17Нау

ЖАЗАБА – АЛТАЙДАҒЫ ЖҰМБАҚ АУЫЛ

Қазақстанның қиыр Шығысындағы ең көркем өңірлерінің бірі – Катонқарағай. Бұл аймақ өзінің таңғажайып табиғатымен, саф ауасымен, мөлдір бұлақтарымен және емдік өсімдіктерімен әйгілі. Шыңында жортқан барысы мен таутекесі және бар. Таңғажайып табиғаттың қойнауында Жазаба деген жұмақ мекен жатыр. Шағын ғана ауыл. Алтайдың қалың орманы мен қарлы шыңдарының арасында орналасқан бұл ауыл тек көркем табиғатымен ғана емес, сонымен қатар, туризмге серпін беретін ерекше жобасымен де ерекшеленеді.

Жазаба жай ғана ауыл емес. Бұл – Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға, экологиялық сананы қалыптастыруға және табиғат аясындағы өмір салтын дәріптеуге бағытталған жаңа бастама. Ауылдың әлеуетін қайта жандандырып, оны сауықтыру және экотуризм орталығына айналдыру идеясы дәл осы жерден бастау алып отыр. Мұнда жайқалған орман, мұнартқан мұзарт шыңдары, бұлақтың сылдыры мен құстардың әуезді үні үйлесім тапқан. Біз айтып отырған ауыл осынау экожүйенің бір бөлшегі іспетті. Дәл осы мекенге жаратқан табиғаттың бар сұлулығын, бар байлығын аямай төге салғандай. Су десеңіз – суы, ну десеңіз нуы бар. Табанның асты емдік шөпке толы. Тек дер кезінде пайдалана біліңіз. Ертеңгі күні туристер де осындай жұмақ мекен іздеп ағылуы әбден мүмкін. Ең бастысы, мұндағы бал – табиғи полифлорадан алынған, шөптері – емдік қасиетке ие, ал ауасы – оттегіге бай. Жазабаға келген әрбір адам өзіне тән күш-қуат алып, табиғаттың құдіретін жан-тәнімен сезіне алары анық.

– Мұндай ғажап жерлерді халық игілігіне пайдалана білуіміз керек. Ол үшін ерекше жоба жасап, ауылдың статусын сақтап қалғанымыз жөн. Яғни, турист тарту қажет. Демалушыларға не керек? Ең әуелі жайлы демалыс орны, пайдалы тамақ. Осының бәрін ұйымдастырсақ, ауылдың ертеңі де жарқын болады, – дейді «Жазаба» жобасының жетекшісі Мұрат Иманбердіұлы

Аталған ауыл Ақсу ауылдық округінің құрамына кіреді. Облыс орталығынан 380 шақырым қашықтықта, Катонқарағай ауданының солтүстік-батысында, Ресей шекарасына қарай қоныстанған. Бергі бетінде Барлық пен Ақсу ауылдары жатыр. Әйгілі «Жанат» бұғы шаруашылығы да осы маңда.

«Жазаба» жобасы жетекшілері ауылды экологиялық туризмнің ошағына айналдыруды көздейді. Бұл тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар сауықтыру және шығармашылық орталығына айналуға тиіс деп есептейді. Сондықтан жобаға қызығушылық білдіріп, инвестор болғысы келетіндерге жер учаскесін бөлу немесе жылжымайтын мүлік сатып алу мәселелерінде құқықтық көмек көрсетіліп, келісімшарт жасалады. Инвестордың қызығушылығына қарай мұнда табиғат аясында тынығу мен ем алудың алуан түрлі мүмкіндіктерін, атап айтқанда: Панто-сауықтыру орталығы, атпен және жаяу туристік маршруттар, қымыз (саумал) және балмен емдеу, жеміс-жидек пен емдік шөп жинау, балық аулау мен аңшылық, қысқы туризм, экологиялық ағарту бағдарламаларын ұйымдастыру ұсынылады. Бір сөзбен айтқанда, жоба табиғатпен үйлесімде өмір сүру философиясын ұстанатын адамдарға арналған. Мұнда келушілер тек демалып қана қоймай, қоршаған ортаны сақтау мен экологиялық сананы дамытуға үлес қоса алады.

Осы тұста жобаға қалай қатысуға болады деген сауал туады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жазаба» жобасына инвесторлар, кәсіпкерлер және табиғатты сүйетін жандар қатыса алады. Мұнда тек демалыс ұйымдастырумен қатар, экологиялық бизнес бастауға да мүмкіндіктер қарастырылған. Жоба аясында кәсіпкерлер дәмхана, панто-сауықтыру орталығы, монша саламыз десе, ұйымдастырушылар құп алады. Алайда әрбір құрылыс нысаны табиғатпен үйлесім табуға тиіс. Сондай-ақ, полистиролбетон және дайын үй жинақтарын өндіру, қиыршық тас өндірісі, түрік тауықтарын өсіретін ферма ашу, нан зауыты мен ет өңдеу цехын іске қосу, тоған шаруашылығын құрып, балық өсіру, көкөніс пен шөп өсіруге арналған жылыжай салу, тауға көтерілуге арналған механикалық құрылғы орнату сынды кәсіп ашуға болады. Айта кетейік, бұл бастаманы жергілікті билік өкілдері де қолдап отыр. Жоспар жүзеге асса, тұрғындары жұмыспен қамтылып, ауылдың жаңа тынысы ашылады, Жазабаға жан бітеді.

Автор: Мерей Қайнарұлы


Қазірлі оқырман, сіз редакциямызға мына телефонға +7 771 149 9144 хабарласып, журналымыздың осы нөмірлерінің кез келгенін немесе төмендегі «ЖАЗЫЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.