4Қыр

Далалық зерттеу лагері

Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (АСБК) 6-12 тамыз аралығында Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында «Students for Nature Field Camp 2023» аталған далалық зерттеу лагерін ұйымдастырды. Оған Алматы, Астана, Орал және Атырау қалаларының жоғары оқу орындарына 20 студент қатысты. Табиғат қорғау саласында студенттердің әлеуетін арттыруға, жаңа білім мен дағдылар алуға бағытталған «Students for Nature» жобасын АСБК 2022 жылдың қыркүйек айынан бері жүзеге асырып келеді. Жыл бойы Алматы, Астана, Орал және Атырау қалаларының жеті жоғары оқу орнында табиғат қорғау тақырыптарына арналған дәрістер оқылды, қызығушылық танытқан студенттер орнитологиялық экскурсияларға және жабайы жануарларға санақ жүргізу тренингтеріне қатысты.

Дәрістерді көпжылдық тәжірибесі бар жоғары білікті дала зоологтері, қорық пен АСБК зерттеушілері,  National Geographic Qazaqstan мамандары жүргізді. Шараның мақсаты – алдағы жылдары табиғат қорғаушылар қатарына қосылатын жас мамандарды қолдау және олардың дамуына көмектесу. Соған орай, негізгі тақырыбы маңызды орнитологиялық аумақтарды зерттеу және бақылау болған лагерь бағдарламасы Қорғалжын қорығындағы құстарды зерттеуге, мекендеу ортасын сипаттауға, зерттеудің және мәліметтерді өңдеудің әртүрлі әдістерін үйретуге арналған бірнеше тақырыптық бағытты қамтыды. Маршруттар мен су қоймаларындағы құстарды санау, фототұзақтар орнату жұмыстары жүргізіліп, дәрістер және шеберлік сағаттары өткізілді.

Қатысушылар күн сайын таңда шамамен 2,5 шақырым жаяу жүріп, Сұлтанкелді, Есей, Шолақ, Жұмай көлдеріндегі құстарды санады. Осы күндер ішінде құстың 98 түрі, соның ішінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін құстар санаққа ілінді.

«Лагерь маған осы жаздан өте жақсы әсер қалдырды. Әрине, лагерьге келмес бұрын,  алдымен қоқиқазды көргім келген. Бірақ мұнда қоқиқаздан басқа да көптеген құсты көржім.  Сирек кездесетін ақбас үйрек, дала қыраны, сұңқылдақ аққу, қарабай, бұйра бірқазан, сарыалқым аражегіш, бәбісек, үйрек сияқты алуан түрлі құс көрдік. Бізге осында ерекше жерде құстарды зерттеп, табиғатты тереңірек танып-білуге тамаша мүмкіндік бергендері үшін өте ризамын», – дейді лагерь қатысушысы, С. Сейфуллин  атындағы ҚазАТУ  2 курс студенті Анель Мұқашева.

Қатысушылар далалық экожүйелерді зерттеудің қысқаша тарихын,  атқаратын қызметі мен кімдер мекендейтіні туралы мағлұмат алды.  Студенттер мамандардың жетекшілігімен лагерь маңында үш фототұзақ орнатты. Екі күннен кейін фототұзақтың біріне борсық ілікті. Сонымен қатар National Geographic Qazaqstan журналының өкілдері студенттерге табиғат қорғаудың әлемдегі сәтті үлгілері мен тәжірибелерін таныстырып, арнауыл дәріс оқыды. Ал фотографтар Ерболат Шадрахов пен Владислав Якушкин  тұмса табиғатта фото түсіру мен оны жазып-жариялаудың National Geographic журналы қолданатын әдіс-тәсілдері туралы баяндап, кәсіби фотосуретке түсіру бойынша шеберлік сабағын өткізді.

«Нағыз өз ісінің мамандары саналатын орнитологтер бізге құстарды дұрыс анықтауды, санау мен бақылауы жүргізуді үйретті. Біз тек құстарды зерттеумен шектелмей, геоботаникадан да практикалық жаттығулар жасадық. Болашақ биолог-мұғалім ретінде мен үшін өз білімімді тереңдету маңызды. Лагерь барысында игерген дағдылар болашақта өз жұмысымда қолданғым келеді. Болашақта құстарды зерттеп, табиғат қорғау іс-шараларын жүргізсем деген де жоспарым бар», – деп ой бөлісті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 3 курс студенті Мұхаметқали Аяулым.