Жергілікті тұрғындар үшін Каспийдің таңы – жай ғана табиғи құбылыс емес, тұтас бір дәстүр. Көпшілік таңғы тіршілігін бастау үшін жағалауға шығып серуендейді, жүгіреді, сезім мен ойдың рақатына батады. Каспийдегі таң – күннің көкжиектен баяу көтеріліп, аспанды жұмсақ қызғылт, қызғылт-сары түстерге бояйтын әсем көрініс. Теңіз алып айнадай жарқырап, жарық пен су өзара ғажайып үйлесім табады. Таңғы тыныштықта жағаға баяу соғылған майда толқындардың дыбысы ғана естіледі.
Каспий – суы тұйық теңіз. Оның тарихы терең болса да, болашақ тағдыры тұманды. Адамзат осынау ғажайып экожүйеден айырылып қалу алдында тұр. Соңғы онжылдықтарда Каспий теңізі елеулі өзгерістерге ұшырап, тартылу қаупі тым күшейіп кетті. Экологтердің пайымдауынша, теңіздің шегініп, оның экожүйесінің бұзылуы – адам әрекеттерінің және климат өзгерісінің салдары.
Теңіз тартылуының алғашқы белгілері
Каспий теңізі ежелден Еуразияның жүрегіндегі тіршілік көздерінің бірі болып саналған. Оның аумағы шамамен 370 мың шаршы шақырымды құрайды. Бұл теңізге 130 өзен, соның ішінде Еділ мен Жайық сияқты ірі өзендер құйып, оның негізгі су қорының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Алайда соңғы онжылдықтарда теңіз деңгейі айтарлықтай төмендеді. Ғалымдардың мәліметінше, 1970-жылдардан бері Каспий суының деңгейі жылына шамамен 6-7 см төмендеп келеді, ал бұл көрсеткіш соңғы жылдары 10 см-ге жетті. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2100 жылға қарай Каспий теңізінің деңгейі 9-18 метрге құлдырап, ол батыс және солтүстік жағалаулардан шегініп кетуі мүмкін.
Теңіздің тартылуының басты себептерінің бірі – климаттық өзгерістер болса, екіншісі – айдындағы, жағалаудағы және су жинау алабындағы өндірістік әрекеттердің белсенді болуы. Жазғы маусымда ауа температурасының көтерілуі булануды күшейтіп, айдындағы судың азаюына әкелуде. Ал қыс мезгілінде қардың, көктем мен күзде жауын-шашынның аз болуы су деңгейінің қалпына келуіне мүмкіндік бермей отыр.
Каспий теңізі мұнай мен газдың мол қорымен танымал. Аймақтағы мұнай өндіру саласы Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Иран және Ресей экономикалары үшін негізгі табыс көзіне айналған. Алайда бұл дәулеттің артында экологиялық қасірет жасырынып жатыр…
Еділ мен Жайық: Тіршілік тамырларының әлсіреуі
Еділ мен Жайық өзендері – Каспий теңізінің өмірлік артериялары. Олар теңізге жыл сайын миллиардтаған тонна тұщы су әкеліп, экожүйесінің тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Алайда бұл өзендердің де тағдыры мәз емес.
Еділ өзені – Каспийге құятын ең үлкен су көзі. Ол теңізге келетін судың шамамен 80%-ын қамтамасыз етеді. Бірақ соңғы жылдары Ресейде Еділ өзені бойында салынған су электр станциялары мен ирригациялық жүйелер судың табиғи көлемін шектеп тастады. Ондай қолдан соғылған құрылымдардың көптігі Еділ арнасының деңгейін күрт төмендетіп, өзеннен Каспийге жететін су көлемін азайтты.
Еуропадағы ұзындығы жағынан Еділ мен Дунайдан кейінгі үшінші өзен – Жайықтың да жағдайы күрделі. Оның жалпы ұзындығы 2428 км (1084 км Қазақстанға тиесілі). Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайық өзенімен ағып келетін су көлемі біртіндеп азайды. Өзен арнасы ластанып, жағалау жиегі бұзылып, биологиялық түрлердің әралуандығы азаюда. Су деңгейінің төмендегені сондай, өзенде кеме қатынасы тоқтады. Жайық су ресурстарының шамамен 80%-ын Ресей Федерациясының аумағында жинайды, сондықтан өзеннің Қазақстандағы экологиялық жүйесінің жағдайы Ресейден келетін су көлеміне байланысты.
Мұнай компанияларының ізі: Каспий экологиясының уы мен шуы
Каспийде мұнай мен газдың өндірісі үстемдік етеді. Әлемдік энергетикалық алпауыттар бұл іске доллармен миллиардтаған қаржы құяды. Коммерциялық мүдделер экологиялық мәселелерден жоғары қойылады. Кен орындарының операторларына «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаның табылмай отырғаны олардың жабық, ешқайда есеп бермей және экологиялық нормаларды сақтамай жұмыс істеуіне әкеліп отыр.
Ластанудың тағы басқа себепкерлері бар. Олар – мұнай платформалары мен мұнай тасымалдайтын кемелер. Апатты мұнай төгілулері, ілеспе газдың жануы және суға құйылатын өндірістік қалдықтар теңіздегі биологиялық алуантүрлілікке үлкен зиян келтіруде. Мұнаймен ластанған судан теңіз жануарлары зардап шегіп, флора мен фаунаға қауіп төнуде.
Әсіресе теңіз жануарлары мен балықтардың тіршілік ортасы үлкен қатерге ұшырайды. Мысалы, 2000 жылдың басында кен орнындардың біріндегі ұңғыманы сынау кезінде мұнай сыртқа төгіліп, содан жарылыс болып, өрт шықты. Сол жылдың көктем-жазында Каспий теңізінде түсініксіз жағдайда он жарым мың итбалық қырылып қалған. Бұл – ресми дерек. Ал тәуелсіз қазақ экологтерінің мәліметінше, қырылған итбалықтардың саны 30 мыңға жеткен.
Одан басқа, әлі күнге дейін тозығы жеткен ұңғымалар бар. Олардың техникалық аудиттен қашан өткенін және оны кімнің жасағаны туралы сұрақ та жоқ, ақпарат та берілмеді.
Теңіздің болашағы бар ма, жоқ па?
Каспий теңізінің экологиялық тағдыры – тек аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі бас ауыртар мәселе. Алайда қазір оған әлем назар аударып отырғаны шамалы. Каспийді құтқару үшін уақыт оздырмай бірнеше маңызды қадам жасау қажет:
1. Суды басқару жүйесін жетілдіру. Каспий бес мемлекетті біріктіреді. Әр ел теңізге өз ережелерін орнатуды, оның және соған ағатын өзендердің ресурстарын өз пайдасына ғана қолдануды қойып, ортақ жұмылатын шешім қабылдау қажет.
2. Мұнай өндірісін экологиялық стандарттарға сай жүргізу. Мұнай платформаларынан қалдықтардың төгілуінің алдын алу және жаңа технологияларды енгізу арқылы ластануды азайту.
3. Климат өзгерістеріне сай бейімделу. Жергілікті тұрғындарды климат өзгерістерінің әсеріне дайындап, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру.
Егер шұғыл шаралар қабылданбаса, теңіз экожүйесі орны толмас зардап шегетіні анық. Бұл жағдайда Каспийдің өзгеше үні мәңгілікке жоғалып, таңғы сәттердің ғажайыбын адамдар тек естеліктерден ғана білетін болады. Бүгінгі әрекет – Каспийдің ертеңгі тағдыры.
Материалды және фотоларды ұсынған Save the Caspian Sea қозғалысы (savethecaspiansea.com)