1Қыр

Кемел білімге ұмтылған кемеміз ортақ!

Биыл еліміздің мектептерінде 3,9 млн оқушы білім алатын болса, соның 382 мыңға жуығы 1-сыныпқа барады екен. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған осы балдырғандар мен оқушыларды, сондай-ақ ұстаздар мен ата-аналарды 1 қыркүйек – Білім күнімен құттықтаймыз!

Біз Ұлы Абай бабамыз айтып кеткендей, «тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озатынын» қазіргідей жаһандық бәсеке заманында анық көріп отырмыз. Сондықтан біздің сөзіміз сіздерге – жас өрендерге арналады. Қай саланың да шыңына шығаратын білімнің іргетасы ең алдымен мектепте қаланады. Алған сапалы білім мен дұрыс дағдылар ертеңгі болашағыңыздың болмысын айқындайды. Бәсеке заманындағы ақиқаттың бірі – осы. Ендеше, біздің оқушыларымыз үшін де әлемдік деңгейдегі білім мен ғылым жаңалықтарына дәл бүгін қол жеткізу айрықша маңызды.

National Geographic журналы сіздерге осы мүмкіндікті ұсынып отыр. Біздің дүние жүзі бойынша 3 мыңнан астам зерттеушіміз көзбен көріп, қолмен ұстаған, фото-бейне дәйектермен расталған әлемдік сападағы ғылыми-танымдық контент ай сайын қазақ тілінде жарық көреді. Журналымыздың әрбір шығарылымында адамзат келешегі үшін аса өзекті заманауи зерттеулер таныстырылады. Оқу бағдарламасына қосымша материал ретінде немесе ғылыми жобаларға пайдалануға болатын бұл тақырыптар оқырманның таным көкжиегін кеңейтетіні анық. Олай болса, «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез!»  – қатарымызға қосылыңыз. Біздің кемел білімге ұмтылған кемеміз ортақ!

Құрметпен,

Еркін Жақыпов