
Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің орталық көрме залында (Желтоқсан к-сі 137) қазақтың ұлттық ойыны әрі спорты – көкпарға арналған «Ұлы дала ойыны» атты фотокөрме ашылды. Фотокөрменің авторы – Никита Басов.

Көкпар – күш-қуаттың, шеберліктің, топтық жігер мен намыстың, табандылықтың көрінісі. Ол Ұлы даланың рухын нақты бейнелейді.
Әрбір фотография – тек бір сәттің көрінісі емес, эмоциялар мен шабытқа толы бір тарих. Бұл суреттерде көкпар ойынының мәні, ойын тағдыры шешілер маңызды мезеттер мен жан алып, жан беріскен күрес, қақтығыс, тартыс – қым-қуыт дода көрініс тапқан.



«Ұлы дала ойыны» көрмесі – өткен мен бүгінді байланыстыратын мәдени көпір. Никита Басовтың объективі арқылы көрермендер Ұлы даланың рухын сезініп, осы ежелгі ойынды ойнаушылардың бастан кешкен сезімдері мен эмоцияларын түсінеді. Оның фотографиялары ойын динамикасы мен жылдамдығын, күрестің қаталдығын және ұлттық мұраның ұлылығын көрсетеді.



Никита Басовтың осы ұлттық спортымызды мәдени мұра ретінде сақтау мен кеңінен насихаттауды мақсат еткен фотокөрмесін 2025 жылдың 30 наурызына дейін тамашалауға болады.

Қызықты ғылыми-танымдық материалдар оқығыңыз келсе, журналға жазылыңыз. Жаңа нөмір ай сайын үйіңізге келіп тұрады.