11Қаз

Ауғанстанның азапты жолы

National Geographic шығармашылық тобы дайындаған журналымыздың кезекті саны қолдарыңызға тигеніне қуаныштымын!

Журналымыздың осы санында басынан бұлт арылмаған Ауғанстанның қазіргі ахуалы туралы мол мағлұмат алуға болады. National Geographic тілшілері құрылысы сонау 1950-60 жылдары басталып, биліктің алма-кезек ауысуы мен сұрапыл соғыстардың кесірінен қайта-қайта бүлініп, ақыры толық аяқталмай қалған Ауғанстандағы ең үлкен автокөлік жолының өне бойымен жүріп, тұтас ауған елінің жағдайынан хабардар етеді.

Біз, адамзат баласы, өзімізді Жер бетіндегі ақыл-ой мен жоғары санаға ие бірден-бір ерекше жаратылыс иесі санаймыз. Солай болған соң өзге тіршілік иелерінде болуы мүмкін сана көріністері көбіне олардың өсіп-өнуі мен ұрпақ қалдыру мақсатындағы табиғи түйсіктеріне жатқызылып, ғалымдар оны терең ғылыми зерттеу нысанасы ретінде қарастырған жоқ.

Бірақ соңғы жылдары зерттеушілер кейбір жануарлар біздің сан қилы сезімдерімізден кем түспейтін эмоцияларға ие екенін көбірек айта бастады. Сондықтан біз бүгін осы бағыттағы зерттеушілердің қызықты тәжірибелерімен бөліскен, аң мен құстың сана түкпіріне үңілткен «Ақылды жануарлар. Олар не ойлайды?» деген тақырыптағы ғылыми-танымдық мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл зерттеулер табиғатпен етене байланыста болған халқымыздың алдындағы малы мен түз тағыларына қатысты таным-түсініктерін де растай түсетіндігімен қызықты деп ойлаймыз.

Ойлы оқырманымызды журналымыздың келесі қараша айындағы санында да мазмұнды мақалалар күтіп тұрғанын құлаққағыс еткім келеді. Соның бірі ежелгі Мысыр мәдениеті мен тарихына, әйгілі Тутанхамон перғауынға қатысты деректерге толы болмақ.

Ендеше, бізбен бірге болыңыз, қадірлі оқырман!

Құрметпен,

бас редактор Еркін Жақыпов