Авторы: Кеннеди Уорн
Фото: Робин Хаммонд
Мұндай қисын қатыгездік болып көрінуі мүмкін, бірақ жергілікті емес сүтқоректі зиянкестер Жаңа Зеландияның бірегей экожүйесін бұзып жатыр. Бұл жануарлар әкелінгеннен бері көптеген жергілікті түр жойылып кетті, өйткені олар жыртқыш сүтқоректілерден қорғануға бейімделмеген еді. Біз қазір үлкен бетбұрыс алдындамыз: ғасырлар бойғы экологиялық зардаптың бетін қайтаруымыз керек. Табиғатқа тікелей араласу этикалық тұрғыдан күрделі болғанымен, жыртқыштарды жоюдың стратегиялары мен технологиясы жақсарып келеді.
Маори тілінде Аотеароа деп аталатын Жаңа Зеландия архипелагында тіршілік 80 миллион жыл бойы, бірнеше жарқанат түрінен басқа құрлық сүтқоректілерінсіз-ақ дамыды. Содан соң, эволюциялық тұрғыдан бір-ақ сәтте, шамамен 750 жыл бұрын, адамдар келгенде бәрі өзгерді. Олар өздерімен, кейде байқамай болса да, қауіп-қатер толқынын ала келді.
Бүгінде ең кең таралған инвазив жыртқыштар 55-тен астам құс түрін жойып жіберді, олардың ішінде тарихта болған жалғыз ұша алмайтын әнші құс, ұша алмайтын қаздың екі түрі мен Жаңа Зеландия эндемигі – жапалақторғайлар отбасының өкілі хуиа құсы бар. Қалған жергілікті құстардың бестен төртіне (соның ішінде кивиге де), сондай-ақ жергілікті бауырымен жорғалаушылардың 94%-ы мен 3 жергілікті бақаның екеуіне сондай қауіп төніп тұр.
Құстардың жойылуын тоқтату үшін жаңазеландиялық шенеуніктер жыртқыштарды толықтай жоюға бағытталған науқан бастады. 2016 жылы, сол кездегі премьер-министр Джон Ки үкіметтің 2050 жылға дейін негізгі жыртқыш түрлерін толықтай жою туралы батыл мақсатын жариялады. 7 инвазив түр – 3 түрлі егеуқұйрық, ақкіс, аққалақ, күзен мен опоссумдар нақты нысанаға алынды.
Жаңа Зеландияның жергілікті жануарларының өзге әлемнен оқшау эволюциялану жағдайын кивидей жақсы бейнелейтін тіршілік иесі жоқ. Ерекше сүйкімділігімен және осалдығымен танымал кивилер тауықтай ғана, бірақ елдің эволюциялық тарихында көп кездеспеген сүтқоректілерге тән қасиеттерге ие. Оның 5 түрі бар. Барлығы түнде белсенді, ұша алмайды, мысықтікіндей мұртшалары, жүнге ұқсас қалың қауырсындары бар. Тіпті
аяқ сүйектерінде сүйек кемігі де болады – бұл құстарға мүлде тән емес сипат.
Тұмса табиғатта кивиді кездестіру – құстарға жыртқыштан қашудың қажеті болмаған аркадиялық дәуірге саяхат жасаумен тең. Бірақ сол қауіпсіз орта Шығыс Полинезиядан адамдар келгенде күрт өзгерді. Олар мұнда алғашқы инвазив жыртқыш – киоре егеуқұйрығын азық көзі ретінде әкелген болуы мүмкін. Қауіп 18–19-ғасырларда еуропалықтардың келуімен ұлғая түсті, олармен бірге қара және қоңыр егеуқұйрықтар ере келді.
Жануарларды әдейі әкелу әрекеттері де жағдайды ушықтырып жіберді. Басқыншылар қояндарды бақылауда ұстау үшін күзендерді, аққалақтар мен ақкістерді әкелді. Бірақ олар қоянның орнына аулауға оңай, жыртқыштан қорғануға бейімделмеген құстар мен басқа да фаунаға назар аудара бастады. Кейінірек, тері өнеркәсібін дамыту үшін отарлаушылар аустралиялық опоссумды импорттады. Азық талғамайтын бұл жануарлар тез таралып кетті. 80-жылдарға қарай тұмса табиғатта 50 миллионнан астам опоссум бар деп бағаланды, олар әр түнде 23 000 тонна өсімдікті және құстарды, олардың жұмыртқаларын, ұлулар мен басқа да омыртқасыздарды жейтін болды.
Жыртқыштар жыл сайын жергілікті құстардың кем дегенде 25 миллион балапаны мен жұмыртқасын жояды деп есептеледі. Ақкістер бар аймақтарда киви балапандарының 95%-ы ересек жасқа жетпейді деген болжам бар.
Жыртқыштарды жоюға бағытталған алғашқы әрекет Жаңа Зеландияның кішігірім жағалау маңындағы аралдарында 65 жыл бұрын басталған. Ол кездегі әдістер мен құралдар қарапайым болатын: ақкістер мен егеуқұйрықтар қақпандары; төмен ұшатын ұшақтар арқылы бүкіл аралға кеміргіштер уын шашу.
Бірақ бұл өз нәтижесін берді. Бүгінде 300-ден астам Жаңа Зеландия аралы жыртқыштардан азат етіліп, кесірткеге ұқсас туатара мен әлемдегі жалғыз ұша алмайтын тотықұс какапо секілді осал тіршілік иелерінің панасына айналды.
Үлкен аралдағы жағдай басқаша. Ел астанасы Уеллиңтондағы аумағы 10 км2 болатын Мирамар түбегінде Predator Free Wellington ұйымы жыртқыштардан толық құтылуға 4 жыл жұмсады. Бұл үшін аулаларға, мектептерге, сауда орталықтарына 11 000-нан астам жем бекеті мен қақпан орнатылды. Бұл құрылғыларды алты ай бойы апта сайын тексеру қажет болды. Содан кейін жоба қызметкерлері қақпандар мен удан аман қалған жануарларды іздеуге кірісті. Мұқият басқарудың арқасында елдің оңтүстік-батысындағы аумағы 900 км2 таулы аймақтағы жыртқыштар да жойылып, бұл істің қалалық және шалғай аймақтарда бірдей мүмкін екенін көрсетті. Алайда қазіргі уақытта тазартылған аумақ елдің жалпы аумағының жартысынан да аз.
Материалдың толық нұсқасын National Geographic журналының қаңтардағы санынан оқыңыз.
Біздің келесі материалдарымыз да сізге қызықты болуы мүмкін, оқып көріңіз: Жылан екен деп қалмаңыз Тарпаң