100 жыл. 100 тағдыр. 100 портрет. Астанада 29 мамыр күні Қазақстандағы уақыт белестерін, өмір мен ұрпақ сабақтастығын баяндайтын, «Ğasyr» деп аталатын фотосурет көрмесі ашылды.

Бұл – өткен жазда басталған жобаның қорытындысы. Жоба кейіпкерлері – еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын жандар. Біршамасы көрменің ашылу рәсіміне қатысты. Келушілердің ішінде ата-анасын, туысын, немересінің портретін байқағандар да болды.
Фотограф Оспан Әли осы жобаны бастар кезде кейіпкер болғысы келетін адамдар іздейтінін әлеуметтік желіде жариялаған. Сөйтіп ниет білдірген жандарды арнайы барып, суретке түсірген.
«Адам іздеген кезде қарт кісілерді табу қиынға соқты. Бір жағынан бұл күшті уақыт саяхаты болды. Өйткені әрбір адаммен сөйлесесің, екінші жағынан балақайларға қызығасың, жастарға қуанасың, қарттарға қарап өзіңді түзей бастайсың. Ал кейде өзің сол жасқа келіп, сондай күйге түспесем екен деп ойлайсың. Фотоның басты мақсаты – мейлі ол жағымды не жағымсыз болсын, эмоция тудыру», – дейді фотограф Оспан Әли.

Көрмені тамашалауға келгендердің бірі Айдана Ибраеваның әкесінің портреті де ілуі тұр екен. Ол фотопортреттерден алған әсері мен пікірін былай деп бөлісті: «Маған ескі фотоны ұстап тұрған қол көрініс тапқан сурет ұнады. Әріптестерім бұл портреттен сүйіктісінің жас кезіндегі фотосына қарап тұрған ер азаматты көрген болса, мен жас күніндегі суретіне қарап, жастық шағын сағынған қарт әйелді көрдім. Маған бұл сурет өте қатты ұнады, өйткені ол осы сәтте, қазіргі кезбен өмір сүру керек екенін айтып тұрғандай», – деді Айдана Ибраева.
Көрмеде «Qazaq Content» жобасының да туындылары жарық көрді. Онда әр аймақтың фотографтарының жұмыстарын стиль емес, мағына мен ой тереңдігі біріктіреді.
Көрме Астанадағы Forte Kulanshi Art Space галереясында өтіп жатыр. Келіп көрем деушілерге есігі ашық.
Мақала және фото авторы: Алина Еркінбек