1Мау

Марафоншыға миы қалай көмектеседі?

Автор: Тил Баррелл

Марафон бұлшықетке ғана емес, миға да күш түсіреді. Жаңа зерттеулер төзімділік сыналатын жарыстар кезінде ми өз майын энергия көзі ретіне тұтынуы мүмкін екенін, сана қаншалық бейімделгіш бола алатынын көрсетті. Фото: Бен Стэнсолл, AFP/Getty Images


Карлос Матуте жүгірер алдында аяқкиім бауын байлап жатып, ғылыми жаңалық ашамын деп ойламады. Бірақ Басктер елі университетінің нейробиологі қашықтықтарды бағындыра жүріп, өзін «Энергиямыз таусылған соң, есімізді жоғалтпай мәреге қалай жетеміз?» деген сұрақ мазалайтынын байқады. 

Осы қызығушылығы алдағы уақытта берілетін ықтимал жауапқа жетеледі. Матуте Nature Metabolism журналында жарияланған жаңа зерттеуде жүйке талшықтарының майлы қабығы миелиннің адам шаршаған кезде, мысалы марафон сияқты төзімділік сынға түсетін жарыс кезінде энергия өндіре бастайтынын білді. Кейбір басылымдар «ми өзін-өзі жей бастайды» деп, зерттеуді сенсацияға айналдырып жіберген. Бірақ Матутенің айтуынша, барлығы анағұрлым күрделі  және бұл мидың егде жаста да бейімделіп, өзгеріске ұшырап отыратынын айғақтайды.

Миыңыз марафон кезінде май «жағады»  

Матуте мен оның әріптестері зерттеу үшін 10 әуесқой марафоншының миын магниттік-резонансты томография (МРТ) арқылы марафонға дейін және кейін, сонымен қатар тағы бір рет екі аптадан екі айға дейінгі аралықта сканерден өткізді. 

Марафоннан кейінгі екі күн ішінде тексерілген аумақтардың 100-інің 12-сінде миелин деңгейі төмен болды. Бұл бөліктер – қозғалысқа, сенсорлық интеграция мен эмоцияға жауапты, яғни жүгірген кезде жиі қолданылатын аймақтар. Марафоннан екі ай өткен соң миелин деңгейі қайта қалпына келді.

Зерттеу тобы нәтижелердің дегидратациямен (дененің сусыздануына) байланысты емес екенін анықтады. Ми оның орнына миелинді – Матуте «ми майы» деп атайтын, негізінен липидтерден тұратын затты – энергия көзі ретінде пайдаланады. «Қанға глюкоза түспеген кезде, [миға] қолдағы бар нәрсенің бәрін пайдалану керек болады», – дейді Матуте. Ал нейрондар үшін бұл – миелин.

Зерттеуге қатысқандардың жасы 45 пен 73 жас аралығында болды. Бұл дегеніңіз адам миы тіпті қартайған жаста да бейімделуге қабілетті екенін білдіреді. «Марафон жүгіріп өтетін уақытта ми құрылымы осыншама тез өзгеріп үлгереді деп ешкім ойламаған», – дейді Матуте.

Матуте миелин деңгейінің уақытша төмендеуі айқын когнитивтік өзгерістерге әкеледі деп ойламайды. Ол ми миелинді энергия көзі ретінде аз мөлшерде үнемі пайдаланады деп болжайды, бірақ бұл деңгей өте төмен болғандықтан, оны тек марафон сияқты экстремалды жағдайларда ғана анықтауға болады.

Оның айтуынша, уайымдаудың қажеті жоқ. Өзгерістер қысқамерзімді, сосын денсаулыққа пайдалы болуы да мүмкін. «Сіз бәрін,  соның ішінде миелин алмасуын да шынықтырасыз», – дейді Матуте.

Жүгіру миыңызға қалай әсер етеді?

Жүгірудің миға пайдалы екені әлдеқашан дәлелденген. Ол мазасыздық пен депрессияны жеңілдетуге көмектесетін, көңіл күйді реттейтін дофамин, серотонин және норадреналин сияқты химиялық заттардың деңгейін арттырады. Бір кездері эндорфинге телінген әйгілі «желаяқ ләззатын» қарасораның миға арналған табиғи нұсқасы іспетті эндоканнабиноид тудыруы мүмкін.

Шамасы, аэробты жаттығулар да мидың жад пен үйренуге жауап беретін бөлігі – гиппокампта жаңа нейрондардың түзілуіне әсер етеді. Уақыт өте келе, бұл өзгерістер когнитивті қабілеттердің төмендеуінен қорғайды.

Әдеттегі жүгірумен салыстырғанда, марафон жүгіру аз зерттелген, бірақ кейбір зерттеу бұл үрдістердің 42 км-ден аса қашықтықта да сақталатынын көрсетеді. Бір зерттеуде марафоншылардың гиппокампының кейбір аймақтары дені сау адамдарға қарағанда үлкенірек екені анықталған. Аугсбург университетінің дәрігері Астрид Роэның зерттеуіне сәйкес, марафоншылар алты ай бойы аз қимылдайтын адамдарға қарағанда күйзеліс белгілерін сирек көрсеткен және марафон жүгіргеннен кейінгі келесі күні көңіл күйлері жақсара түскен.

Тағы бір зерттеуде Астрид Роэ марафон кезінде мида болатын электрлік белсенділік өзгеретінін анықтаған. Бұл өзгерістер электроэнцефалограмма (ЭЭГ) арқылы өлшенген. Матутенің миелинге қатысты байқаған нәтижелері сияқты, бұл өзгерістер де уақытша болған. «ЭЭГ-дегі үлгілер нейрондар жүйесінде және олардың өзара әрекеттестігінде өзгеріс болып жатқанын көрсетеді», – дейді ол.

Мидың осылай сыртқы әсерлерге бейімделуі нейропластикалық қасиет деп аталады. Астрид тұрақты қимыл-қозғалыс белсенділігі мидың икемділігін арттыруы мүмкін деген тұжырым ұсынады. «Адам бұрыннан белсенді өмір салтын ұстанса, марафон сияқты ауыр жаттығулар мидың бейімделуіне әлдеқайда күшті, не болмаса жақсырақ әсер етуі мүмкін, – дейді ол. – Яғни жүйе мұндай жағдайларға тиімдірек жауап беруге дайын тұрады».

Шамадан тыс жаттығудың миға әсері

Дегенмен мида болатын өзгерістің бәрі бірдей пайдалы емес. Марафоншылар мен ауыр спорт түрлерімен айналысатындар шамадан тыс жаттығудан жиі зардап шегеді, дейді Дикин университетінің профессоры Луана Мейн. «Көптеген спортшы әлі күнге дейін жаттығу неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы деп есептейді», – дейді ол. Алайда жеткілікті демалыссыз ұзақ уақыт жаттығу, әсіресе ауырғанда немесе күйзеліс кезінде, ағзаға шамадан тыс күш түсіреді.


Шамадан тыс жаттығу синдромы жарақат алып қалуға, жұмыс қабілетінің төмендеуіне әкеледі, ал одан толық сауығу бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Бұл миға да әсер етеді. «Көңіл күйдің өзгерісі – жұмыс қабілеті төмендегенге дейін бірінші болып байқалатын белгі», – дейді Мейн. Тым артық жаттыққан спортшылар көбіне ашушаң, қалжырап-қажыған күйде болады. «Олар өмірден ләззат ала алмайды», – дейді ол.

Өз зерттеуінде Мэйн мен әріптестері спортшылар шамадан тыс күш салғанда немесе шамадан тыс жаттыққанда когнитивтік функциялар, әсіресе реакцияның бұзылатынын анықтады. Мэйннің айтуынша, когнитивтік функциялардың әлсіреуіне байланысты адамдар жиі қателесіп, жарақат алу қаупі артады.

Осы когнитивтік әсерлерге назар аудару пайдалы болуы мүмкін. Басқа бір зерттеуінде Мэйн мен әріптестері жаттығу жүктемесінің артуына жүрек соғысының жиілігі мен оттегіні тұтыну сияқты объективті көрсеткіштерге қарағанда көңіл күй мен күйзеліс сияқты субъективті көрсеткіштер әлдейқайда сезімтал екенін анықтады. Реакцияны онлайн ойындар арқылы, ал көңіл күйді күнделік жүргізу арқылы бақылау спортшыларға өздерінің шамадан тыс жаттығып жатқанын дер кезінде аңғаруға көмектеседі.

Зорығып қалмас үшін жаттығу бағдарламасында демалыс пен қалыпқа келуге жеткілікті уақыт арнау керек. Физикалық жаттығудың пайдасы оның ықтимал кемшіліктерінен әлдеқайда басым. Сондықтан Мэйн физикалық белсенділіктен бас тартуға себеп жоқ екенін атап өтеді. Дегенмен шамадан тыс жаттығатын адамдарға «Неғұрлым көп жаттығу әрдайым жақсы бола бермейді, кейде аздың өзі – саз», – дейді ол.

Матуте де бұл пікірмен келіседі. «Егер біреу: «Енді жүгірмей-ақ қойғаным дұрыс па?» деп сұраса, мен: «Жоқ. Егер дұрыс жаттықсаң – жалғастыра бер» деп айтар едім», – дейді ол.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.