5Қыр

Дәрігерлік һәм қайраткерлік: Цэзари Тэраевич. Әміре Айтбақин

Еліміздің денсаулық сақтау саласында халықтың шынайы ықыласына бөленіп, құрметін сезінген ақ халатты абзал жандар аз емес. Солардың бірі – Қазақ жерінде ұзақ жылдар қызмет етіп, өзінің жақсы атын қалдырған поляк ұлтының өкілі Цезари Тэраевич (Cezary Terajewicz). Оның есімі бірнеше еңбектерде кезігеді. Ол Вилен губерниясын мекен еткен тегі шлях отбасында 1833 жылы дүниеге келген. 1858-1863 жылдары Мәскеу университетінде оқып, дәрігер дипломын алған Цезари да 1863 жылы орыс отаршылдығына қарсы «Қаңтар көтерілісіне» қатысқаны үшін тұтқындалып, алдымен Тобыл губерниясының Туринск, соңынан Батыс Сібірдің Тара қаласына жер аударылады.

Ал жер аудару уақыты аяқталған соң, кәсіби дәрігерлердің жетіспеушілігіне байланысты 1870 жылы мемлекеттік қызметке тұрып, уездік дәрігер лауазымында Ақмола қаласында жұмыс істейді. Цезаридің Сарыарқа жеріндегі дәрігерлік қызметі тоғыз жылға ұласады. Уездік дәрігер бола жүріп, Тэраевич жергілікті қазақ халқының өмірімен жете танысады. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, елдің алғысына бөленеді.

Цезари 1879 жылы  уездік дәрігер лауазымында Семей қаласына ауысады, шаңырақ көтереді. Өзін ұзақ жылдар көрмеген туыстарының ықпалы ма, әлде өзге себептер түрткі болды ма, еліне жақын болу мақсатында отбасымен Ресейдің Рязан губерниясына қоныс аударып, жергілікті дәрігер ретінде қызмет атқарады.

Империяның еуропалық бөлігінде мекен етіп, туған жеріне жақын өңірде қызмет атқарғанымен Цезаридің ойынан қазақ даласы кетпеген сыңайлы. Ақыры ол 1883 жылы өз отбасымен Өскемен қаласына қоныс аударып, онда ғұмырының соңына дейін өмір сүреді. Дәрігердің Рязанды тастап, Өскеменге келуіне не себеп болды? Мүмкін ауа райы болар? Оның жауабын білмедік.

Өскемен қаласының көрінісі (сол кезең фотосы).

Тэраевич 1888 жылдан бастап қалалық және уездік дәрігер ретінде жұмыс істеген болса, 1900 жылдан бастап Өскемен уезі 1-учаскесінің дәрігері қызметінде еңбек етеді. Тарихи деректер 1898 жылы дәрігер Цезари Тэраевич «штаттағы кеңесші» азаматтық шенінде болғанын көрсетеді.

Тэраевич жұмыс істеген жылдары Өскемен қаласы жүйелі даму үстінде еді. 1868 жылдан уездік қала мәртебесін алған шаһарда араға уақыт сала Ерлер училищесі, Мариин әйелдер училищесі және бірқатар кәсіпкерлік нысан  салынады. Патша үкіметі кезеңінде Шығыс Қазақстан өңірінде саяси көзқарастарына байланысты жер аударылған «халықшылар» мен поляктар көптеп саналатын. Рухани және ұстаным тұрғысынан жақын болғандықтан, Цезари Тэраевич Өскемендегі алғашқы күндерінен-ақ аталған топ өкілдерімен тығыз байланыста болды. Зиялы қауымның бастамаларын қызу қолдап, жергілікті мәдениет ошақтарының, әлеуметтік нысандардың негізін қалауға  ықпал етеді.

Ц. Тэраевич әсіресе саяси айдаудағы танымал ғалым, өлкетанушы, Абайдың досы – Евгений Михаэлиспен етене жақын еді. Өз кезегінде қос тұлғаның бір-біріне деген ерекше құрметі, өткір әзілдері сол кезеңдегі өскемендік зиялы қауымның аузында жүрген.

1896 жылы мүшелерінің дені саяси жер аударылғандардан тұрған «Халықтық білім беру жөніндегі қамқорлық қоғамының» бастамасымен оқырман залы бар Өскемен кітапханасы ашылады. Бұл мекеме – осы күнгі А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы.

Өскеменде оның бекініс болған кезеңінен әскери госпиталь жұмыс істегендігі белгілі. Дегенмен ХІХ ғасырдың 80-жылдарына дейін қалада тұрғындарға арналған емдеу мекемесі болмаған екен. Лазаретте тек әскерилер ғана емделетін. Қолда бар мәліметтерден ХІХ ғасырдың 70 жылдарының басынан қалада тұрақты негізде 1 дәрігер және 1 медбике (акушер қызметін қоса атқарған) ғана жұмыс істегендігін білеміз. Қала тұрғындарына арналған 7 орындық алғашқы емдеу мекемесі тек 1884 жылы ашылады. Ал қаладағы алғашқы дәріхананы саяси жер аударылған Василий Инков ашады.

Цезари Тэраевичтің қызметіне оралар болсақ, ол Өскеменге ауысқан алғашқы күндерінен-ақ жаңа қызметіне белсене кіріседі. Дәрігер жетіспеушілігі жағдайында уезд орталығының өзінде де, одан тыс аумақтарда да жұмыс атқарады. Қаржы тапшылығына қарамастан қалалық емхананың мүмкіндіктерін арттыруға көп күш салады. Уездік аурухананы басқарған жылдары мекемені үлгілі тәртіпке келтіреді. ХІХ ғасырдың 90 жылдарының басында бұрынғы салық инспекторы С. Пузырев өз үйін емханаға тапсырып, емдеу мекемесі мен оның ішіндегі төсек орындарының саны кеңейе түседі.

ХІХ ғасырда қазақ даласында түрлі індеттер жиі таралып отырды Атап айтқанда, 1829-1830 жылдары ел аумағында Хиуадан енген тырысқақ ауруы (холера) кең тарайды. Ал Хиуаға бұл індет Парсыдан жеткен еді. Соның салдарынан қазақ даласының оңтүстік және батыс аймақтарындағы үлкен аумақтарда қауіпті ауру кең етек жайып, тұтас қазақ ауылдары қынадай қырылады. 1848-1849 жылдары елдің оңтүстік аудандарында тырысқақ қайта етек жаяды. Жұқпалы ауру 1871 жылы да бой көрсеткен. 1891-1892 жылдары тырысқақтың кезекті таралымы тіркелген. Өкінішке қарай, қолда бар мәліметтер бұл оқиғалар туралы кең тарқатып жазуға мүмкіндік бермейді, оның үстіне олардың тарихын ашып көрсету мақаланың мақсатына жатпайды.

ХІХ ғасырдың 90 жылдары қазақ даласын қуаңшылық жайлайды. Ақмола, Торғай, Орал, Семей мен Сырдария облыстарында астық тамырына дейін күйіп кетеді. «Сибирский вестник» газеті аталған құрғақшылық салдарынан Ертіс бойында аштық басталғандығы және «негізгі тұтыныс тауарларына бағаның күрт көтерілгендігі туралы» жазған

Өңірде орын алған ауыр жағдай Өскемен уезін де айналып өтпейді. Уезде тырысқақ індеті далалы аймақтарда болған көпестер арқылы таралады. Ауру жұқтырғандар саны өсе түседі.  Ал сол кезеңде тұтас уезде бүкіл халыққа екі-ақ дәрігер ғана қызмет көрсететін. Алпысқа таяған жасына қарамастан, Тэраевич барлық науқасты аралап, оларға дәрігерлік көмек көрсетіп, өз учаскесінде қажетті санитарлық алдын алу шараларын ұйымдастырады. Індетпен күресе жүре Тэраевичтің өзі сүзек жұқтырып, оның салдарын қалған ғұмырының соңына дейін тартады. Дәрігердің сырқаты әсіресе 1901 жылдың қысында қатты асқынады. Бұл туралы уез бастығы: «Жалпы оның жуық арада жазылатындығына үміттенуге бола ма, әлде сырқаты белгісіз уақытқа созыла ма? Мен Тэраевичке көмекке бағыттаған дәрігер Жилинскийдің қысқа уақытта, жұқпалы аурудың пайда болуына байланысты Қарқаралы қаласына жол жүруі керек» деген сұрау-хат жолдаған. Алайда қолда бар мәліметке сәйкес дәрігердің тұмаудан өкпесінің қабынуы асқынып (орыс. гриппозное воспаление легких), соның салдарынан 1901 жылдың 5 мамырында дүние салады. Дәрігер Тэраевич қалалық зиратқа жерленіп, саналы ғұмыры мен білім-білігін халықты емдеу ісіне арнаған тұлғаның бейіті тарихи ескерткішке айналады.

Отбасына келер болсақ, Тэраевич текті әулеттің өкілі болғандықтан сол дәстүрді ұстанып, өз перзенттеріне де сапалы білім, саналы тәрбие берген жан. Түрлі дерек көздеріне сәйкес Тэраевичтен бір ұл және бір қызы болған.  

Жоғары оқу орнында оқып жүрген ұлы әкесі дүние салған жылы туберкулезден қайтыс болады. Ал қызы болса Петербург консерваториясында білім алған екен. Дерек көздерінің жұтаңдығына байланысты отбасы мүшелерінің есімдерін нақты анықтау мүмкін болмады. Бір анығы, Тэраевичтің қазасынан кейін оның жұбайы мен қызы Вилен губерниясына қоныс аударған.

Әміре Айтбақин

Ц. Тэраевич Өскеменде жұмыс істеген жылдары уездің Катон-Қарағай ауылында қазақ халқынан шыққан алғашқы кәсіби дәрігерлердің бірі – Әміре Айтбақин қызмет етті. Бұл екі тұлғаның өзара жақсы таныстығын толық сеніммен айтуға болады. Оған негіз: біріншіден, ол кезеңде өңірде жоғарғы медициналық оқу орнын бітірген дәрігерлер саусақпен санарлықтай болса, екіншіден, қос дәрігер де бір уезде жұмыс істеген.

Әміре Айтбақин. Сол жақтағы суретте – студент кезі

 Әміренің өмірбаянына тоқталар болсақ, ол 1859 жылы (кей деректер бойынша 1861 жылы) сол кезеңдегіСемей облысының Павлодар уезіне қарасты Ақбетті болысының №2 ауылында дүниеге келеді. 1882 жылы Әміре Омбы мұғалімдер семинариясын бітіріп, сол қаладағы әскери прогимназиясына оқытушы ретінде жіберіледі. Ол бұл қызметпен бірге Дала генерал-губернаторының кеңсесінде қазақ тілінің аудармашысы жұмысын қатар алып жүреді. 1884-1887 жылдары Әміре Қарқаралы уезінің бастығы Д.А. Вараксиннің аға көмекшісі қызметінде жұмыс істей жүріп, колледждік асессор шеніне (1886 ж. 15 шілдесінен) қол жеткізіп, 1888-1889 жылдары Семей облысының әскери губернаторы жанындағы арнайы тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметінде еңбек еткен.

Туған халқының түрлі жұқпалы аурулар мен індеттерден зардап шегіп жатқанын көріп, оның ауыр халіне бейжай қарай алмаған Әміре 1889 жылы өзінің екі айлық еңбек демалысын Сібірдің алғашқы жоғары оқу орны Томск Императорлық университетінің медицина факультетіне түсуге жұмсайды. Сынақ емтихандарында білімін көрсетіп, оқуға қабылданған Әміре мемлекеттік қызметтен өз еркімен кетіп, енді бар уақыты мен күш-жігерін білікті дәрігер болуға арнайды. Осы мақсатта оған Павлодар уезі басшысы қаражатының есебінен шәкіртақы тағайындалады.

Университетте алғашында медицина саласын оқып игеру Әміре үшін оңайға соқпайды. Өйткені, 1-курстың өзінде оның жасы отызға таяп қалған болатын. Ол М.Г. Курлов, Э.Г. Салищев, А.И. Судаков, П.В. Буржинский, С.И. Залесский сынды танымал дәрігер-ғалымдардың дәрістерін қызығушылықпен тыңдайды. Аралық емтихандарда жақсы нәтижелерге қол жеткізеді.

4-курста оқи жүріп ғылыми-зерттеу жұмыстарына көбірек көңіл бөле бастайды. Университет жанындағы гигиена институтының басшысы, профессор А.И. Судаковтың жетекшілігімен қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың емдік қасиеттерін анықтауға арналған зерттеу жүргізеді. 1893 жылы Әміренің «Зарарсыздандыру (пастеризация) кезіндегі қымыздың өзгеруі және зарарсыздандырылған қымыздың құрамы» атты ғылыми еңбегі университет студенттері ғылыми жұмыстарының жыл сайынғы байқауында күміс медальді жеңіп алып, ұстаздар ұжымы тарапынан «Университет хабарлары» журналында басуға мақұлданады.

Қымызды зерттеу мақсатында Әміре өзінің туған жері Павлодар уезіне бірнеше рет арнайы барып, жетекшісі профессор А. Судаков ұсынған тәсілмен зарарсыздандыруды жүзеге асырады. Қазақ студентінің ғылыми еңбегі орыс профессорлары М.Попов пен П.Буржинский тарапынан да жоғары бағаланады.  

Оқуын бітіріп, дәрігер дипломына қол жеткізген Әмірені Семей облысы әскери губернаторы А.Ф. Карпов өз бұйрығымен Қарқаралы уездік дәрігері лауазымына тағайындайды. Көп ұзамай, өзінің білімі мен білігінің арқасында Әміренің атағы Қарқаралы, Баянауыл және Семей аумақтарында кең тарайды.

Әміре 1896-1905 жылдары Павлодар уезі 3-учаскесінің, Өскемен уезі 3-учаскесінің, Зайсан уезі 1 және 2-учаскелерінің дәрігері қызметтерінде еңбек етіп, жергілікті тұрғындарға тегін дәрігерлік көмек көрсетумен айналысады. Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауылында жұмыс істеген Ә. Айтбақин елді мекенде амбулатория мен дәріхана ұйымдастырып, іске қосады. Оларға қажетті дәрі-дәрмектердің негізгі бөлігі Өскемен мен Семейдегі дәріханалардан жеткізіліп тұрғанымен, дәрілердің жекелеген түрлері Әміре Айтбақиннің өз қолымен жергілікті шикізаттан даярланады.

Ә.Айтбақин өзі жұмыс істеген өңірлердің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Оның денсаулық сақтау және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты мақалалары мен жазбалары «Дала уәлаяты» газетінде жарық көріп отырған. Айтбақин Семей облыстық статистикалық комитетінің жанында құрылған музейдің қорын байытуға атсалысып, оған құнды жәдігерлерін тарту еткен. Өскемен уезінің Нарын болыстығында 1902 жылы қыркүйекте оқушылар мен ұстаздарға өз есігін ашқан орыс-қазақ мектебін ұйымдастыруға көмек көрсеткен.

Әміре Айтбақин отбасымен бірге

1917 жылы Өскемен қаласына жұмысқа ауысқан ол Ақпан революциясынан кейін емханадағы дәрігер қызметін атқарумен қатар, осы өңірдегі қоғамдық-саяси үдерістерге бел шеше араласқан. Белді әрі танымал дәрігер ретінде Өскемен уезі қазақтарының саяси сауатын ашу бағытында жұмыс істеп, Өскемен уездік басқармасына және уездік атқару комитетіне мүше болып сайланған.

1918 жылы 25 шілдеде Сібір Уақытша үкіметінің билігі тұсында сүзек ауруына шалдыққан Ә. Айтбақин денсаулығының нашарлығына байланысты Өскемен қалалық ауруханасының дәрігері қызметінен босатылып, зейнетке шығарылады. 1918 жылы күзде Айтбақин қысқа уақыт Өскемен уезі земстволық басқарманың төрағасы ретінде жұмыс істеген. Әлі күнге дейін нақты дәлелдерін таппаған мәліметтерге сәйкес, қазақтың алғашқы кәсіби әрі жоғары білімді дәрігерлерінің бірі – Әміре Айтбақин 1919 жылы күзде сүзектен көз жұмған.

Автор: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты

Материалдағы архивтік фотоларды автор ұсынған.