Шай – судан кейінгі әлемдегі ең танымал сусын. Әлем бойынша адамдар жыл сайын шамамен 45 миллиард галлон (шамамен 170 343 530 280 литр) шай ішеді, оны жасыл, қара және улун сияқты әртүрлі түрде тұтынады. Бұл алуантүрлілік өңдеу тәсілдерінің айырмашылығынан пайда болғанымен, барлығы бір негізгі өсімдіктен – Camellia sinensis-тен алынады. Бұл мәңгі жасыл өсімдік әлемге кең таралып, әсіресе 19-ғасырдың басында, отаршыл Британия оны Үндістанға алып келіп, Қытайдың монополиясын бұзған кезде ерекше танымал болды.
Бүгінгі таңда бір ерекше шай түрі Жиңмай тауымен тығыз байланысты болып қалды. Мың жылдан астам уақыт бойы блаң халқы мен дай деп аталатын тағы бір жергілікті халық Camellia sinensis var. assamica деп аталатын ежелгі ағаш түршесін мұқият сақтап келген. Одан тау өңіріне тән қою, қанық Пуэр шайы секілді қара шай жасалады. Әлемдегі шайсүйерлер «ішуге болатын алтын» деп танитын бұл шайдың бір түрін көптеген өндіруші кемінде 10 жыл бойы ашытады. Бұл оның дәмін қанық етіп, құнын арттыра түседі. Қытайдың ауқатты табы арасында жаңғақ тектес, жер дәмі бар әрі аздап ащылау бұл сусын сапалы шарапқа теңеліп жүр.
Ай мен оның отбасы шамамен 4 мың ағаштан тұратын шағын жер теліміне ие, бірақ ұзақ жылдар бойы одан пайда көрген жоқ. 2015 жылы олар жоғары сапалы Пуэр шайын сататын беделді брендпен серіктес болуға шешім қабылдады. Қазір өңірдегі 37 үй шаруашылығынан тұратын фермерлер кооперативін басқарып, шай өңдеумен айналысады және жылына шамамен бір тонна өнім өндіреді. Пуэр шайы дөңгелек пішінді шай табақшаларына сығылып, пісіп жетілген соң, 12,6 унциялы табақшасы 330 доллардан сатылады. Жиңмайдағы орташа табыс кейінгі жиырма жыл ішінде едәуір артқан. Ай мен Ке жылына шамамен 40 мың доллар табыс табады. Бұл Хумин қаласындағы орташа үй шаруашылығының табысынан әлдеқайда жоғары.
Екі жыл бұрын ЮНЕСКО Жиңмай тау жотасын ерекше мәдени құндылығы бар әлемдік мұра нысаны ретінде мойындады. Бұл шай өсіруге байланысты берілген жалғыз атақ. Сертификат беру туралы идея ұсынылғаннан бергі он жылдан астам уақыт ішінде Жиңмай шайының бағасы шамамен екі есе өсті.
Өңірдегі шамамен 6 мың тұрғын 1580 га жердегі миллионнан астам ағашты табиғи әдістермен күтіп-баптайды. Алайда олардың тұрақты даму моделі климат өзгерісімен байланысты жаңа қиындықтарға тап болып жатыр. 2024 жылдың көктемінде өңірде кейінгі 60 жылдағы ең қатты
құрғақшылық болды. Одан бөлек, әдеттегіден жылы қыс Ай отбасы дұға еткен тауда күтпеген құрттардың пайда болуына әкеліп, өнім жинау қарсаңында құнды шай жапырақтарына қауіп төндірді.
Мәтін мен фотолар авторы: Джастин Джин
Ескерту: Материал ықшамдалып берілді. Толық нұсқасын журналымыздың қаңтардағы санынан оқи аласыз.