19Қар

Булыойық үңгірі

Үңгірлер – тылсымымен тартып тұратын ерекше туристік орын. Маңғыстау өлкесі де мұндай жұмбақ орыннан кенде емес. Кейінгі кезде ғана ел арасына танылып, тамаша туристік нысанға айнала бастаған Булыойық үңгірі Ақтау қаласынан 350 шақырым жерде орналасқан. 1959 жылы ашылған ол – Үстірттегі ең үлкен карст үңгірі.

Құпияға толы өлкенің қиырында орналасқан бұл үңгірге бару естен кетпес сапар болары анық.

Үстірттің оңтүстік-шығыс бөлігінде, Қарынжарықтан оңтүстік шығысқа қарай 52 шақырымда бір құлама көрінеді. Осындағы ұзындығы 50м, ені 6-15 м, тереңдігі 7 метрдей болатын ойпаттан үңгірге енуге болады. Ойпаттың солтүстік-батыс және оңтүстік бөліктерінде орта сарматтың үңгірлері, ойықтары бар әктастары көрінеді.

Үңгір ұзындығы 15-20 метр, ені 8-10 метр, биіктігі 15-30 метр болатын үш бөліктен тұрады. Бөлмелердің пішіні трапеция тәрізді көлденең қима болып келеді. Төбелері күмбезді, тегіс емес, ал едені тегіс. Үшінші бөліктің түбінде 20х10м көгілдір түсті шағын көлшік орналасқан. Суы тұзды әрі қышқыл, температурасы +10 до +13 градусқа дейін.

Жолы алыс, кедергіге толы болғандықтан, оған кез келген жеңіл көлік жете алмайды. Жол бойы борпылдаған топырақты, батпақ пен лайды, кедір-бұдырлы қара жолды еңсеруге тура келеді. Сондықтан Булыойық сапарына жол талғамайтын көлікпен, тәжірибелі жүргізушімен барған абзал. Сондай-ақ жер астына түсетіндіктен, өзіңізбен бірге ұзын арқан, қолшам және басқа да жабдықтар міндетті түрде болуы керек.

Бір қызығы, үңгірге түсу қайтып шығудан гөрі қиынырақ. Түсуге шамамен 1–1,5 сағат кетсе, көтерілу бар болғаны 30 минутты алады. Келерде, бұл жақта ешқандай байланыс құралы жоқ екенін, мобильді байланыс ұстамайтынын ескерген жөн.

Жалпы алғанда, Маңғыстау жерінде Булыойық тәрізді карст үңгірлер Үстіртте ғана кездеседі. Мәселен, осы үңгірден дәл 10 шақырым жерде Өтебай үңгірі орналасқан.

Фото: Андрей Астафьев