30Мау

Қарынжарық

Маңғыстаудағы «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығының ұлан-байтақ жерінде ерекше сұлулықтың інжу-маржаны – Қарынжарық ойпаты орналасқан. Керемет пейзаж бен геологиялық ғажайыптары бұл жерді ең танымал көрікті аймақтың біріне айналдырған. Қарынжарық ойпатының сиқырлы сырларына үңілу үшін, әрине, оны көзбен көру керек.  Бірақ алдымен ойпат туралы негізгі ақпарға қанығып алған да артық етпейді.

Фото: Ерболат Шадрахов

Қарынжарық ойпаты Маңғыстау облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Үстірт қорығы аумағында, Қарақия ауданындағы Аққұдық ауылынан шығысқа қарай 24,4 шақырым және Басғұрлы ойпатынан шығысқа қарай 72,2 шақырым жерде орналасқан. Батыстан шығысқа қарай 85 шақырымға созылып жатыр. Шығысында Мұзбел жонымен, батысында өзі аттас шөлмен шектеседі. Ойпаттың солтүстігінде биіктігі теңіз теңңгейінен 210 метр, ұзындығы 17 шақырым Қарамая тауы  тұр. Геологтардың дерегіне сүйенсек, тау шамамен 70 миллион жыл бұрын күшті вулкандық жарылыс нәтижесінде пайда болған.

Үстірттің оңтүстігінен батысқа қарай  аймақтағы ең ауқымды Кендірлі соры жатыр. Сорға Өнере жұрнақ тауларынан ағатын Өнере бұлағы құяды. Бұл жұрнақ таулардың бесеуі ерекше көзге түседі. Ішіндегі іргелес үшеуінің биікті шамамен 116 м, олар халық арасында «Үш ағайынды» аталып кеткен.

Фото: Ерболат Шадрахов

Ойпат Үстірттің өзі секілді Қызыл кітапқа енген көптеген жануарға мекен. Бұл жерден қоқиқаз, құзғын, жыланшы қыран, ителгі, лашын, бүркіт, үкі, дала бүркіті, қарабай, жек, қарабауыр бұлдырық секілді құстарды; қарақұлақ, қарақұйрық, шағыл мысығы, сабаншы, балжегішті секілді сүтқоректілерді ұшырастыруға болады. Сондай-ақ бұл өлкеден бейбіт жайылып жүрген үстіріт арқарларын кездестіресіз.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Қарынжарық ойпаты мен оған жақын  елдімекендер Ақтау қаласынан 350-370 шақырым қашықта жатыр. Оның ішінде Ақтау – Жаңаөзен бағытында 150 шақырым, әрі қарай Қарынжарық ойпатының өзіне дейін 140 шақырым. Қалған қашықтық – ойпат түбінен төбеге көтерілетін жол. Мұндай ұзақ әрі қара жолда қауіпсіз жүру үшін тәжірибелі мамандар басқаратын турмен қыдырған жөн. Үстірттің жыл бойы климаты қатаң болып келеді. Жазы өте құрғақ әрі аптапты, ал қыста боран соғып, жел күшейеді. Ауа температурасы жаз айларында +30 градустан асса, қыста -10 градусқа дейін төмендейді. Сондықтан Қарынжарыққа сапар жасауға ең қолайлы уақыт – ерте көктем мен күз. Жаңбыр жауып тұрған кез болса тіпті тамаша. Жұқа су қабатымен жабылған Кендірлі соры кереметтей көлшікке айналады. Ал ыстықта бұл сордың беті жарылып, түрлі пішімдегі өрнек түзеді. Қарынжарық ойпатындағы әдемі көрініс қашан қарасаңыз да көз қуантады.