26Қаз

Қарақия ойпаты

Азиядағы ең терең ойпат саналатын Қарақия ойпаты – табиғаттың таңғажайыптарына бай Маңғыстау өлкесінің әйгілі туристік орындарының бірі. Ойпат облыс орталығы – Ақтау қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл Қазақстанның ең төмен нүктесі, теңіз деңгейінен 132 метр қашықтықта орналасқан, ал әлемде тереңдігі жөнінен 5-орын алады.

Қарақия ойпаты туристік нысаны келушілерді өзінің ерекше сұлулығымен таңғалдыратын көрініске ие. Ойпат терең тостағанға ұқсайды. Ұзындығы – 85 шақырым, ені – 25 шақырым. Тағы бір ерекшелігі, Қарақия жаңбырдың отаны саналғанымен, шұңқырдың микроклиматы құрғақ. Метеорологтер мұны ойпат түбіндегі ыстық ауамен түсіндіреді. Ойыс жауын бұлтының табиғи генераторы болған дейді ғалымдар. Яғни, жазда ойпаттың үстінде бірнеше шақырымға созылған жауынды бұлттар жиналатын болған. Мұны жерасты бақылаулары мен ғарыштан түсірген жерсерік фотосуреттері көрсеткен.

Ойпат түбі сортаң топырақ пен сордан, өсімдігі негізінен қара жусаннан тұрады.

Қарақия сөзінің көне түрк тіліндегі мағынасына қатысты бірнеше нұсқа бар: «қара құлама», «қара ауыз» немесе «қара көлбеу». Бұл тұста Қарақия ойпатының сипаты «атына заты сай» деуге әбден лайық.

Жергілікті тұрғындар ойпатты «Батыр» деп те атап жатады. Оның да өз себебі бар. Бір кездері ойпатта Батыр деп аталатын тұзды көл болған. Оның ұзындығы – 40, ені – 10 шақырым болған D0%B9%D0%BF%D0%B0%D1%82%D1%8B). Ғалымдар, этнографтар, өлкетанушылар бұл көл қай батырдың құрметіне аталғанына қатысты әлі күнге дейін сөз таластыруда. Бір нұсқаға сәйкес, көлді қоршап тұрған тау шыңдарында Ер Төлеп Әнетұлы деген батыр көп жыл жауынгерлік күзетте болған. Осы маңдағы «Төлеп төбесі» («Төлеп шоқысы») деп аталатын шың, батыр жылқыларын суарған дейтін құдықтары бар тұрақтар соның дәлелі.

Облыс орталығы Ақтау қаласы мен мұнайлы Жаңаөзен қаласының арасын қосатын республикалық маңызы бар автомобиль жолы Қарақия ойпаты арқылы өтеді.

Ойпатты жақынырақ көріп, тамашалаймын деушілерге туристік орынға арнайы жергілікті туристік агенттіктер арқылы немесе кәсіби гидпен бірге баруға кеңес беріледі. Себебі, абайлап жүрмесеңіз, ойпатта саяхаттау қауіпті болуы мүмкін. Маңғыстау құпиясы ашылмаған қырлар, сандығы ашылмаған сырлардың мекені екенінің тағы бір дәлелі, міне, осы Қарақия ойпаты.

Фото: Ерболат Шадрахов