30Мау

Иппотерапия сабақтары

«Keremet jol» қоғамдық бірлестігі Ақмола облысында иппотерапия сеанстарын өткізе бастады. Сабақтар мүгедектігі бар балалардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсартуға бағытталған.

Бұл бастама – Орталық Азияның Еуразия Қоры іске асыратын «Байтақ жер» жобасының бөлігі. Жобаның мақсаты – туризмді дамыту және жастарды тарту арқылы Ақмола облысының ауылдық аудандарындағы кәсіпкерлікті қолдау.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 162 мыңнан астам мүгедектігі бар бала тіркелген. Осындай балаларды емдеу мен оңалтудың тиімді әдістерінің бірі ретінде иппотерапия, яғни атқа мінгізу арқылы емдеу тәсілі қолданылатыны белгілі. Мысалы, тірек-қимыл қозғалысында кемістігі  бар балаларда әдетте жүргенде жұмыс істейтін кейбір бұлшықеттер қозғалмайды. Бірақ атқа мініп жүру осы бұлшықеттердің қозғалғыштығына ықпал етеді. Нәтижесінде баланың жағдайы жақсарады әрі жаңа хобби табады.

Keremet jol осы мәселені шешумен айналысады. Ұйым жетекшісі Әмина Есина – иппотерапия, оңалту және ат туризмі бойынша сертификатталған нұсқаушы. Әмина жылқымен бес жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Оның айтуынша, емдеу нәтижелері адамның жеке ахуалына  байланысты, сондықтан алғашқы сабақтан кейін-ақ немесе бірнеше жылдан кейін көрінуі мүмкін.

Keremet jol сабақтарын иппотерапия нұсқаушысы және оңалту дәрігері жүргізеді. Иппотерапия церебральды сал ауруы, психикалық дамудың кешігуі, тірек-қимыл қозғалысы аурулары, аутизм және басқа сырқаттары бар балаларға ұсынылады. Алайда терапияның бұл түрі басқа жағдайларда да қолданылады, оны дәрігермен кеңескеннен кейін кез-келген адам өте алады.

«Біз иппотерапия туралы аз білетінімізге қарамастан, ол қазірдің өзінде үлкен нәтижеге әкелуде. Реабилитологиядағы жылқының әсерін тереңірек зерттегенде, нәтижелердің әсері одан да зор болады», – дейді Әмина.

Иппотерапиядан басқа, бірлестік ат турларын ұйымдастырумен де айналысады. «At Travel» ат клубымен бірлесіп, облыс бойынша күрделілігі пен ұзақтықтығы әртүрлі салтатты сапарлар, сондай-ақ ұзақтығы 30 минуттан 2 сағатқа дейінгі балаларға арналған рекреациялық турлар өткізеді. Мұндай серуендер ұлттық ат спорты мәдениетін қолдап қана қоймай, туристер ағыны арқылы туристік инфрақұрылымды дамытуға көмектеседі. Бұл аймақтың экономикалық өсуіне және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Ал жобаның табысты іске асырылуы мемлекет пен жеке инвесторлар тарапынан қосымша қаражат пен қолдауды тарта алады.

Keremet jol жұмысы айтарлықтай әлеуметтік әсерін де тигізіп жатыр. Өйткені, иппотерапия – мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырудың тиімді әдісі, ал ат туризмі – белсенді демалыс өткізудің тамаша тәсілі. Бұл шаралар қатысушылардың әлеуметтік интеграциясы мен психологиялық денсаулығын жақсартады.

Іс-шараға қатысушылар да өз ризашылықтарын білдіріп жатыр. «Ұйымдастырушыларға іс-шараны өткізгендері және қонақжайлылықтары үшін алғыс айтамыз. Барлығы жоғары деңгейде өтті. Балалар демалып, жаңа эмоциялармен қайтып келді», – дейді олар.

Автор: Айжан Жансұлтанова, жоба маманы