30Мау

Экотуризм һәм өрттің алдын алу қадамдары

2022 жылы елдегі ішкі туристер саны 8,6 млн-ға жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда, 1,7 млн адамға артық. Кейінгі жылдары, әсіресе, пандемиядан кейін елдегі ішкі туризм қарқындап дамып жатқанын байқап жүрміз. Еліміздегі ең көрікті деген жерлерге ағылып жатқан адам қарасы өте көп.

          Бір ғана Бурабай ұлттық паркіне өткен жылы 711 мың турист қонақ болған. Бұл тек паркке бақылау-өткізу бекеттері арқылы өткен жолаушылардың саны ғана. Әрине, көрсеткіштер көңіл қуантады. Алайда адам бар жерде апат бар. Осыншама халықтан қалатын қоқыс пен олардың тұмса табиғатқа тигізетін тікелей залалының алдын қалай ала аламыз? Осы мәселені шешу үшін Бурабай ұлттық паркі бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Ендеше саябақтың экотуризмді дамыту тәжірибесіне көз жүгіртіп көрейік.

https://parkburabay.kz/
https://parkburabay.kz/

          Парк аумағы 129 мың гектар жерді қамтиды. Бұл аумақтың қай түкпірінде не болып жатқанын адам көзімен бақылап отыру мүмкін емес. Ал қадағалау жоқ жерде тәртіп те бола бермейді.

          2020 жылдың желтоқсанында ұлттық парктің аумағына биіктігі 30 метр болатын 13 антенна діңгегі бар құрылым орнатылды. Әр қондырғыға тепловизормен жабдықталған камера қойылған. Сондай-ақ осы құрылымдарда қауіпсіздікті бақылайтын қосымша тағы 29 камера бар. Жоғары дәлдікті оптикалық сенсоры бар, шолу бұрышы 360° болатын камералар қорық аумағын толықтай күні-түні өз бақылауында ұстайды.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Елімізде баламасы жоқ бұл бірегей жоба Smart National Park Burabay  деп аталады.

Осы ақылды жүйенің арқасында арнайы құрылған Жедел басқару орталығының қызметкерлері саябақ аумағындағы құқықбұзушылықтар мен өрт қаупін оңай анықтай алады.

Заңсыз аң аулау, ағаштарды рұқсатсыз кесу, тыйым салынған жерлерде от жағу секілді қоршаған ортаға залал кетіретін адам әрекеттерін осы камералар арқылы көруге болады. Жүйеде тіркелген деректерді құқық қорғау органдары мен төтенше жағдай қызметтері пайдалана алады. Биылдың өзінде осы жүйе арқылы 30-дан астам табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілері тіркелген.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Бұл смарт жүйе тек туристерді тексеріп отыру үшін ғана емес, адасып кеткен адамдарға көмектесу үшін де қызмет етеді. Бағаналарда арнайы байланыс құралы бар, сол арқылы қонақтар Жедел басқару тобымен байланыса алады.

Одан бөлек, құрылғының ең негізгі функциясы – орман және дала өртінің алдын алу. Өрт қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігі арта түскен мына ғасырда тілсіз жауды тізгіндеу үшін жаңа технологиялардың көмегіне жүгінбеске болмайды.

Ақылды бағананың өртті анықтау тәсілі қарапайым: ондағы камералар айналаны толықтай шолып, бірнеше суреттер түсіреді. Түтінді байқаса, бірден реакция беріп, өрт шыққан жердің координаттарын, қауіп-қатер деңгейін дәл анықтайды да, Жедел басқару тобына хабарландыру жібереді. Сонымен қатар жүйе өрт сөндіру көліктерінің оқиға орнына ең ұтымды жолмен жетуіне де жағдай жасайды. Қазір төтенше жағдай қызметтерінің өрт оқиғасына реакция беру уақты 7 минутқа дейін қысқарған. Бұрын жалын шарпыған аумақты анықтап, оған жету кем дегенде 30-40 минутты алатын еді.

Фото: Тұрар Қазанғапов

«Бурабай» МҰТП-ның дерегі бойынша, 2021 жылдан Smart National Park Burabay жүйесі толыққанды жұмыс істей бастағалы саябақтағы өрт шалған аумақ көлемі 4 есеге қысқарған. Ал биыл жүйе 12 өрт қаупі туралы дер кезінде хабар беріп, жалынның алдын алды.

Осындай «ақылды» әрі тиімді бағана құрылымдары сыртқы қуат көздеріне де тәуелді емес. Ол 33 бірлік жел генераторымен 156 бірлік күн панелімен, сондай-ақ резервтік қуат үшін 13 бірлік дизельдік генератормен жабдықталған.

Биыл парк аумағын ғана емес, көршілес жатқан аймақтарды да қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін қосымша 3 қондырғы орнату,  қоршаған ортаны бақылау және талдау, көлдердегі браконьерлермен күресу үшін датчиктер қою жоспарланып отыр.

Иә, қазір, паркте камераның көзінен тыс қалу қиын, сондықтан бұрынғыдай тыйым салынған жерлерде от жағып, айыппұлды (10 АЕК) айналып өту мүмкін емес. Бірақ ет қақтап, кәуап жасаудан бас тартқысы келетін туристер қатары аз. Не істемек керек?

Парк әкімшілігі орманда және басқа да рұқсат етілмеген жерлерде өрт шығып кетпеуі үшін пикник алаңдарын салу – ең қисынды әрі оңтайлы нұсқа деп санайды.

Фото: Виктор Федюнин

Сондықтан биылғы демалыс маусымы басталысымен, саябақ аумағында туристердің тұмса табиғатқа зардабын тигізбей демалуы үшін арнайы 35 пикник алаңқайы жабдықталды. Оның 26-сында тамақ пісіруге арналған ошақтар қойылған, олар от жағуға рұқсат етілген арнайы орындар. Міне, туристер осында мәдениетті түрде от жағып, өзінің аспаздық өнерін паш ете алады.

Барлық пикник алаңында үстелдер мен орындықтардан бөлек, өрт сөндіру құралдары, қоқыс төгетін жәшіктер қойылған. Нұсқаулық жазылған ақпараттық тақта да тұр.

Фото: Виктор Федюнин

Бұл барбекю аймақтарына кез келген уақытта баруға болады. Кіру тегін.

«Бурабай даму» ЖШС бас директоры, Нұрдәурен Пернебаев өркениетті экотуризмді дамыту жолында істеліп жатқан осындай игі бастамаларды халық та қолдауы керек екенін айтады: «Өкінішке қарай, туристер кейде тегін тұрған игілікті дұрыс пайдаланбайды. Қоқысты 10 метр жерде тұрған арнайы жәшікке емес, тамақ пісіретін ошаққа тастап кетіп жатады. Біздің қонақтардан сұрайтынымыз: артында қоқыс қалдырмай, тазалап жүрсе деген тілек».

          Адамдардың сауатты демалып, өркениетті сапар құруы үшін де соған сай жағдайлар жасалуы керек. Кей жерлерден қарапайым қоқыс төгетін жәшіктерді табу қиын, бұл, әрине, туристердің де экологиялық жауапкершілігін төмендетеді. Ал аймақта экологиялық із қалдырмай, қоршаған ортаны қоқысқа толтырмай тынығуға мүмкіндік бола тұра, айналаны ластай берсек, тыныш қана үйде отырғанымыз абзал болар…