16Мау

Динозаврдан да ірі қолтырауын

Автор: Райли Блэк

Мезозой дәуірінің соңында Солтүстік Американың жағалауында өмір сүрген қолтырауынның ежелгі түрі құрлықта да, суда да тіршілік ете алған болуы мүмкін.

Алып қолтырауын Deinosuchus бор дәуірінің сулы-батпақты жерлеріндегі негізгі жыртқыш болды. Мына суретте қазіргі Юта штатындағы Юта штатындағы жыныстардан табылған Deinosuchus hatcheri түрі Rhinorex condrupus деп аталатын үйрек-тұмсықты динозаврды тістеген сәті бейнеленген.
Иллюстрация авторы: Юлиус Т. Цотоnyi / Science Photo Library


Шамамен 75 миллион жыл бұрын Солтүстік Американың ең ірі әрі қаһарлы жыртқышы динозавр емес, қолтырауын болған. Грек тілінде «қорқынышты қолтырауын» дегенді білдіретін Дейнозухтың ұзындығы 10,5 метрден, салмағы бес тоннадан асқан. Сүйекте қалған тіс іздері бұл алып бауырымен жорғалаушының динозаврларды аулап, жегенін дәлелдей түседі. Алайда дейнозухтың қалайша ірі әрі көп тараған жыртқыш болғаны бүгінге дейін құпия болып келді.

Бірақ Communications Biology журналында жарияланған жаңа зерттеу авторлары жұмбақтың шешімін тапқандай. Олар дейнозухтың эволюция шежіресіндегі орнын өзгертіп, бұл жыртқыштың тұзды ортада тіршілік етуге бейім болуы мүмкін екенін дәлелдеген. «Біз дейнозухтыңСолтүстік Американың батпақты жағалауындағы ең негізгі, ірі жыртқышқа қалай айналғанын жақсырақ түсінгіміз келді», – дейді Германияның Тюбинген университетінен шыққан палеонтолог, зерттеу авторларының бірі Мартон Раби.

Қолтырауындар шежіресіндегі жаңа орын

Палеонтологтер дейнозухты зерттеуді 1858 жылы Солтүстік Каролинадан қазып алынған қос тістен бастаған. Содан бері бұл жорғалаушының тасқа айналған тістері, сүйекті сауыттары, бассүйек бөліктері мен қаңқа бөлшектері Мексикадан, Ютадан, Техастан, Монтанадан, Оңтүстік Каролина мен Нью-Джерсиден және тағы басқа жерлерден табылды. Сүйектер Солтүстік Американың ежелгі жағалауындағы 82–72 миллион жылдық қабаттардан табылған. Бор кезеңінде (мезозой дәуірінің соңы) Солтүстік Американың ойпатты батпақтарында және сазды алқаптарында дейнозух олжасының жақындағанын күтіп, жасырынып жататын.


Бұрын палеонтологтер белгілі үш дейнозух түрін аллигаторлар тобына қосып келген. Бүгінде бұл топқа Америка және Қытай аллигаторлары кіреді. Оның үстіне, дейнозухтың жалпақ, дөңгелек тұмсығы қолтырауындарға қарағанда аллигаторларға көбірек ұқсаған. Сондықтан ол ұзақ уақыт бойы аллигаторлардың жақын туысы саналып келді.

Алайда ғалымдар түрлер арасындағы туыстық байланысты қайта қарастырып, өзгерістер енгізді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, дейнозухтар қазіргі аллигаторлар мен қолтырауындардың ортақ арғы тегінен ертерек бөлініп шыққан ежелгі тармаққа жатады. Олардың дене құрылымында екі топқа да тән белгілер болған. Бұл ерекшелік оларды теңізге жақын, тұзды сулы аймақтарда (өзен сағасында, мұхит жағалауында) өмір сүруге бейімдеген. Қазір мұндай ортада тұзды су қолтырауындары тіршілік етеді.

«Дейнозухтың аллигаторға жақын емес екенін анықтағанымыз таңғалдырды», – дейді зерттеу авторы Раби. Ғалымдар бұл ұқсастықтың туыстықтан емес, ұқсас ортаға бейімделудің нәтижесінде – яғни конверген эволюция арқылы қалыптасқанын айтады.

Нью-Йорк технология институтының палеонтологі Адам Коссетт зерттеуге қатыспаcа да, онда қолданылған кейбір әдістерге күмәнмен қарайды. Бірақ дейнозухтың қаңқа қалдықтарында аллигатор мен қолтырауындарға тән белгілердің нәтижесінде жасалған жаңа жіктеудің орынды екенін мойындайды.

Зерттеуші Раби мен оның әріптестері «Дейнозухтың бір-бірінен алшақ орналасқан, сулары әртүрлі Мексика мен Нью-Джерси сияқты аймақтарда тіршілік етуін жаңа жіктеу қалай түсіндіре алады?» деген сұрақ қойды. Себебі аллигаторлар негізінен тұщы суда өмір сүрсе, қолтырауындар тұзды суға төзімді келеді. Ғалымдар дейнозухты аллигаторға қарағанда теңіз қолтырауынына көбірек ұқсаған деп пайымдайды. Ол жағалауға жақын жерді мекендеп, Бор дәуірінің соңында Солтүстік Американы екіге бөлген ежелгі теңізді жүзіп өткен болуы мүмкін.

Алайда кейбір зерттеушілер бұл пікірге күмәнмен қарайды: «Мен дейнозух тұзды суға бейімделген дегенге келіспеймін», – дейді Коссетт. Ол Техаста табылған дейнозух қаңқаларына қарап, оның жағалаудан алыс, тұщы суда мекен еткенін айтады. Юта штатындағы дейнозухтар да тұщы су балықтарымен, жорғалаушылармен бірге табылған, бұл мекендердің теңізден алыс болғанын көрсетеді. Дейнозух негізінен тұщы суды мекендеп, қажет кезде тұзды сулы жерлерден де қорек іздеген болуы мүмкін.

Бұл зерттеуге қатыспаған Бристоль университетінің палеонтологі Макс Стокдейл былай дейді: «Дейнозухтың жағалаудан жиі табылуы тек сол жерлердегі тасқалдықтардың жақсы сақталуымен байланысты болуы мүмкін. Жағалау суреттің бір бөлігі ғана. Дейнозух палеонтологиялық жазбаларда тіркелмеген орталарда да өмір сүрген болуы мүмкін». Сонымен қатар Стокдейл Ніл қолтырауыны мен Америка аллигаторы сияқты тұщысулық түрлердің кейде мұхит аралдарына, тіпті теңізге шыққанын айтып, қазіргі дәлелдермен дейнозухтың шын табиғаты туралы нақты тұжырым жасауға әлі ерте екенін ескертеді.

Алып қолтырауынды қалай өсіруге болады?

Дейнозух әлі толық зерттелмесе де, оның ерекше ірі жыртқыш болғанына еш күмән жоқ. Бұл жыртқыштың қаңқалары көбіне тираннозавр секілді жыртқыш динозаврлармен бір қабатта табылып жатады. Алайда дейнозух ұзын әрі ауыр болған, сондықтан ол өз заманындағы экожүйенің нағыз жыртқышына айналған. Ол тіпті тістеу күшінің қуаты жағынан атышулы тираннозавр рекстен де асып түсетін. Алайда олар бір уақытта өмір сүрген жоқ. Дейнозухтың тіршілігі үшін жеткілікті қорек қажет болды. Сондықтан ол алып етқоректіге қолайлы мекендерде таралды.

«Алып қолтырауын өсіп шығуы үшін екі нәрсе керек, – дейді зерттеуші Раби. – Ерте жастан қарқынды өсу және оны қамтамасыз ететін тұрақты азық көзі». Дейнозухтар тіршілік еткен Бор дәуірінің соңында дүниежүзілік мұхит деңгейі жоғары, ал климат жылы болған. Мұндай табиғи жағдай Солтүстік Америка жағалауының батпақты болуына әсер еткен. Жаңа зерттеу көрсеткендей, осындай сулы-батпақты экожүйелер алып рептилиялардың пайда болуына әкелген.

«Тіршілікке бай сулы-батпақты жерлер мен  азық болатын жануарлардың молдығы – дейнозухтың эволюциясындағы басты фактор», – дейді Раби. Мысалы, шамамен 120 миллион жыл бұрын Ежелгі Африка мен Оңтүстік Америкада өмір сүрген саркозух пен 16–5 миллион жыл бұрын Оңтүстік Америкада тіршілік еткен жалпақ тұмсықты пуруссавр да осындай ортада пайда болған.

Азық – жалғыз фактор емес. «Дейнозухтың алыптығы – қоршаған ортаның тұрақтылығының көрінісі», – дейді палеонтолог Стокдейл. Себебі салқынқанды бұл жыртқыш дене температурасын реттеу үшін күн райына тәуелді болған. Осындай ірі организмнің қалыптасуы үшін табиғи орта ұзақ уақыт бойы тұрақты әрі қолайлы болуға тиіс. Жер тарихында мұндай экожүйелер бірнеше мәрте пайда болған және әр жолы осындай алып жыртқыштардың өсіп-өнуіне жол ашқан. Мұндай жағдай болашақта тағы қайталануы мүмкін.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.