16Қар

Қызылқала қалашығы

Маңғыстаудың тарихын танысам деушілер киелі өлкенің құпиясына қанығу үшін аймақтағы тарихи, мәдени орындарға ат басын бұрғаны жөн. Олар көп, әрі сан алуан. Сонысымен тұтас бір тарихи музейді құрап тұрған Маңғыстау өлкесі таңдандырудан жалықтырмайды. Қазіргі таңда бұл аймақта төрт ортағасырлық елдімекен қалдықтары бар екені белгілі. Соның бірі әрі бірегейі – еліміздегі 100 киелі орын тізіміне енген Қызылқала қалашығы. Ірі сауда-қолөнер қаласы саналған бұл жер тарихи маңызды ескерткіш болып саналады. Себебі зерттеулер барысында қалашықтан сол заманның мәдениетін, экономикасын, шаруашылығындағы ерекшелігін көрсететін жәдігерлер табылған.

Қызылқала қалашығы қайда орналасқан?

Маңғыстау облысы, Шетпе аулынан 20 км солтүстік-батыс бағытта, Ақмыш бұлағының жағасында орналасқан. Басты қалашық екі арнаның тоғысында солтүстіктен оңтүстікке қарай 700 м, ені 400 м созылған. Жалпы аумағы 50 гектарды құрайды.

Шежірелі Қызылқала тарихы

Ірі сауда-қолөнер қаласы саналған бұл жерде алғашқыда керуен сарай болған деседі, кейіннен сырты таспен қоршалып, 13 қарауыл мұнаралы мықты қамалға айналған. Бекіністі айнала қоршай саудагерлер мен кәсіпкерлердің қаласы орналасқан.

Қызылқала қаласында археологиялық зерттеулер жүргізу барысында аумақтан балтық кәріптасы (янтарь), қытай нефриті, үнді және мысыр шынысы, бадахшан көк тасы (лазурит), Жерорта теңізінің маржандары да табылған. Бұл қаладағы қолөнер мен сауда қатынасының кең ауқымын көрсетеді.

Қызылқала – туристік нысан ретінде

Тарихқа көз жүгіртіп, сол заманның атмосферасын сезінгіңіз келсе, осы Қызылқала қалашығына келіп көріңіз.

Археолог Андрей Астафьев ұсынған деректерге сүйенсек, қала екі рет шапқыншылыққа ұшыраған. Оның бір дәлелі ретінде қазба жұмыстары кезінде табылған қару-жарақтарды көрсетеді. Қызылқала қаласы еліміз үшін маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш. Сондай-ақ, ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының бастапқы тізіміне «Жібек жолы» сериялық трансұлттық номинация компоненті бойынша 2012 жылы енгізілген.

Фотоларды Маңғыстау облысы әкімдігі ұсынған.