13Қаз

Тамшалы сайы

Тамшалы сайы – табиғат сыйы. Бұл тамаша туристік нысан Маңғыстауда, Форт-Шевченко қаласынан шығысқа қарай 35 шақырым қашықта орналасқан.

Фото: Фархат Қабдықайыров

Ұзындығы 12 шақырымға созылып жатқан сай Каспий теңізінен басталып, шұратты жартаста аяқталады. Ертеректе сол сай арасымен өзен ағып, жартастан құлаған көрінеді, бірақ бүгінде ондай үлкен ағыс жоқ. Тек жартас жиектерінен төменге тамшылар тамады да, жартастың түбінде тұщы сулы шағын көл қалыптастырады.

Тамшалыдан 3 шақырым жерде Қараған деген шағын ауыл бар, ол бір кездері теңіз сауда жолының маңызды нүктесі болған.

Фото: Ерболат Шадрахов

Тамшалының Маңғыстаудың басқа туристік нысандарынан ерекшелігі, оған қыста да, жазда да келуге болады. Жыл бойы тіршілігі қайнап жатады. Әр мезгілде әртүрлі көрінетін Тамшалы жазда көкорай шалғын шұрат болса, күзде сары түске боялады. Қыстыгүні сорғалаған су сан алуан мұзсүңгілерге айналады, әйтсе де ағыс тоқтамайды. Аяз да түрлі өрнек салып, өз өнерін паш етеді. Осынау табиғаттың төл туындысы аясындағы таза ауа мен мөлдір моншақтай тамшылардың тырсылы бойды сергітіп, жанды жадыратады.

Фото: Ерболат Шадрахов

Бұл шұратта долана, жалбыз, жусан, тұт, қалақай, таңқаурай секілді өсімдіктер өседі. Ал жануарлар әлемінен құстар ерекше көзге түседі, олардың думаны қысы-жазы Тамшалы тіршілігіне мән үстеп тұрады. Мұнда құстардың көп тұрақтауына жәндіктер мен бақа, жылан, өрмекші секілді негізгі азық көзінің көптігі де себеп болуы мүмкін.

Мұнда айдарлы бозторғай, үйторғай, қыс айларында құлақты торғай, дала бозторғайы мекен етеді. Көктем мен күзде сайрақтектес құстар көп кездеседі. Сондай-ақ қараторғай, алаторғай, жадырақ, сұлыкеш торғайлардың бірнеше түрі, шақшақайдың оннан астам түрі осы жерді негізгі тіршілік ортасына айналдырған. Жыртқыш құстардан дала бүркіті, тілеміш, күйкентай, қырғи, тұрымтай сынды ірілі-ұсақты қанаттылар көзге түссе, жаз айларында бөдене, кекілік, көкек, бұлдырықтарды байқауға болады. Жазда су жиналған көлге сутартар құстың үш түрі, үлкен аққұтан, көкқұтан, шүрегей, барылдауық үйректер де келіп қонады. (Қараңыз: https://mangystaumedia.kz/kk/kogam/65687)

Фото: Фархат Қабдықайыров

Халық арасында Тамшалы туралы түрлі аңыз-әңгімелер таралған. Солардың бірі тамшалы жартасының бастауы – Мерет сайы туралы. Аңыз бойынша, осы аймақта атағы шыққан бай болыпты. Өзі халық жадында сақталмаса да, оның ақылына көркі сай жары Меретті Маңғыстау жұрты әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады екен. Бір жылы бай қайтыс болыпты, сол жазда түйір тамшы тамбай, аймақта қуаңшылық болады. Мал-жан қырыла бастайды. Халық күйзеліп, табиғат нәубеті әбден титықтатыпты. Өзі жесір қалса да, бір қауым елдің жапа шеккенін көріп, Мерет бұл тығырықтан шығар жол іздейді. Жусан мен долана қаулап өсетін сол жерде су көзінің болмауы мүмкін емес деп, жігіттерді жұмылдырып, су іздеуге кіріседі. Ақыры дегеніне жетіп, Тамшалы жартасының түбіндегі көлді тауып, халықты бір азаптан құтқарған деседі. Содан бері жартасқа бастайтын сай Мерет сайы деп аталып кеткен екен.

Тамшалыға барам десеңіз, жол талғамайтын көлікпен шыққаныңыз жөн. Ақтау қаласынан діттеген жеріңізге дейін 2,5 сағаттай уақытта жетуге болады.