21Қаз

Түркілер мен Шыңғыз хан туралы шындық

XIII ғасырда Еуразия кеңістігінде алып империя құрған, әлем «екінші мыңжылдықтың тұлғасы» ретінде мойындаған Шыңғыз хан – тарихтағы ең құпияға толы тұлғалардың бірі. Сырттай қарағанда, әлемдік тарихнамада Шыңғыз хан туралы жан-жақты зерттеліп, толымды дүниелер көптеп жарыққа шыққандай көрінуі мүмкін. Алайда, ғалымдарды әлі күнге дейін толғандырып жүрген сауалдарға сәуле түсіретін жазбалардың өте аз сақталғаны аян.

Шыңғыз хан және ол құрған империя туралы егжей-тегжейлі жазбаларға қатысты белгілі жазушы Мұхтар Мағауин: «Шын мәнісінде, Шыңғыс хан және ол ғұмыр кешкен заман турасындағы тарихи жәдігер атаулы – саусақпен санауға келмейді. Небәрі үш кітап және жарым-жұрым бірнеше куәлік қана. Теріп айтқанда, Ата-Мәлік Жувәйни жазған «Жихангердің тарихы» және Рәшид-әд-Дин құрастырып, қалыптаған «Жинақты тауарих». Бұл өзгеше екі еңбек Шыңғыс хан тарихын жан-жақты әлі толық құрастырады, дерегі мол және даусыз, нақты. Осы қатардағы тағы бір ерекше мұра – тарихи нұсқадан әдеби эпосқа бейім «Қастерлі шежіре». Бұдан соңғы жарым-жартылар: Нәсәуи жазған, Шыңғыс ханның Сартауыл жорығы турасында шынайы мағлұмат беретін «Жәлел-әд-Диннің ғұмырбаяны», осы кезеңге қатысты біршама ақпар, дерегі бар Ибн әл-Асир мен Жүзжани жазбалары, заманалық енді бір мәнді куәлік – Түстік Қытай елшісі Чжао Хуң қалдырған «Мэн-даның толық сипаттамасы» және дао сопысы Чаң Чуннің «Батысқа саяхаты», деп жазады.

Жоғарыда аталған дереккөздердің ішінде Рашид ад-дин Фазуллах Хамаданидің «Жамиғ ат-тауарих» (Тарихтар жинағы) атты кітабының орны ерекше екені рас.Аталған кітап, Иран мемлекетінің уәзірі, оқымысты-энциклопедисті, әйгілі ғұламасы Рашид ад-дин Фазлуллах Хамаданидің 1300-1316 жылдар аралығында жазған, дүниежүзілік деңгейде «ортағасырлық энциклопедия» деп бағаланатын, жоғары атақ-абыройға ие және тарихи тұрғыдан теңдесі жоқ құнды еңбек болып табылады.

Бұл еңбекте келтірілген деректердің негізі XIII-XIV ғасырларда Иран мемлекетінде хандық құрған Шыңғыз хан әулетінің қазналарында аса құпиялықпен  сақталған Шыңғыз ханның, оның ата-бабалары мен ұрпақтарының ресми тарихы жазылған «Алтын дәптер» мен басқа да дереккөздерден алынған. Бұл туралы Рашид-ад-Дин кітабында бірнеше рет атап өткен.

Рашид ад-динге түркі тайпалары мен оның мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз ханның тарихын жазуға тапсырма берген, Иран елінде патшалық еткен Шыңғыз ханның бесінші ұрпағы Ғазан хан бұл жұмысты атқаруға сол дәуірдің жоғары білікті саңлақ тарихшыларын және барлық ру-тайпалардың ең білгір шежірешілерін жұмылдырған. Тіпті шығыстағы Қытайдан, батыстағы Европадан өте атақты тарихшыларды алдырғаны мәлім. Олардың жұмысын тікелей өзі қадағалап отырған. Ғазан хан өлгеннен соң, ол жұмысты оның туған інісі Олжайту хан жалғастырған.

Аталған еңбек парсылардың ортағасырлық тілдік жүйесіне сай өте көркем шеберлікпен жазылған. Оның соншама керемет, әрі сенімді де құнды болып шығуының басты себебі, Рашид ад-дин Хамадани кітапта келтірген барша деректердің мінсіз де, түсінікті болуына аса қатаң мән бергендігінде. Сол үшін, оқиғалар мен тарихтар жайлы мәліметтерді тек сенімді деп танылған кітаптардан және көпшілікке танымал, беделді де, белгілі адамдардың сөздерінен алып жинақтауға, түрлі халықтардың ауызекі жеткен хабарлары мен деректерін, сол елдердің беделді ғалымдары мен оқымыстыларының көзқарасына сай баяндауға және өзгеріссіз, қоспасыз, түзетусіз жазып жеткізуге, деректерді баяндау кезінде өз қиялынан, әлде өз қалауынан ешнәрсе қоспауға, деректерде келген мәліметтердің шындығын жасырмай ашық баяндауға барынша күш салған.

Сондықтан, Рашид ад-диннің бұл еңбегі дүниежүзілік деңгейде өте жоғары бағаланып, тарихи тұрғыдан теңдесі жоқ құнды жауһарлар қатарынан орын алған. Әйгілі энциклопедист-тарихшы ғалым В.В. Бартольд: «Мұндай еңбек орта ғасырларда әлемнің ешбір халықтарында, Азияда да, Еуропада да болған жоқ» деп пікір білдірген. Орыс ғалымы И.П. Петрушевский  «Рашид ад-дин және оның тарихи еңбегі» деген өзінің кіріспе сөзінде бұл еңбектің кейбір тақырыптарына қатысты бірқатар бұрмаланған түсініктемелер жазған болса да, жалпы еңбектің өзі туралы: «Көшпенділердің этникалық байланыстарын, әлеуметтік өмірін, тұрмысын, құқықтары мен хикаяларын Рашид ад-диннің кереметтей толыққанды және дәлдікпен суреттегені сондай – біз мұндай қолжазбаларды моңғолдың да, қытайдың да немесе басқа бір халықтардың да ешбір дереккөздерінен таба алмаймыз. Шыңғыс хан салтанатының құрылуы және қалыптасу тарихын зерттеу үшін «Алтын дәптер» мен Махмұд Қашқаридің және М.Жувейнидің  деректеріне сүйене отырып жазылған «Жамиғ ат-тауарих» жылнамасы қытайша жазылған «Құпия аңыздан» да құнды, әрі негізгі дереккөзі болып табылады» деп пікір айтқан.

Содан болар, жеті жүз жыл бұрын парсы тілінде жазылған және дүние жүзінің барлық оқымыстылары мойындап, «ортағасырлық энциклопедия» ретінде танылған Рашид ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабын бүгінгі күні бүкіл әлем халқы бұдан ақиқат тарихты  ешкім жазбаған деп санайды.

Дегенмен, бұл кітап  әлем жұртшылығына XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қана танымал бола бастаған. Алғашында француз,  ағылшын, неміс тілдеріне аударылған. Олардың барлығы үзінділер күйінде болған. 1858-1888 жылдары И.Н. Березин өзінің «История монголов» және «История Чингис-хана» деген екі үзіндісін орыс тілінде  жариялаған. Тек 1936-1952 жылдар аралығында ғана СССР Ғылым Академиясының шығыстану институтының ғалымдары «Жамиғ ат-тауарихтың» ташкенттік нұсқасын толығымен орыс тіліне аударған.

Аталған тілдердегі аудармаларды тіл мамандарының көмегімен салыстырып қараған кезде, олардың әртүрлі көшірме нұсқалардан аударылғаны байқалады. Сонымен қатар, олардың барлығында парсы мен араб тілдері әліппесінің өзгешіліктері және түркі тілі сөздерінің парсы тілінде айтылуы мен жазылуындағы өзіндік ерекшеліктерінің сақталмағандығы, сөздерді дәл оқу үшін қойылатын арнайы «замма, фатха, касра, сүкун» деп аталатын белгілердің болмағандығы, әр тілдегі адамдардың аттары мен жер-су атауларының транскрипциясының жазылу ерекшеліктері ескерілмегені мәлім болды. Ол туралы И.П.Петрушевский жоғарыда аталған өзінің кіріспе сөзінде де атап көрсеткен. Сондықтан, аудармалардың мазмұны бір-біріне ұқсамайды, келтірілген деректер мен атауларды түсіну қиындық тудырады.

Осы олқылықтарды ескере отырып, мен парсы әліпбиінің барлық әріптері түгел және сөздерді дәл оқу үшін қойылатын арнайы белгілері толық берілген «Жамиғ ат-тауарихтың» түпнұсқасын іздеуге кірістім. Ізденісім сәтті болды. Біздің талаптарға сай келетін түпнұсқасы Ираннан табылды. Бұл түпнұсқа Тегеран қаласындағы «Ал-Барз» баспасы тарапынан 1994 жылы шығарылған Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабының парсы тіліндегі 4 томдығы. Бұл төрт томдықтың біз үшін аса құнды маңыздылыққа ие бірінші томының көлемі 776 беттен, екінші томының көлемі 765 беттен, яғни жалпы көлемі 1541 беттен тұрады. Сонымен қатар, бұл  нұсқасының барлық беттері де, парсы тіліне тән әріптері де, сондай-ақ қажетті сөздерге қойылатын «замма, фатха, касра, сүкун» деп аталатын арнайы хәрекеттері (белгілері) де түгел.

Оның тағы бір құндылығы, бұл түпнұсқа Рашид ад-диннің көзі тірісінде жазылған асыл нұсқа болып табылады. Ол Тегеран қаласындағы Әдебиет университетінің қоймасында сақтаулы. Бұл нұсқаны оқырмандар өздері көріп, көз жеткізсін деген мақсатта оның факсимилесін де кітаптың аудармасына қосып бердік.

Жоғарыда айтылғандай, ата-бабамыздың төл тарихы жазылған осы «Жамиғ ат-тауарихтың» парсы тіліндегі мәтінін Зәріпбай Оразбай 2016-2018 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық Түркі академиясының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша жасалған арнайы жобаларының аясында алғаш рет қазақ тіліне ешқандай өзгертусіз, сөзбе-сөз аударып шықты.

«Жамиғ ат-тауарихтың» қазақшасы мен орысшасын салыстырып зерттеу барысында оның орысша аудармасында өрескел қателіктер мен бұрмалаулардың орын алғандығы айқындалды. Соның нәтижесінде, түркі тайпаларының тарихы, олар қоныстаған жерлердің, таулардың, өзендер мен көлдердің атаулары да адам айтқызсыз өзгерістерге ұшырағаны мәлім болды. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Ертіс пен  Бұрқан Қалдұн тауларындағы өзендердің алқабын мекендеген түркілердің мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз хан мен оның  руының атауы «моңғол» деп қате аударылып, мұғулдар мен олардың ежелгі көршілері болған керейлер мен наймандардың ата-мекендерінің орындары аудармашылардың қолымен Ертіс пен Бұрқан Қалдұннан бір сәтте Моңғолия жеріне апарылғаны, сөйтіп олар «моңғолға» айналғаны анықталды.

Тарихты бұрмалаушылар осы айтқандармен ғана шектеліп қоймай, сол кездегі көне карталарға өз мүдделеріне сай «қажетті өзгертулер» еңгізіп, Бұрқан мен Қалдұн таулары мен ол таулардан бастау алатын өзендердің, түркі тайпалары мен оның мұғул тармағының мекендерінің орындары мен атауларын сан рет ауыстырғаны белгілі болды. Олардың бұл әрекеттерінің іздерін осы қолыңыздағы мақалада келтірілген немістер мен шведтердің және орыстардың көне карталары мен кітаптарының беттерінен көруге болады.

Түркілердің мұғул тайпасы Ергене қоңға (Ф.Л. Гюссфельдтің картасын қараңыз) соғыс кезінде барып тығылған Қиян мен Нүкуз атты екі адамнан тарайды. «Жамиғ ат-тауарихтың» қазақ тіліндегі аудармасын оқығанда, Шыңғыс ханның он алтыншы атасы Бөрте шина (Бөрте аты, ал шина оның мұғулдың ашина тайпасынан шыққандығын білдіреді) Ергене қоңнан шыққан бірнеше рулармен VIІ ғасырдан бастап қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағында Бұрқан (қазіргі Тарбағатай) және Қалдұн (қазіргі Листвяга) тауларынан бастау алатын Унан (Бұқтырма), Килураң (Қара Ертіс), Туғла (Күршім) өзендерінің бойын мекендегені, жалайыр, керейіт және найман тайпаларымен көршілес тұрғандығы мәлім болды. Оған қоса, Ертістің оң жағалауындағы Қарақұрым алқабындағы Шыңғыс ханның Ұлы Ордасы мен Үгетай қаған салған Қарақұрым қаласының орындары анықталып, тайпалардың, адамдар мен жер-сулардың атаулары дұрыс оқылып, оларға қатысты кітапта келтірілген деректер мен елеулі оқиғаларды дұрыс түсінуге мүмкіндік туды.

карта РоссииСонымен қатар, жоғарыда көрсетілген «Алтын дәптер» мен Шыңғыз ханның Иранда хандық құрған әулетінің қазналарында сақталған басқа да деректердің мұғул жазуымен және мұғул тілінде жазылғаны анықталды. Ал оларды өндеп, олардың негізінде «Жамиғ ат-тауарихқа» кірген түркілер мен оның мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз ханның шежірелері мен тарихын алғаш мұғул тілінде жазып, дайындаған мұғулдың дүрбен руынан шыққан Болат чинсаң екендігі белгілі болды. Сонан соң ғана ол деректерді Рашид-ад-Дин бастаған ғылыми топ өздерінде бар басқа да әлем елдеріне қатысты деректермен қосыпе, парсы тіліндегі «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін жазып шыққан.

Рашид ад-Диннің айтуынша, түркілер мен оның мұғул тармағының тарихының аса білгірі болған бұл Болат чинсаң атты ұлы әмір сол кездері Иран мен Тұран әскерлерінің қолбасшысы,әлем мемлекеттерінің басқарушысы болған. Оны кезінде Құблай қаған Иранға елші етіп жіберген.

Бір өкініштісі, осы айтылған деректер әлі күнге дейін әлем жұртына белгісіз болып келген. Олардың барлығы  «Жамиғ ат-тауарихты» қазақшаға аударған соң жүргізілген зерттеу барысында ғана белгілі болды. Ал, қуаныштысы, түркілер мен оның мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз ханның  бұрмаланған тарихы кеште болса қалпына келді. Соның нәтижесінде, түркілер мен мұғулдардың ажырамас бөлігі саналатын қазақ руларының түрлі себептермен көмескіленген және тіпті ұмыт болған тарихы түгелденді, ондағы ақтаңдақтардың орны толықтырылып, халқымыздың ортағасырларда үзіліп қалған шежіресі ары қарай жалғасып, төрт мың жылдық тереңге кетті.

Сонымен, қазақ ұлтының тарихы үшін аса маңызды осы «Жамиғ ат-тауарихтың» қазақша аудармасында Ұлы далада ғасырлар бойы өмір сүріп, тіршілік еткен халықтардың пайда болуы, олардың түрлі тайпаларға бөлінуі, солардың қатарынан кейіннен қазақ аталған халықты құрған ру-тайпалардың шығу тегі мен даму тарихы, өмірлік салт-дәстүрі мен ата қоныстары, бір-бірімен қарым-қатынасы және ол тайпалардың арасынан шыққан, әлемнің басым бөлігін бағындырып, Ұлы империя құрған даңқты Шыңғыз ханның өмір баяны мен шежіресі, ғасырлар бойы билік құрған оның ұрпақтарының жылнамасы, олардың әлем халықтарының өмір-салтына, әдебиетіне, этнографиясына, мәдениеті мен өнеріне жасаған ықпалы, сол кездері олармен замандас, қанаттас өмір сүрген елдердегі елеулі оқиғалар түпнұсқаға сәйкес және ешқандай өзгертусіз келтірілген.

Түркі тайпалары мен Шыңғыз ханның тарихы туралы дереккөздердің екіншісі, әйгілі парсы тарихшысы Шараф ад-дин Әли Йаздидің 1420-1425 жылдар аралығында Шираз қаласында, парсы тілінде жазған «Зафар нама» атты тарихи шығармасының алғы сөзі болып табылатын, көлемі үлкен болғандықтан өз алдына «Тарих-и жахангир» деп аталған еңбегі. Бұл шығармада негізінен Ұлы даладан шыққан екі Ұлы билеушінің, яғни Шыңғыз хан мен Әмір Темір көрегеннің жақын аталас туыс екендігі, олардың шығу тегі мен тарихы туралы әңгіме етілген.

«Жамиғат тауарих» пен «Зафар нама» ортағасырларда қалыптасқан ерекше жазба стилінде жазылған. Ондағы келтірілген деректер мен оқиғалар өте мол және шашыраңқы болып берілген, оларды есте сақтап, ой елегінен өткізіп, қорытынды жасауға біршама уақыт керек. Осылардың бәрін ескере отырып, «Жамиғ ат тауарих» пен «Зафар намадағы» түркілер мен оның мұғул тармағына қатысты ең маңызды деректерді іріктеп алып, соның негізінде 2020 жылы «Шыңғыз хан» деген кітап әзірлеп, оқырман назарына ұсындық. Аталған кітаптың тусаукесері Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология институтында» өтті.

Автор: Ержан Исакулов, саясат ғылымдарының докторы