11Қар

NATIONAL GEOGRAPHIC PHOTO ARK КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

A veiled chameleon, Chamaeleo calyptratus, at Rolling Hills Wildlife Adventure confronts a camera lens. 061113_s_RollingHills_zoo_06456.jpg

Астана қаласы, 2022 жылғы 11 қараша. – National Geographic Photo Ark – хайуанаттар бағында, аквариумдарда және жабайы табиғат қорықтарында мекендейтін барлық түрді фотоқұжаттау арқылы адамдарды тамсандырып қана қоймай, аң мен құсты болашақ ұрпақтарымызға көрсете алу үшін қорғауға шақырады.

Астанадағы Ұлттық музейде өткен көрменің ашылу рәсіміне Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, медиа-менеджер, 31-арна және бірқатар ақпарат құралының  негізін қалаушы кәсіби журналист Арманжан Байтасов және бірқатар қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты.

National Geographic Photo Ark, бұл – сиреп бара жатқан түрлерді тым кеш болып қалмай тұрғанда фотоға түсіруді мақсат еткен, тайға таңба басқандай айғақты әрі көрнекі жоба. Мұндағы суреттер жай ғана фото емес, жер бетінен мүлдем жойылып кетудің алдында тұрған тіршілік иесінің ғажайып сұлу бейнесін, тіпті көңіл күйі мен жан дүниесін паш ететін портреттер. Оның әрқайсысы да сізді бей-жай қалдырмайды. Тамсандырады, таңдандырады әрі ойлантады.

Сондықтан жоба келешек ұрпақтың танып-білуі үшін архивтік жазбалар жасаумен қатар, оларды сақтау жолындағы платформа болуды көздейді әрі жан-жануарларды қорғаумен айналысатын адамдар мен ұйымдарды да таныстырады.  

«Бүгін KAZMEDIA HOLDING компаниясы ұйымдастырып отырған осы National Geographic Photo Ark көрмесіне асығып жеттік. Өйткені бұл көрменің миссиясының өзі біздің ұлттық дәстүрімізбен үндес.Қоршаған ортаға, жан-жануарларға құрметпен қарау халқымыздың болмысында бар. Көрменің атауының өзі қазақтың «араша» дегенін білдіреді. Яғни, ғасырдың аяғына дейін жоғалып кету қаупі бар жан-жануарлардың фотосуреттерін жұрт назарына ұсынып, араша түсіп отыр», деген Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай National Geographic журналының 6 жылдан бері қазақ тілінде шығып жатқанын да ерекше ризашылықпен атап өтті.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те  Photo Ark жобасының мәніне тоқталып, Джоул Сарторидың осы көрме арқылы алдына қойып отырған миссиясының маңызын атап айтты. «Бұл біздің болашақ ұрпақтарымыз үшін Алланың жаратқан осы жан-жануарлар дүниесіндегі алуан түрді сақтап қалуға бағытталған. Өйткені қазіргі таңда экономиканың шикізаттық даму моделі өзінің шырқау шегіне жеткен сияқты. Біздің мақсатымыз ішіп-жеу ғана ма? Әлде осы әлемдегі керемет сүйкімді, ғажайып, алуан түрлі жаратылыс иелерін сақтап, үйлесімде өмір сүру ме?  Бір сәтке тоқтап, ойлануымыз керек. Джоул Сарторидың жобасы – National Geographic Photo Ark көрмесі осы тұрғыдан аса маңызды», деді министр.

 National Geographic журналы Қазақстанда, қазақ тілінде шыға бастағанда қатты қуанғанын айтқан Арманжан Байтасов өзі де жиі саяхаттап тұратынын, табиғат туралы жазатынын, бірақ онысы әлбетте National Geographic деңгейіне жетпейтініне тоқталды. «БАҚ-тың тағы бір өте маңызды миссиясы бар, ол – құтқару, сақтау, қорғау. National Geographic журналының әуелден-ақ миссиясы – планетамызды сақтау, болашақ ұрпаққа қалдыру. Мен осы журналды Еркін Жақыпов бастаған команда қазақ тілінде шығара бастағанда қатты қуандым. Сіздер ұрпақ үшін аса үлкен іс атқарып отырсыздар және оны шын мәнінде келер буын өте жоғары бағалайтын болады деп ойлаймын. Сондықтан бүгін елімізге әкелген әлемдік  National Geographic Photo Ark  көрмесінің маңызы тіптен зор», деді Арманжан Мерекеұлы.

 Ал National Geographic журналының бас редакторы Еркін Жақыпов көрмені өткізудегі мақсат оқушыларды, жастарымызды, журналистер мен фототілшілерді жеріміздің ғажайып байлығын сақтауға шабыттандыру, осындай маңызды жобаларды қолдауға, жүзеге асыруға жұмылдыру екенін айтып, журналды алғашқы күннен бастап қолдап келе жатқан барша ниеттес достарға, әріптестерге алғысын жеткізді.

Жалпы, Джоул Сарторидың бағалауынша, толық аяқталған National Geographic Photo Ark құстарды, балықтар мен сүтқоректілерді, бауырымен жорғалаушыларды, қосмекенділер мен омыртқасыздарды қоса алғанда, 20 000 түрдің портретін қамтитын болады.

Биологиялық әралуандықтың студиялық сападағы бірыңғай ірі архивіне айналатын National Geographic Photo Ark жобасы адам қамқорлығындағы әрбір түрді фотоқұжаттау жөніндегі мақсатына көбіне-көп Сарторидың әлемнің көптеген хайуанат бақтарымен, аквариумдарымен және қорықтарымен тығыз қарым-қатынаста болуының арқасында ілгерілеп келеді.

National Geographic Photo Ark көрмесі дүние жүзінде, соның ішінде Лос-Анжелестегі Annenberg Space for Photography-де, Испанияның Мадридтегі ұлттық музейінде және Оңтүстік Кореяның Сеул ғылыми орталығында таныстырылды. Көрмелер аясында National Geographic-тің кітаптар сериясы да, соның ішінде «Photo Ark Wonders», «Vanishing» және «Birds of the Photo Ark» joelsartore.com сайтында немесе кітаптар сатылатын орындарда қолжетімді болады. 

Photo Ark туралы және Сарторидің ғаламшарымыздағы биоалуандықты құжаттау, қауіп төніп тұрған түрлерді құтқару және олардың аса маңызды мекендерін қорғау жөніндегі күш-жігерін қалай қолдауға  болатыны жөнінде NatGeoPhotoArk.org сайтынан көбірек біліңіз.

National Geographic осы маңызды жобаны көптеген платформада, соның ішінде Астанадағы Ұлттық музейде 11 қарашада ашылатын көшпелі көрме форматында да ұсынды. 4 желтоқсанға дейін жалғасатын көрмені KAZMEDIA HOLDING компаниясы ұйымдастырып отыр.

Portrait of Joel Sartore by Ellen Sartore.

National Geographic Society – бұл ғылымның, зерттеудің, білім мен көркем баяндаудың қуатын әлем ғажайыптарын таныту мен қорғау ісіне қолданатын жаһандық коммерциялық емес ұйым. National Geographic 1888 жылдан бері батыл адамдар мен жаңғыртушы идеяларға инвестиция салып, зерттеулер көкжиегін кеңейтіп келеді. Барлық жеті құрлықтағы  жұмыс үшін жыл сайын  15 000-нан аса грант бөліп, 3 миллион студентті ағартушылық ұсыныстар арқылы қамтиды және «тәжірибе, тарих және мазмұн»  арқылы бүкіл әлем бойынша аудитория назарын тартады.

Көбірек білу үшін www.nationalgeographic.org сайтына кіріңіз немесе бізге Instagram, Twitter және Facebook-те жазылыңыз.