3Июн

Тұран жолбарысының тұлыбы

Атырау мен Алтайдың арасындағы ұланғайыр аумақта аң мен құс Африканың саваннасындай жыртылып айырылмаса да, сулы-нулы өзендер мен қорысты-қопалы көлдердің, керіліп жатқан кең даланың, орман-тоғайлы таулардың қойнауы жан-жануарға – тұяқты мен тырнақтыға бай еді. Осынау байтақтағы аң мен құстың сөзсіз патшасы Тұран жолбарысы болатын. Өкінішке қарай, тарғыл шерінің тағдырына өткен ғасырдың орта шенінде нүкте қойып, мүлдем жойып жібердік. Әлбетте, оны жоюға басқыншы патшалық билік те, өзіміз де үлес қостық. Бұған Сырдария мен Іленің бойынан, Балқаштан атып алынды делінетін соңғы жолбарыс туралы архив деректері мен фотолар негізінде жазылған мақалалар айғақ. Іздеген адам интернеттен оңай табатындықтан, оларға тоқталып жатпай, осы материал соңында жазушы-журналист Серік Әбікенұлының мақаласына ғана сілтеме бердік.

Бүгінде сол айбарлы да айбатты Тұран жолбарысы тұлыпқа айналып, музейде тұр. Білуімізше, оның өзі екеу-ақ. Бірі – Алматыда, ҚазҰУ биология факультетінің музейінде, екіншісі – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай археология және этнография музейінде.

Өткен аптада біз осы тарғыл шеріні көзбен көруді мақсат етіп, Ақтоғайға жол тартқан едік. 400 шақырымнан аса жолдың «отандық шұқанақ-шұңқырларын» санай жүріп, 6,5 сағат дегенде Ақтоғайға да жеттік.

Аудандық музей шағын ғана жеке ғимаратта орналасқан екен. Сыртынан қораштау көрінгенімен, іші тұнған қазына екенін көріп шын риза болдық әрі таңданып қалдық. Риза болғанымыз – музейдің қазіргі заман бөлімі Алаш көсемі Әлиханнан бастап, жалпы Қазақстан тарихына, аудан халқының рухани-мәдени тұрмыс-тіршілігіне қатысты кезеңдерді қамтитын алуан түрлі жәдігерге толып тұр. Археология бөлімі де анау-мынау облыстық музейден кем емес. Қай жәдігеріне үңілсең де, тарих қойнауына тартып ала жөнеледі.   

Жәдігердің көптігі сонша, аядай ғана екі залға қалай сыйып тұр деген сұрақ еріксіз туады. Осы таңданысымызды бірден байқаған музей директоры Индира Дәулетбекқызы жай-жапсарын түсіндіріп жатыр. Музейге іргелес тұрған ескі мешіттің ғимараты беріліпті. Жөндеуден өткізген соң, музей сонда көшірілмек. Бұл енді келешектің әңгімесі.

Ал біздің іздегеніміз – жолбарыс. Заманында ұлы даланың ең қаһарлы һәм қайратты жыртқышы болған тұран жолбарысы – міне, алдымызда тұлыпқа айналып, қимылсыз тұр. Аңыз-әңгімелер мен әдебиеттен жеткен, атан түйені алып жығатын айбарлы образдың ізі де байқалмайды. Үнсіз, меңіреу, мелшиген қалпында қатып қалған.

Музей директорының айтуынша, бұл – Балқаш  көлінің қалың қамысын мекен еткен соңғы жолбарыс. Маңайдағы елдің малына шауып маза бермеген соң, 1936 жылы атып алынып, тұлыбы Алматы қалалық музейіне қойылған.  Ал Ақтоғайға осы музейдің негізін қалаушы Аманқұл Мұсатаевтың сұратуымен әкелінген. Музейдің жәдігерлерді тіркеу журналында «1986 жылы өзге де жәдігерлермен бірге тарту етілгені» жазылыпты. Қысқаша тарихы осы.

Ә дегенде кішкентай көрінген сияқты еді, онымыз бекер екен. Үңіле түсіп, айналдыра, барлай қараған сайын алдымыздағы жай ғана ірі мысық емес, өз уағындағы алапат мықты жыртқыш екенін түйсіне бастадық. Бойы 80 см-ден, көлденең тұрқы 160 см-ден кем емес. Оған тағы 70 см-жуық құйрығын қосыңыз.

Аяқтары жуан, табаны жалпақ. Қанша жерден мықты иленіп, өңделсе де кебе келе тері біршама тартылып, кішірейетінін ескерсек, мына жолбарыс тірісінде әлдеқайда ірі болғанын елестете беріңіз. Осы тұрысында-ақ табаны қаншалық үлкен екені көрініп тұр.

Жеміне оқтай атылғанда сояудай тырнақтары тарбия ашылып, өгіз талысын қақыратар қаруға айналып шыға келмек. Осып жіберсе, оңдырмайтыны анық. Құдды бір Мағауиннің «Шахан шерісіндегі» жолбарыс қайта тіріліп келердей арқаң мұздап сала береді.  

Тірілу демекші, мына сәйкестікті қараңыз.

Дәл осы тарғыл шері өлтірілген Балқаштың қопалы қамыс-қорысына араға бір ғасырға жуық уақыт салып жолбарыс қайта оралмақ. 2017 жылдың қыркүйегінде Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан үкіметі елімізде жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Содан беріде «Іле-Балқаш» мемлекеттік қорығы құрылып, қажетті  экожүйе мен азық қорының тізбегін (Оқыңыз: Жолбарыс жортатын жерде жануарлардың қандай аурулары болуы мүмкін? — nationalgeographic.kz) қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бәрі сәтімен жүзеге асып, жаңа жерді жерсініп кетсе, түр-тұрпаты жағынан Тұран жолбарысына ең жақын Амур жолбарысы Іле-Балқаш маңында жортып жүрмек.

Жабайы жолбарыс көрмеген бүгінгі ұрпақ, біздер, бұған дайынбыз ба? Қалай ойлайсыз, қайта оралған тарғыл жыртқышпен көрші тұра аламыз ба?  «Иә, тұруға болады» дейді бүгінгі заманның ғалымдары, табиғат жанашырлары. Жүз жыл бұрынғыдай адам мен жолбарыс тағы қақтығысып қалмай ма? Мұның да алдын алуға болады дейді әлемдік тәжірибелер.

Ол заманда адамдар ашкөздікке салынып, жолбарыс жортар жер қалдырмады. Патшалық Ресейдің басқыншы билігі ең құйқалы, нулы-сулы жердің бәрін Қазақ жеріне қаптатқан қарашекпенділеріне тартып әперді. Сосын малға, жанға шапты деп, жолбарысты жау көрді. Жаппай аулап, терісін пұл қылды. Орыс солдаты да, қазақ аңшысы да жолбарыстың ізіне түсті. Ақыры жойып тынды.

Ал бүгін заман басқа. Адамзат жер жүзінде ешбір тіршілік иесі артық жаратылмағанын, әрқайсысы да тіршілігімізге нәр беріп отырған жаһандық экожүйенің саулығына қызмет ететінін, баспана-байтағың алуан түрлі аң  мен құсқа бай болса, соларды көргісі келетін туристер есебінен-ақ байлығың да еселене беретінін ұғынды. Сондықтан да ерте қамданған елдер табиғатты аялауға, қойнауындағы қоңыр аңынан қоңыз-құртына дейінгі тіршілік иелерін түгендеуге, барын қорғауға, жоғын іздеуге кірісті. Тіпті ешбір туыс түрі жоқ, әлдеқашан жойылып кеткен Тасман жолбарысы – тилацинді де ДНҚ арқылы тірілтсек деген ғылыми талпыныстар (Оқыңыз: Тилациннің екінші өмірі) жасалып жатыр. Оның жанында саны азаюға айналса да, әлемнің бірнеше жерінде тағы тіршілігін жалғастырып жатқан жолбарыстың әзірге көрер жарығы бар. Егер Амур жолбарысы Іле-Балқаш қорығын жатсынбай жерсініп кетсе, тарғыл шеріні табиғат аясында тамашалайтын күн де туары анық.

Фото: Ерболат Шадрахов

Сілтемелер:

Жолбарысты қолда өсіру индустриясы туралы «Қоршаудағы жолбарыстар» деген тақырыппен National Geographic Qazaqstan журналының 2023 жылғы желтоқсандағы санында жарияланған материлдан оқуға болады.

Серік Әбікенұлының «Тұран жолбарысының тағдыры» деген тақырыппен жарияланған мақаласын мына сілтемеден таба аласыз: https://abai.kz/post/129142