Коллагеннің түзілуі – шаштың, тырнақтың, сүйектер мен буындардың, сондай-ақ дененің басқа да бөліктерінің саулығы үшін аса маңызды. Бірақ кең тараған коллаген қоспалары өз бағасына татымауы мүмкін.

Жас ұлғайған сайын ағзамызда коллаген өндірісі азайып, тері салбырап, әжім пайда болады. Бұл үдерісті шылым шегу, ультракүлгін сәулелерге ұшырау, сондай-ақ алкоголь мен қантты көп тұтыну сияқты түрлі факторлар жеделдетеді; мұның бәрі коллагеннің түзілуін баяулатады. Қазіргі кезде көптеген компания терінің серпімділігі мен ылғалдылығын арттырады деген уәдемен коллаген қоспаларын жарнамалауда. Алайда бұл тұжырымдарды дәлелдейтін деректер әлі жеткіліксіз.
Фото: Джанлука Колла, Nat Geo Image Collection
Автор: Эмили Сон
Жарнама мен жұлдыздардың пікіріне қарасақ, коллаген – қартаю белгілеріне қарсы әмбебап шешім: тері, шаш, тырнақ, сүйек, буын – бәріне бірдей пайдалы. Бұған сенетіндер аз емес. 2021 жылы адамдар коллаген қоспаларына 2 миллиард доллар жұмсаған. Бұл көрсеткіш әлі де артып жатыр. Алайда мамандардың айтуынша, ғылыми негізделген пайдасынан гөрі коллагеннің жарнамасы озып кеткен.
Кейбір зерттеулер коллагеннің, адам терісіне пайдалы екенін айтса да, әзірге нақты тұжырым жасау қиын. Оның үстіне, мінсіз теріге дұрыс тамақтану мен өмір салтын өзгерту арқылы да жетуге болады. Дерматолог Соня Кенкараның айтуынша, коллаген қоспаларын біреуге ұсынайын не өзі тұтынайын десе, әзірге жеткілікті дәлел жоқ.
Босанғаннан кейін бірнеше ай өткен соң Кенкараның шаш стилисі шаш түсудің алдын алу үшін коллаген қолдануға кеңес берген. «Мен оны қолданған жоқпын, өйткені оның тиімділігін дәлелдейтін нақты деректер жоқ», – дейді Чикагодағы Раш университетінің маманы Кенкара. – Коллаген қабылдайтын көп адамды кездестірдім, бірақ оларға оның пайдасын растайтын ғылыми мәліметтің жоқ екенін жиі айтамын».
Коллаген деген не?
Коллаген – адам денесіндегі барлық ақуыздың шамамен 30 пайызын құрайтын, сүтқоректілерде ең көп таралған ақуыз. Ол тері, бұлшықет, сіңір, сүйек, қан тамырлары, ішек қабырғасы және басқа да дәнекер тіндердің негізгі құрылымдық бөлігі, дейді Кливленд клиникасының Адам тағамтану орталығының диетологі Джулия Зумпано.
Коллаген молекуласы үш аминқышқыл тізбегінен тұратын тығыз ширатылған үш еселі спираль түрінде болады. Бұл құрылым оған беріктік пен қаттылық береді. Ғалымдар коллагенді молекулалық құрылымы мен ағзада орналасуына байланысты 28 түрге бөлген. Кливленд клиникасының мәліметі бойынша, ағзадағы коллагеннің 90 пайызы І типке жатады – ол теріде, сүйектер мен сіңірлерде болады. Басқа түрлеріне қарағанда, І-ден V-ке дейінгі коллаген жиі кездеседі.
Коллаген қайдан пайда болады және не үшін қажет?
Адам ағзасы коллагенді өзі өндіреді, бұл процесті фибробласт деп аталатын арнайы жасушалар атқарады. Коллаген жасау үшін жасушалар аминқышқылдарын біріктіреді, ал бұл үдерісте оларға С дәрумені мен мырыш сияқты қоректік заттар қажет, дейді Зумпано.
Коллагеннің басты міндеті – ағзаға тірек, беріктік және құрылым беру. Ол теріге серпімділік сыйлап, ішкі ағзаларды қорғайды. Сонымен қатар, коллаген қанның ұюына және жаңа тері жасушаларының өсуіне ықпал етеді.
Ағзада коллаген жеткіліксіз болса, бұл үдерістер бұзыла бастайды. Мысалы, Элерс-Данлос синдромы сияқты генетикалық ауруы бар адамдарда терінің шамадан тыс созылғыштығы мен жұмсақтығы, тез көгеру, буындардың тұрақсыздығы сияқты белгілер байқалады. Лупус және ревматоидты артрит сияқты аутоиммунды аурулар да коллагенді зақымдауы мүмкін.
Жас ұлғайған сайын коллагенге не болады?
Адам есейген сайын, ағзада коллагеннің түзілуі баяулап, бұрынғыдан тезірек ыдырай бастайды. Терінің ішкі қабаты – дермадағы коллаген мөлшері азайған сайын, тері босап, әжімдене түседі. Бұл үдерісті тездететін бірнеше фактор бар. Зерттеулерге сәйкес, темекі шегу, алкоголь, ультракүлгін сәуле және қантты көп тұтыну коллагеннің түзілуін төмендетіп, оның құрылымын әлсіретеді. Нәтижесінде тері әжімге көбірек бейім болады.
Коллаген қоспалары деген не?
Нарықта коллагеннің түр-түрі бар, бірақ олар дәрі-дәрмек секілді қатаң реттелмейді. Диеталық қоспа ретінде коллаген АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) тарапынан алдын ала тексеруден немесе мақұлдаудан өтуді талап етпейді. FDA ресми сайтында былай делінген: «FDA-да өнім сатылымға шықпай тұрып, диеталық қоспалардың қауіпсіздігі мен тиімділігін немесе таңбалануын мақұлдау құқығы жоқ».
Коллаген өнімдері сиырдан, балықтан (теңіз өнімдері), тауықтан немесе басқа көздерден алынған болуы мүмкін. Кейбірі коллагеннің белгілі бір түрін – мысалы, I немесе III типін көрсетеді. Ал «коллаген пептидтері» деп жазылған өнімдер – ұзын коллаген тізбектерін құрайтын қысқа аминқышқылдар тізбегі. Қоспалар таблетка, ұнтақ, резеңке конфет (гами) немесе сусын түрінде сатылады.
Диетолог Зумпаноның айтуынша, күніне 2,5-тен 15 граммға дейін коллаген пептидтерін тұтыну қауіпсіз саналады. Алайда ағза тұтас коллаген молекуласын сіңіре алмайды – оны алдымен аминқышқылдарына дейін ыдыратады, кейін оларды ағза қажетіне қарай пайдаланады.
Қоспалардың әсерін растайтын дәлелдер қандай?
Кенкараның айтуынша, коллаген – косметикалық процедураларда теріні толтыру үшін қолданылатын инъекциялардың негізгі құрамдас бөлігі. Алайда ішке қабылдайтын коллаген қоспаларының теріге әсерін дәлелдейтін зерттеу көп емес.
Кейбір зерттеулер коллаген қоспасының теріге оң әсері барын дәлелдеді, дейді Зумпано. Бірақ бұл нәтижелерге де күмәнмен қараған жөн. Мысалы, 2021 жылы жүргізілген тәжірибе барысында Бразилиялық зерттеушілер басым бөлігі әйелдерден тұрған 1125 адамды қамтып, 19 зерттеуді талдаған. Олар коллаген қабылдаған адамдарда әжімдердің азайғанын, терінің серпімділігі мен ылғалдылығының артқанын байқаған.
Алайда Харвард медицина мектебі мен Массачусетс жалпы ауруханасының дерматологтері бұл нәтижелерге басқа да факторлар әсер етуі мүмкін екенін айтады. Себебі зерттелген өнімдердің бәрінде коллагеннен бөлек қосымша қоспалар да болған. Сондай-ақ тері серпімділігі, ылғалдылығы, әжімдер немесе басқа көрсеткіштерге әсерін бағалаған кездейсоқ бақыланатын зерттеулер (RCTs) шағын масштабта жүргізілген. Ал шаш пен тырнаққа қатысты зерттеулер іс жүзінде жоққа тән. «Бұл салада әлі де көп зерттеу қажет», – дейді Зумпано.
Теріден бөлек, кейбір зерттеулер коллагеннің спортшылар мен остеоартриті бар адамдар үшін тізе мен буын жұмысын жақсартуға пайдалы екенін көрсетті. Бұл мәліметтер әлі анықталып, зерттеулер жүріп жатыр.
Мамандар коллагенді табиғи жолмен алудың басқа жолдары бар дейді. Коллаген етте, тауық етінде, балықта, жұмыртқада және сүйек сорпасында көп кездеседі. Зумпано ағзадағы коллаген өндірісін белсендіру үшін С дәрумені, мыс, мырыш және аминқышқылдары пролин мен глицинді тұтынуды ұсынады. Кенкараның айтуынша, қартаюға қарсы теріге арналған кремдердің құрамындағы ретиноидтар коллаген өндірісін арттырады.
Зумпано ағзаның өз коллагенін өндіруі үшін коллагенге бай табиғи тағамдар мен қажетті қоректік заттарды жеуді ұсынады, өйткені «қоспа бәрін емдейді деп айта алмаймыз».