аумағында өлтірілген. 20 ғасырда тарпаңның тұқымын қайта шығару үшін Польша мен Германияда жүргізілген іріктеу-будандастыру жұмыстары еш нәтиже бермеді. Қазақстанда тарпаңдар плейстоценнің соңынан 18 ғасырдың ортасына дейін тіршілік еткен».

Орыс тіліндегі Уикипедия бұдан гөрі сәл кеңірек ақпарат ұсынады.

Ең қызығы, латын әліпбиімен tarpan деп іздесеңіз,  жабайы жылқының осы тұқымы бізден гөрі Еуропада әлдеқайда танымал екенін көресіз (Польша кезінде «Тарпаң» деп аталатын автомобиль де шығарған). Бұл түрдің тарихына үңілген зерттеу материалдарының өзі бір төбе.

Зерттеулердің бәрі дерлік tarpan атауы түркітілдес халықтардың, соның ішінде қазақтың сөзі екенін де жоққа шығармайды және басым дені «тарпаң толыққанды жабайы жылқы емес, қолға үйретілген жылқының қайта жабайыланған түрі болуы мүмкін» деген тұжырымға саятынына қарамастан, көптеген ашық дереккөздердегі материалдарға қарап, тарпаңды жалпақ жұрт жабайы жылқы деп санауға бейілді екенін байқайсыз.

Тіпті бүгінгі таңда арнаулы қорықтары мен ұлттық парктерінде тарпаң үйірін бағып отырған елдер де баршылық. Бұл, сірә да, тарпаңға деген қызығушылықтың, оның тұқымын қайта тірілтсек деген құлшыныс пен талпыныстың жемісі болса керек. Қазір мысалы, Польша мен Бельгияда (https://grotte-de-han.be/en/wildlife-park/animals/tarpan) тарпаң деп аталатын жылқы тұқымы бар.

Фото дереккөзі: https://grotte-de-han.be/image/background/dsc_5607.jpg

Еуропада Тарпаңды сақтау бағдарламасы (Tarpan horse conservation program) деп аталатын қор да жұмыс істейді екен. Осы қордың сайтындағы мәліметке (https://www.thcponline.org/ ) сүйенсек, тарпаң деп аталатын жылқының қазіргі кезде үш типі бар: Коник, Хек және Хегард (немесе Штробель) тарпаңы. Коник пен Хек жылқысы Еуропада 1920–1930 жылдары, ал Хегард пен Штробель жылқысы 1960-жылдары АҚШ-та будандастыру арқылы шығарылған тұқым.

Польшадағысы сол – коник, поляк тілінде «кішкентай жылқы» деген мағынаны білдіреді. Бұл – Тадеуш Ветулани жетекшілік еткен поляк ғалымдарының тарпаңға өте ұқсас жылқы тұқымын шығару үшін үй жылқысы мен тарпаңды (?) будандастыру арқылы алынған тұқым.

Хек жылқысын ағайынды немістер – Луц пен Хайнц Германия мен Польшадағы тарпаңдар мен үй жылқысының аралас қанды будандарына тарпаңға ұқсайды делінетін «қарабайыр» жылқыларды қосу арқылы алған. ДНҚ туралы білімі жоқ ағайынды Хектер будандастыратын жылқылардың негізінен сыртқы түс-тұрпатына, жон арқасындағы және аяғындағы қара жолақтарға, сарғылт сұр түсті түгіне назар аударған.

Ал Breeds of livestock сайты ( https://breeds.okstate.edu/horses/tarpan-horses.html) осы ағайынды Хектер аталған түрді шығару үшін «поляк конигін, исландия пониін, швед-готланд және поляк қарабайыр жылқыларын алып, осы тұқымдардың биелеріне Пржевальский жылқысының айғырын салған» деп жазады. 

Штробель тарпаңын АҚШ-та Хәрри Хегард америкалық мустангтың бойындағы қасиеттерді негізге ала отырып, поляктың конигін қосу арқылы алуды мақсат еткен. Бұл жұмысты кейін Гордон мен Ленетт Штробель жалғастырған. Соның нәтижесінде қазір Америкада да тарпаң деп аталатын жылқы тұқымы бар.

Сонымен, біз әлдеқашан ұмытқан ТАРПАҢ Еуропада «тіршілігін» жалғастырып, туризмнің тұмса табиғат аясындағы көз сүйіндірер бір нысанына айналып отыр.

Иә, нақтылы зерттеулер бұл тарпаңдардың ежелгі тарпаңға қаны қосылмайтынын айтады. Жалпы, тарпаң дегеннің өзі жабайы жылқы ма, әлде қолға үйретілген жылқының қайта тағыланған түрі ме? Жабайы жылқы дейін десек, кейбір зерттеулер хромосомада айырмашылық бар екенін алға тартады. Мысалы, хромосома саны Пржевальский жылқысында 66 болуы оның басқа жылқылардан айырмашылығын еш күмәнсіз айғақтайды. Өйткені үй жылқысында хромосома саны 64 қана. Ал «тарпаңға қатысты мұндай бұлтартпайтын ғылыми айғақ әлі күнге жоқ» деп жазады  https://www.sciencedirect.com/ сайты.

Тұқымын баяғыда тұздай құртып жіберген тарпаңды біз де жабайы жылқының түрі деп кесіп айтудан аулақпыз. Тек қазақ даласының бір шетінде тіршілік еткен, ел есінде еміс-еміс қалған жануарға деген қызығушылықтың нәтижесінде тапқан мәліметтерімізді бөлісіп қоялық дедік.

Сізді қазақ даласынан жойылып кеткен жан-жануарлар қызықтырса, мына материалды да оқып көріңіз: ТҰРАН ЖОЛБАРЫСЫНЫҢ ТҰЛЫБЫ